Accessibility links

АҚШ президенті Барак Обаманың ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзі


АҚШ-тың сайланған президенті Барак Обаманың ант қабылдап тұрған сәті. Вашингтон, 20 қаңтар, 2009 жыл.
АҚШ-тың сайланған президенті Барак Обаманың ант қабылдап тұрған сәті. Вашингтон, 20 қаңтар, 2009 жыл.

2009 жылдың 20-шы қаңтары күні АҚШ-тың сайланған 44-ші президенті Барак Обама ел астанасы - Вашингтонда салтанатты жағдайда ант қабылдап, қызметіне ресми түрде кірісті. Сол ұлықтау рәсімінде президент Барак Обаманың ұлтқа арнаған сөзінің толық мәтіні

Қымбатты отандастар!

Мен бүгін сіздердің алдарыңызда біздің алдымызда тұрған міндеттердің ауқымдылығын толығымен сезіне отырып, ата-бабаларымыз жолында құрбан болған жайттарды ескере отырып, маған көрсетілген сенімдеріңізге терең ризашылығымды білдіремін. Мен президент Бушқа елімізге сіңірген еңбегі үшін, сонымен бірге билікті тапсыру кезеңідегі қажыр-қайраты мен ынтымақтастығы үшін алғысымды білдіремін.

Президенттік ант беру 44 американдықтың бағына бұйырды. Олардың сөздерін еліміздің тұрақты даму кезінде де, тыныштық орнаған бейбіт кездерде де естідіңіздер. Айналаны қара тұман тұмшалап, аласапыран заман болғанда да ант берілген уақыттар болды. Сол сәттерде де Америка алға жылжи берді, жоғары лауазымға ие болғандардың басқару талантының арқасында ғана емес, сонымен қатар «Біз, Америка Құрама Штаттарының халқы, алдымыздағы басшылардың идеалдарына, олар негізін салған құжаттарға адалдығымызды сақтағандықтан» солай болды.
Бүгінге дейін солай болып келді. Болашақта да солай бола береді.

Дағдарысты бастан кешіріп жатқанымыз баршаға мәлім. Біздің еліміз күш көрсету мен жәбірлеушіліктің торына қарсы соғыс жағдайында тұр. Ел экономикасы жекелеген адамдардың жауапсыздығы мен тойымсыздығының салдарынан әлсіреп қалған, сонымен бірге бәріміздің халықты жаңа өмірге дайындап, қиын да болса аса қажет таңдауды жасауға дәрменсіздігіміздің де әсері бар. Баспаналардан айрылып, жұмыс орындары қысқарып, кәсіпорындар жабылды. Денсаулық сақтау саласының қызметі қымбат, мектептеріміз өзінің алдына қойған міндеттерін орындай алмауда, әр күнгі біздің энергияны жұмсау тәсіліміз жауларымызға жаңа мүмкіндіктер беріп, планетамызға қауіп төндіріп отырғанын дәлелдеуде.

Мәліметтер мен фактілер дәлелдегеніндей, мұның бәрі дағдарыстың белгілері. Онан да қиыны - бүкіл елдегі халықтың Американың қуаты кемитініне алаңдаушылығы, сөйтіп, келесі ұрпақ өзінің күтетін үмітін азайтып,сенімін қаншалықты төмендеткенін өлшеу тіпті мүмкін емес.

Мен бүгін сіздерге алдымызда тұрған мәселелерді шешуге болады деп айта аламын. Олар тым көп әрі салмақты. Оларды аз ғана уақытта оңай шеше алмаймыз. Бірақ Америка халқы ондай мәселелердің шешілетінін білулері керек.
Біз бүгін үрейді үмітке, жанжал мен алауыздықты мақсат бірлігіне айналдыру үшін жиналып отырмыз.
Бүгін біздер саясатымызды ұзақ жылдар бойы үздіксіз тұншықтырып келген күңкіл-сүңкілдер мен өтірік уәделердің, өзара қырқысу мен ескірген догмалардың соңына нүкте қою үшін жиналдық.

