Accessibility links

Чехия ондаған босқын-салафитті күштеп қайтаруы мүмкін


Қазақстан азаматы Самат Нұрғалиев пен оның 2 жасар ұлы босқындарды қабылдау орталығында. Вышни Лхоты ауылы, 1ақпан, 2009 жыл.
Қазақстан азаматы Самат Нұрғалиев пен оның 2 жасар ұлы босқындарды қабылдау орталығында. Вышни Лхоты ауылы, 1ақпан, 2009 жыл.

Үш жыл бұрын Чехияда Батыс Қазақстан мен Алматыдан барған ондаған отбасы пайда болды. Өздерінің діни көзқарастары үшін қуғын көрген олар 2006 жылы бассауғалап қоныс аударыпты. Адам құқын қорғаушылар отанында оларды түрме күтіп тұр деп ескертеді.



ЧЕХИЯ БИЛІГІНІҢ ТАБАЛДЫРЫҒЫН ТОЗДЫРУМЕН ӨТКЕН ҮШ ЖЫЛ


2006 жылы әртүрлі уақытта, әрқилы жолмен Қазақстаннан қашып, Чехияға жеткеннен кейін бұл адамдар осы елдегі түрлі қалалар мен ауылдарға шашыраңқы түрде қоныстанған. Алғашқы лекпен келген 25 босқынға «халықаралық қорғаудағылар» мәртебесі берілген, яғни олар саяси босқын деп танылған. Бірақ қазір Чехия билігі Батыс Қазақстаннан келген ондаған салафиттерге ондай мәртебе беруден бас тартып отыр.

Осы топтағы белсенділердің бірі Қайрат Досметов Азаттық радиосына берген сұхбатында Чехияда өткізген үш жылдың ішінде босқындардың басым көпшілігінің İшкі істер министрлігі мен екі деңгейдегі сот орындарына берген арыз-өтініштері қанағаттандырылмағанын айтты.

Ол адамдардың көпшілігінің ешқандай мәртебесі жоқ, олар ауық-ауық өздерін осы елден күштеп кетіру туралы шығарылған бұйрықтарды өзгертуге күштерін сарп етіп жүр. Ондағы мақсат - өздеріне халықаралық қорғау мәртебесін беруді сұрап қайтадан жазатын арыз-өтініштеріне жаңадан құжаттар жинастыру үшін азғантай уақыт ұту.
Қазақ босқынының паспортындағы депортация туралы белгі, жаңадан құжат жинауға 8 күн ғана уақыт беріледі.

Бұл туралы Хамит Нұрғалиев, Қуаныш Кәменов, Дарбия Ниязова және Қайрат Досметов есімді төрт босқын Прагадағы біздің орталық редакциямызға келіп, өз бастарындағы жағдаймен бөліскен соң мәлім болды.

Олар өздерін сандалтып қойған бюрократиялық сөзбұйдалықтың кесірінен еңбектері далаға кетіп жатқанын қынжылыспен баяндайды: әртүрлі орындардан аяқ тоздырып жиған құжаттарды өткізген мекеме бұлардың арыз-өтініштерін қанағаттандырмау туралы шешіммен бірге паспорттарына «елден кетірілсін» деген бұйрықты қоса жапсырады. Тек босқындар орталығының қабылдауына берілген жаңа өтініштен кейін ғана ол бұйрықтың күші жойылады.

Дәл қазір бұл адамдардың құқықтық мәртебесі қыл үстінде тұр, олардың көпшілігінің саяси босқын мәртебесін беруді сұрап екі мәрте жазған өтініштері екі рет қанағаттандырылған жоқ. Бірінші жолы – шетелдіктер ісі жөніндегі полициядан, екінші жолы – жергілікті соттан олардың беті қайтты. Ал егер енді үшінші рет – жоғарғы деңгейдегі сотқа берген өтініштеріне тағы сондай жауап алса, онда ол адам Чехия аумағынан кетуі тиіс.

