Accessibility links

Босқын-салафиттер чех полициясына өз еріктерімен берілді


Нұрғалиевтер отбасы босқындар лагерінің қабылдау орталығына келе жатыр. Вышни Лхоты, 1 ақпан 2009 ж.
Нұрғалиевтер отбасы босқындар лагерінің қабылдау орталығына келе жатыр. Вышни Лхоты, 1 ақпан 2009 ж.

Діни сенімдері үшін қуғын көріп, Қазақстаннан 2006 жылы қашқан басқа да бірнеше ондаған қазақ босқындары сияқты Нұрғалиевтер отбасы да Чех жерінен шығарылуы мүмкін. Босқын мәртебесін сұраушылар тығырыққа тіреліп отыр.

Ерлі-зайыпты Самат және Гүлфара Нұрғалиевтер Батыс Қазақстаннан 2006 жылы қашқан болатын. Олар Қазақстанда діни сенімдері үшін қуғын көргенін айтып, саяси баспана сұрап соңғы 3 жылдан бері Чехия елінде тұрып жатыр.

Айнұр, Елеуғали, Ясин, Хамит атты 4 баласы бар Нұрғалиевтер отбасы Брно қаласындағы қайырымдылық ұйымы берген жатақханада тұрып келді.

Қазақстан билігі оларды салафиттер дейді. Салафи - Исламдағы бір ағым. Босқындар болса өздерін “Тура жолдағылармыз” деп отыр.

Қазіргі кезде олардың құқықтық мәртебесі күрделі күйде тұр. Себебі, осы кезге дейін олардың босқын мәртебесін сұрап берген өтініштерін чех өкіметі 3 рет кері қақты.

Чехтың ресми тілінде бұл үдеріс “негатив” деп аталады. Бірінші “негативті” олар Чех полициясының шетелдіктермен жұмыс жөніндегі департаментінен, ал екіншісін - жергілікті соттан алған болатын. Ал егер жоғарғы деңгейдегі сот та босқын мәртебесін беруді сұраған
Қазақ босқынының паспортына оны елден кетіру туралы чех полициясының қойған белгісі. Босқынға жаңа құжаттар жинақтауға 8 күн уақыт беріледі.
адамның өтінішін кері қақса, онда ол соңғы - үшінші “негатив” болатындықтан, босқындар Чех жерін тастап шығуға тиіс болады. Тіпті, олардың Чехияда туылған балаларының да мұнда тұруына ешқандай заңды негіздері жоқ.

Осылайша, дәл қазір чех өкіметінен 3 рет «негатив» алған Нұрғалиевтар отбасы кез-келген сәтте бұл елден қуылуы мүмкін. Гүлфара Нұрғалиева жағдайды былайша түсіндіреді:

- Біздің кіші ұлымыз Хамит дүниеге келген кезде, алғашқы 30 күн ішінде чех ресмилері оған алғашқы “негативін” берді. Содан кейін оған дәл сондай қос “негатив” жарияланған болатын. Чех билігінің түсіндіруінше, жаңа туылған сәби Қазақстанда ешқандай қысым көрмеген.

Нұрғалиевтер отбасы үшін 2-ші ақпанда үшінші “негативтің” де мерзімі бітті. Сол күннің қарсаңында олар елдің Польшамен шекарасындағы шетелдіктермен жұмыс жөніндегі полиция бөліміне өз еріктерімен барып берілді.

Олармен бірге сол жерге Азаттық радиосының тілшілері де барған еді.

Ақпанның 1-і күні таңертең қар жауып тұрды. Брно қаласындағы көп уақыттан бері жөнделмеген, үш қабатты ескі жатақхананың ішкі ауласында босқындардың балалары ойнап жүрді. Сәлден кейін отбасы мүшелері таңғы ауқатын ішті де, жиналып, жолға шықты. Көлік
жүргізуші де босқын еді. Оған көлікті өзі жүк тасуға жалданып жұмыс істейтін жергілікті фермер берген көрінеді. Олар жол бойы чех үкіметі бюрократиясымен байланысты өз проблемаларын айтумен болды.

Брно қаласынан босқындарға арналған чехиялық лагерь орналасқан Вышни Лхоты ауылына дейін шамамен 3 сағаттай жүру керек. Десе де құжаттар машақатымен жылдар бойы шапқылап жүрген қазақ босқындары өздерін өте байсалды ұстай білді.

Нұрғалиевтер отбасы босқындар лагеріне жеткен кезде, шетелдіктердің ісімен айналысатын полиция өкілі қазақ босқындарына дөрекі жауап берді.

Қабылдау бөлмесінде ортасында үстіне орындықтары төңкерілген үстелдері бар екі кішкентай бөлме болды. Бөлмелердің біріндегі бұрышта балаларға арналған ойыншықтар жатты. Самат Нұрғалиев чех билігінің салафит-босқындарға қатысты қарым-қатынасы нашар екенін айтып шағымданады:

Нұрғалиевтер отбасы өз өтініштеріне қатысты қандай жауап болатынын күтуде. Вышни Лхоты, 1 ақпан 2009 ж.
- Жаңа біз келгенде осында отырған украиндық әйелді өзінің көрдіңіз ғой, ол осы жерде үш сағат аяғынан тосылып тұрды. Полицейлер сіздерді көре салысымен, басқаша әрекет ете бастады. Алдында олар бізді қайтадан көре сала қолдарын бір сілтегеніне өзіңіз куә болдыңыз. Оларға біз адам емес сияқтымыз, бізге адами тұрғыдан қарамайды. Тек журналистерді көре сала бізбен бірден басқаша сөйлесе бастады.

Нұрғалиевтер отбасының құжаттары рәсімделіп жатқанда, полиция оларды қабылдау бөлмесінде 4 сағаттан аса күттірді. Кейбір босқындар өз жағдайларына қатысты жауап алу үшін мұнда 7-10 сағаттан отырады.

Бір таңқаларлығы, әрқилы жағдайға көндігіп қалған қазақ босқындарының балалары ұзақ уақыт өтсе де өте ұстамдылық танытты. Тек екі жасар Хамит қана ұзаққа созылған кернеулі жағдайдан мезі болып, арасында мазасызданды.

Чехия үкіметі кез-келген уақытта Нұрғалиевтар отбасын елден күштеп шығарып жіберуі мүмкін. Мұндай қауіп басқа да 199 қазақ босқынының басына төніп тұр.

Чехияның ішкі істер министрлігі мен сот билігі 2010 жылы ЕҚЫҰ-на төрағалық ететін Қазақстанда діни сенім-нанымына байланысты адамдарды қудалау жоқ деп санайды.

Вышни Лхоты ауылындағы босқындар лагері. 1 ақпан 2009 ж.
Бұл босқындарды Қазақстанда салафиттер деп атайды. Адам құқығын қорғаушылардың айтуынша, олар өз елдеріне барса, түрмеге жабылулары мүмкін.

Азаттық тілшілері босқындардың материалдық жағдайларын да сұрастырып көрген еді. Жергілікті тұрғындар оларға жұмыс береді екен. Олардың біразы фермаларда, құрылыста еңбек етуде. Кейбіреуі ет өнімдерін өндірумен айналысады екен.

- Чехтар бізге сенім артады. Себебі, олар біздің сапалы, тез және адал еңбек ететінімізді біледі, - деді Самат Нұрғалиев.

Сенбі, ақпанның 7-інде, босқын салафиттер Чехияның астанасы Прага қаласының орталығында наразылық шарасын өткізбекші.

Қазақ босқындарының тағдыры қалай шешілер екен?

Оны уақыт көрсетеді.
XS
SM
MD
LG