Біз жас мемлекет болып қала береміз, алайда, Өсиетте жазылғанындай, күйректіктен арылатын кез келді. Рухымыздың беріктігін, болашағымызды жақсарту жолында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан: Тәңіріміздің бәріміз теңбіз, бәріміз азатпыз, бәріміз де бақытты болуға тырысуға қақымыз бар деген өсиетін тағы бір дәлелдейтін уақыт келді.

Еліміздің ұлылығын сезіне отырып, осы құдіреттің тегіннен-тегін келмегенін түсінгеніміз абзал. Оған қол жеткізу керек. Біз азға қанағат етіп, жеңіл жолды іздеген ел емеспіз. Бұл жол байлық пен мансапты мақсат еткен, өзінің жан рахаты мен сауық сайранын көздеген, рухы төмен адамдардың жолы емес. Бұл жол қолынан іс келетін, әрекетшіл, тәуекелшіл адамдардың жолы. Олардың бірқатарын ел мойындады, дегенмен, сол кездегі ерлер мен әйелдер атақ үшін тер төкпеді. Солардың еңбегінің арқасында біз осындай азаттық мен гүлденудің ұзақ жолын абыроймен жүріп өттік.

Біздер үшін олар өздерінің аз-маз жиғандарын арқалап, жақсы өмір іздеп мұхит асты.
Біздер үшін олар тер сасыған цехтарда ауыр азапты бастан кешіріп, Батысты бағындырды, арқасына тиген таяққа төзе жүріп, тың жерлерді игерді...

Біздер үшін олар Конкордта, Геттисбергте, Нормандия мен Кхесанда шайқасып, жер құшты.

Бұл жолды бүгін біздер жалғастырып келеміз. Біз дүние жүзіндегі ең дамыған, ең қуатты ел болып қала береміз.Еңбеккерлер дағдарыстан бұрын қалай тиімді жұмыс істесе, қазір де солай жалғастыруда. Біз әлі де тапқыр елміз.Шығарған өнімдеріміз бен қызметтеріміз бұдан бір апта, ай, немесе жыл бұрынғы деңгейінен түскен жоқ. Еңбекке деген құштарлығымыз ерен. Бірақ, жұмысты баяулатып, қас-қағымдық мүдделерді қорғап, жағымсыз шешімдерді орындауды кейінге қалдырған кездеріміз де болды, ол уақыт енді артта қалды.
Бүгінгі күннен бастап, біз өзімізді қолға алып, Американы қайта құруға кірісеміз.

Жұмыс әр адамға табылады. Экономикамыздың қазіргі жағдайы бізден тез әрі нақты қадамдар күтеді.Тек жаңа жұмыс орындары ғана емес, жаңа экономикалық көтерілудің іргетасын қалау үшін осылай еңбек етеміз. Біз бәрімізді біріктіретін және экономикамызды жандандыратын жолдар мен көпірлер, электр желілерін, телекоммуникация жүйелерін салатын боламыз. Біз қоғамда ғылымның өзіне лайық орнын алуына, денсаулық сақтау саласының қызметін арзандатып, сапасын жақсарту үшін ең озық қазіргі заманғы технологияларды қолдануына жол саламыз.

Біз зауыттарымыздың станоктары мен автокөліктеріміздің моторын қозғалысқа келтіріп, жерді де, күн менен желді де өз қызметімізге жаратамыз. Мектептеріміз бен университеттерімізді жаңа дәуірдің талаптарына сай түлетеміз.Мұның бәрі қолымыздан келеді. Бәріне де қол жеткіземіз.

Кейбіреулерге біздің ойымыз шектен шыққандық болып көрінуі мүмкін. Оларға біздің жүйе мұндай ауқымды жоспарларды көтере алмайтындай көрінеді. Онда олар ұмытшақ болғаны. Елдің өткен жолдарында олардың неге қол жеткізгендерін, жүректерінде ортақ іске деген арман мен ержүректілік қосылғанда, азат адамдардың нендей табысқа жеткендерін ұмытуға болмайды.