Астанада салафиттер деп атап кеткен 205 қазақстандық азаматтың басына қазір дәл сондай қауіп төніп тұр. Чехияның сот орындары мен İшкі істер министрлігі 2010 жылы халықаралық демократиялық ұйым - Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымын басқарғалы отырған Қазақстанда адамдарды діни көзқарасына бола қудалау деген түбірімен болмайды деп санайды. Ал өздеріне саяси мәртебе беруді сұраған босқындар амалсыз күйде. Адам құқығын қорғаушылар бұл адамдардың өз Отанында түрмеге қамалатынын ескертеді. Расында, бұлардың кейбіреулері осыдан үш жыл бұрын түрмеге түсе жаздап, қашып құтылған.

Әйткенмен, Чехия билігі оларға халықаралық қорғау мәртебесін беруден бас тарту туралы шығарған шешімінде, тіркеуде жоқ дәл осы фундаменталистік ислам қауымдастығының мүшелеріне Қазақстанда ешқандай қауіп-қатер төнген жоқ, ал арнайы қызметтер тарапынан болған қудалау жайттарын қызмет бабын асыра пайдалану мен пара беруге мәжбүрлеудің жекелеген көріністері ретінде қарастырған жөн, ондай жайттар демократиялық елдерде де бола береді деген ұстаным айтып отыр. Сондай-ақ, егер бұл адамдар кері қайтарылған жағдайда оларға елінде ешқандай қауіп жоқ, Қазақстанда оралған адамдарды қайта қабылдаудың игі тәжірибесі қалыптасқан, Қазақстан ешкіммен соғыс жағдайында емес деп санайды Чехия билігі.
Қазақстандық босқындар (солдан оңға қарай): Қуаныш Кәменов, Қайрат Досметов, Хамит Нұрғалиев және Дарбия Ниязова. Прага, 22 қаңтар, 2009 жыл.


Мәселен Градец Кралов қаласындағы аймақтық сот 2008 жылдың 4 тамызында үш босқынның İшкі істер министрлігінің өздеріне халықаралық қорғау мәртебесін беруден бас тартқаны үшін осы министрлікке қарсы түсірген талап арыздарын қанағаттандырмай тастады. Алғашқы сатыдағы сот арызданушылар Қазақстанда олардың қауымдастығының мемлекет тарапынан мақсатты түрде ұдайы қудалауға ұшырағанын дәлелдейтін айғақтарды жеткілікті келтіре алмады деп тапқан.

Сот Қазақстанда экстремисттік деп танылған "Хизбут-Тахрир" ұйымының мүшелеріне ғана қарсы полициялық диктат жасалады деген ұйғарымға келеді. Сот сондай-ақ , "таза дін" қауымдастығының мүшелері Қазақстандағы заңдылықтың барлық мүмкіншіліктерін өз пайдаларына толықтай қарастырмаған деп тапқан.

Брно қаласындағы жоғары әкімшілік соты бұл шешімге қолдау танытып, Қазақстан азаматтарының халықаралық қорғау - демек саяси босқын мәртебесін беруге келтіріп отырған негіздері жеткіліксіз деп атап көрсеткен.

Милуша Дошкованың төрелік етуімен 2009 жылдың 7 қаңтарында өткен Жоғары әкімшілік сотының алқасы төменгі деңгейдегі соттардың шешіміне наразы болған азамат М.К. мен кәмелет жасқа толмаған К.Д. және К.И мен олардың адвокаттары Фарид Ализеяның арыздарын қанағаттандырмай тастады.

Жоғары әкімшілік соты өз шешімінде БҰҰ-ның босқындар ісі бойынша Жоғары комиссарының 2006 жылғы мамыр айындағы "Хизбут-Тахрирмен" байланысы бар деп күдіктелген адамдар ғана болмаса, тәуелсіз мұсылмандар Қазақстанда қудалау мен қысымға душар болмайды және олардың үйлерінде тінтулер жүргізілетіндігі туралы ешбір дерек жоқ" деген ақпаратына сілтеме жасаған.