Бұдан былай аяғының астындағы жердің де бұрынғыдай емес, осыншама уақыт бойы соншалықты ұзақ қолданып келген ескірген аргументтердің де енді күші біткенін ұяты жоқ адамдар ғана түсіне алмас. Бүгін біз өзімізден үкіметіміз соншалықты ауқымды ма немесе шектеулі ме деп сұраудың орнына, ол қаншалықты жұмысқа икемді екендігін білгеніміз, сөйтіп, отбасыларға лайықты жалақысы бар жұмыс табуға көмегі бар ма, денсаулық сақтау қызметтерін керегінше пайдалана аламыз ба, сонымен бірге қартайғанда лайықты қамқорлық бола ма деп сұрауымыз керек.

Осы сұрақтарға оңды жауап бере алсақ, онда алға жылжи аламыз деген сөз. Егер керісінше болса, онда бағдарламаны тоқтату керек. Мемлекет қаржысын жұмсауға жауапты адамдар үнемі бақылауда болып, ақшаның орынды жұмсалуы, жаман қылықтардың жойылуы, барлық істің жарық күнде жүзеге асуы бақыланады – осындай шаралар орындалған кезде ғана халық пен үкімет арасында қажетті сенімділік орнатуға болады.

Нарықтық экономиканың күші қандай - мейірімді ме болмаса, зұлымдық қара күш пе деген мәселе біз үшін болмайды. Нарықтың байлықты асырып, еркіндік шекараларын кеңейтетін қуаты ғажап. Алайда, басқа түскен дағдарыс бізге нарықты бақылап отырмаса, ол қолдан шығып, ырықсызданып, егер тек тасы өрге домалағандарды ғана қолдасақ, одан ұлттың байлығы артпайтынын есімізге салды. Экономикалық даму дегеніміз ұлттық өнімнің жалпы көлемімен емес, сонымен қатар, қоғамның қаншалықты өркендеуімен бағаланады; ол сонымен қатар әркімнің қабілетін ашуға мүмкіндік беру мен алға озғысы келетіндерге, қайырымдылық жасау арқылы емес, жол ашуға тигізген көмегімізге тікелей байланысты, бұл жалпыға ортақ игілікке жететін ең сенімді жол.

Қорғаныс қабілеттілігі мәселесінде біз жалған альтернативаны: қауіпсіздік немесе идеалдарды жоққа шығарамыз.Негіз салушы-әкелеріміз, қауіптілікпен бетпе-бет келе жүріп, бізге Адам құқығы мен заңдардың үстемдігін дәлелдейтін Хартияны қалдырды, бұл Хартия шынымен де бүкіл бір ұрпақтың қанымен жазылған. Сондағы айтылған идеалдар күні бүгінге дейін ескірген жоқ. Бізді бүгін көріп отырған әлемнің астаналары мен менің әкем өмірге келген кішкене ауылға дейін, әлемдегі барлық халық пен мемлекеттер білуі тиіс: Америка – кез келген елдің досы, бейбіт және лайықты болашаққа ұмтылған кез келген әйелдің, кез келген еркектің және әрбір баланың досы, біз әрқашан осы ұстанымымызды қорғауға әзірміз.

Естеріңізде болса, біздің әкелеріміз бен аталарымыз фашизм мен коммунизмді тек танкінің күшімен ғана емес, өздерінің мықты одақтастарымен және нақты ұстанымдарымен жеңді. Олар күштің жеке дара қорған бола алмайтынын және оны қалай болса солай, қалауынша қолдана алмайтынын түсінді. Олар егер күшті байқап жұмсаса, біздің құдіретіміз артатынын білді және де ісіміздің әділдігі, күшіміз, адалдығымыз бен тектілігіміз– біздің қауіпсіздігіміздің негізі екенін білді.