БАТЫС ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЖҮЗДЕГЕН БЕЛГİСİЗ БОСҚЫН

Чехия үкіметі 2006 жылдың басында бірнеше қазақ отбасыларының мүшелеріне ғана ресми босқын мәртебесін берді. Бірақ, кейіннен әлгі алдыңғы лектің ізінше сол елге тағы бірнеше ондаған отбасыларының келгенін көрген чех үкіметі қалған отбасыларына қандай да бір визалық мәртебе беруден бас тартты.

Арада үш жылға жуық уақыт өткенде Чехиядан Қазақстанға күштеп кері қайтару қаупі төнген әлгі адамдардың көпшілігі - әйелдер мен балалар. Мектеп жасындағы балалар чех мектептеріне барып жүр, бірнеше бала жоғарғы сыныпта, көпшілігі орта және бастауыш сыныптарда оқиды. Алайда, босқындарды елден кетіру туралы жоғарыда сөз болған бұйрықтар шыққан сайын, демек оларға өз еріктерімен елден кетуге уақыт берілген сайын полиция мектепке келіп, депортациялауға жатқызылған шетелдіктердің балаларын мектептен шығаруға мәжбүрлейді деген шағым айтады босқындардың өздері.
Қазақ босқындарының балалары ата-аналарының жатақханасында. Брно қаласы, 1 ақпан, 2009 жыл.

Әйткенмен, өмір бір орнында тұрмайды, салафиттер қауымдастығы жат жерде де өніп-өсіп жатыр. Чехияға босып келген осы отбасыларында өткен үш жылдың ішінде өмірге 45 нәресте келді. Солармен қоса алғанда барлығы 205 адам Чехиядан күштеп шығарылуы мүмкін. Дәл қазіргі сәтте өкімет олардың Чехия жерінде болатын тіркеу мерзімін тек уақытша ұзартып отыр. Көпшілігінің қолында бұл елден өз еркімен кету жөнінде берілген бұйрық бар. Тек бірен-саранының қолында төзімділік визасы деген құжат бар.

Бұл адамдар мынандай да мысалдар келтіреді. Өздерінің осында туған сәбилеріне қатысты 30 күннің ішінде халықаралық қорғау мәртебесі берілмесін деп, қатарынан үш рет шығарған шешімдерін чех билігі ол балалар... Қазақстанда қуғын көрмегендіктен оларға халықаралық қорғау мәртебесі берілмейді деп айтқанын баяндап берді жартылай заңды босқындар. Сәбилер Чехияда дүиеге келсе де, чех билігі оларды босқын мәртебесін беруді сұраған жеке тұлға ретінде қарастырып, сәбилерге ондай мәртебе беруден бас тарту туралы бірден шешім шығарып тастаған.

Қайрат Досметовтың айтуынша, тағы да төрт қазақ отбасы Словенияда уақытша қоныс тапқан екен. Қазір Словенияда барлығы үш отбасы қалыпты, ал Словенияда тұратын уақытша мерзімнің бітуіне байланысты Қазақстанға күшпен кері қайтару қаупі төнген төртінші отбасы шұғыл түрде Еуропаның өзге бір еліне қоныс аударуға мәжбүр болыпты.

Дарбия Ниязованың айтуынша, қазір оның келіні кәмелетке толмаған үш баласымен бірге Австрияның аумағында тұрып жатыр екен. Отағасы, салафиттер қауымдастығының жетекшісі Әділжан Мұздыбаевты (Дарбия Ниязованың ұлы) 2005 жылы ақпан айының 4-і күні Ақтау қаласының іргесіндегі саяжайда ұстап, қамауға алған.

2005 жылы маусымның 7-і күні Ақтау қалалық соты Әділжан Мұздыбаевты Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айыпты деп тауып, 5 жыл мерзімге қатаң тәртіптегі қамау мекемесінде ұстауға үкім шығарды. 2006 жылдың 17-ші қазан күні ол тағы да сотталып, бұрынғы жазасының үстіне тағы 3 жыл 6 ай қосылды. Онымен бірге қазір Қазақстан түрмелерінде осы дәстүрлі емес діни қауымдастықтың тағы бес мүшесі қамауда отыр.