Біз бұл мұраны сақтаймыз. Бұрынғыдай, ұстанымдарымызбен қарулана отырып, бізден ерекше күш-жігерді, халықтар мен мемлекеттер арасындағы өзара түсіністік пен қарым - қатынасты талап ететін қарсы күштерге төтеп бере аламыз. Біз өте сақ және жауапты түрде Ирақтан әскерлерді шығарып, Ауғанстанда бейбітшілік орнатудың қиын жолына кірісеміз. Ескі достарымызбен, бұрынғы жауларымызбен бірігіп, ядролық қауіпті азайтуға, әлемдік жылыну үрдісіне қатысты күресімізді жалғастыра береміз. Өзіміздің өмірлік салтымыз үшін ешкімнен де кешірім сұрамаймыз. Егер кімде –кім қарулы күшті арттырып, террорды ұйымдастырса, кінәсіз адамдардың өлімін көздесе, оларға айтарымыз бір сөз: Біздің сендерге қарағанда рухымыз күшті. Бізді сындыра алмайсыңдар. Бізбен күресуге шықсаңдар, жеңіліске душар боласыңдар.

Біздер өзіміздің басты байлығымыз әлсіздік емес, күш екенін анық түсінеміз. Біздер дегеніміз– христиан, мұсылман, иудей, индус және дінге сенбейтін ұлттар. Біздерде дүние жүзінің бүкіл түпкірінен әкелінген барлық тілдер мен мәдениеттердің ықпалы бар.Азамат соғысы мен қара нәсілділерді бөлектеп, шеттетіп қанаудың барлық қиындығына төзген біздер бұл қиындықтан бұрын- соңды болып көрмеген күш алып, бірігіп, шыңдалып шықтық.. Бұрынғы жеккөрушілік ерте м,е кеш пе жоғалады, тайпалық ерекшеліктер жойылады, әлем алақандағыдай топтасады, сөйтіп, адам баласының бірлігі нығаяды, Америкаға әлемдік жаңа эра ашу мүмкіндігі туады.

Дүние жүзі мұсылмандарына өзара татулық пен мүдде бірлігіне негізделген жаңа жол іздейміз деп уәде етеміз. Жанжал өршіткісі немесе Батысты кінәлағысы келгендерге айтарымыз: өз халықтарыңыз сіздерді өз құралдарымен жазалайды. Ал билікті жемқорлық пен өтірікпен ұстап тұрғысы келгендерге айтарымыз: сіздер тарих бетінен өшесіздер, егер жұдырықтай жұмылсаңыздар, онда біз көмек қолымызды ұсына аламыз.

Кедей елдердің халқына жері бай, суы таза, өздері тоқ болуы үшін және де ойланып толғануларына ой тастау үшін бізбен бірігуге кеңес береміз. Ал біздің еліміз сияқты тоқшылықта өмір сүріп жатқан елдерге айтарымыз: шекарадан аулақ жатқандардың басына түскен қиындықтарға бей-жай қарамайық. әлемдік ресурстарды байқап пайдаланайық. Әлем өзгерді, енді біз де өзгеруге тиістіміз.


Алдымызда жатқан жолға қарап, осы сәтте алыс шөлдер мен тауларда міндетін өтеп жүрген америкалықтарды ризалықпен еске алайық. Олардың да бүгінгі күнде Арлингстон бейітінде жатқан батырларымызбен бірге айтары бар. Біз оларды тек біздің азаттығымызды қорғағаны үшін емес, сондай-ақ, елге қызмет етудің үлгісін көрсетіп, өмірдің мәнін іздегендері үшін құрметтейміз. Сонымен бірге қазіргі сәт ұрпақтар үшін шешуші сәт болғандықтан, бәрімізді де шабыттандыруы тиіс.

Үкімет не істесе де, қорытындысында Америка халқының сенімі мен тәуекеліне бас ұрады.Дамбы жарылып, судан жапа шеккен бөтенді үйіне паналататын адамның, достарының жұмыссыз қалмауы үшін өзінің жұмыс сағатын қысқартудан тайсалмайтын ержүрек жұмысшылар мен қызметшілердің мейірімділігі– міне, осындай адамгершілік қасиеттер қиын кезеңнен алып шығады. Жалаңдаған от пен қалың түтін арасынан баспалдаққа көтерілген өрт сөндіруші ерлігі, ата – ананың балаларын өсіру мен тәрбиелеуге бар күшін салуы – түптің түбінде осы қасиеттер.

(Қазақшаға аударған - Гүлжанат Шәймерденқызы, Азаттық радиосы.)
XS
SM
MD
LG