БҰЛ АДАМДАР КİМДЕР? ОЛАРДЫ НЕГЕ САЛАФИТТЕР ДЕП АТАЙДЫ?

Олардың өздерінің айтуынша, Қазақстаннан қашуларына себеп болған негізгі жайт – діни сенім-нанымдары үшін арнайы органдар тарапынан қуғын-сүргінге тап болулары.

Чехияны паналап барған босқындар өздерін «таза дін» қауымдастығынанбыз дейді. Ресейлік адам құқығын қорғаушы, Мәскеудегі «Мемориал» орталығының Орталық Азиядағы адам құқығына бақылау жүргізуге арналған бағдарламасының директоры Виталий Пономарев бұл қауымдастықты салафиттер қауымдастығына жатқызады (арабтың «ас-салаф ас-салихун» - «иманды ата-бабалар»).

Босқындардың бірі, бұрын Атырау орталық мешітінің имамы болған Хамит Нұрғалиев ресми діни басқарма мен өздерінің арасындағы негізгі қарама-қайшылықтың түп-төркіні жайында былай дейді:

- Біз тек қана Құран мен Сүннәні басшылыққа аламыз. Біз нақты дерек болып саналатын, беделді ғалымдардың өздері мойындаған қадистерді қадір тұтамыз. Исламды мешіттердегідей кітапты құр жаттау арқылы емес, іс жүзінде насихаттауды дұрыс көреміз. Біз имамдары ислам талаптарын орындамайтын мешіттерге бармай-ақ, намазды өз үйімізде де оқи береміз.

Мәскеулік адам құқығын қорғаушы Виталий Пономарев Маңғыстау және Атырау облыстарында бірнеше рет болып, ол сапарларының қорытындысы туралы есебін «Қазақстан: Маңғышлақтағы салафиттермен күрес» деген тақырыппен 2007 жылы орыс тілінде интернетте жариялады.

Виталий Пономаревтің бізге айтуынша, осы есеп жарияланғаннан кейін бір жылдан соң ол Атырау мен Ақтауға тағы барып, ол жақта «таза ислам» дінін ұстанушыларды қудалау жалғасып жатқанына көз жеткізіпті. Ол жақтан Мәскеуге оралған соң Пономарев өзіне Ақтауда үлкен көмек көрсеткен тағы бір адамның түрмеге қамалғаны туралы ақпарат алыпты.

Азаттық радиосына телефон арқылы берген сұхбатында Виталий Пономарев Батыс Қазақстанда салафиттер қауымдастығының пайда болуы және оларды қудалаудың тарихы жайында баяндап берді:

«1990-шы жылдардың ортасында Батыс Қазақстанда – Жаңаөзенде, Ақтауда, Атырауда, сонымен бірге, кейбір көрші облыстарда «таза исламды» ұстанушылар қауымдастықтары пайда болды. Олар ресми мешіттерге бармады, бірақ жиналып діни кітаптар оқып-зерттеді, өзара әңгіме-дүкен құрды, намаз оқыды.

1999 жылдан бастап оларды діни себептер бойынша қудалау басталды. Міне, содан бергі бірнеше жыл көлемінде олардың үстінен қолдан жасалған айыппен қылмыстық іс қозғау, қорқытып-үркіту, т.с.с. жалғасып келеді. Соның нәтижесінде, бұл қауымдастықтың мүшелері, өз діни сенім-нанымдарынан толығымен бас тартуға көнбесе, бұдан ары қарай осы елде қалуға болмайтындығын айтып, өзге елге қоныс аударуға шешім қабылдаған. Сондықтан олар өздерінің діни идеяларын жалғастыру үшін эмиграцияға кетуге мәжбүр болды.
Жас босқын қазақ әйелдері Азаттық радиосының тілшісі Саида Бабамқожаға сұхбат беріп отыр. Брно қаласы, 1 ақпан, 2009 жыл.


Бірақ мәжбүрлі түрде жаппай қашып-пысу процесі біршама уақытқа созылып кетті. Себебі, елден кетуге барлығының мүмкіндігі бірдей болмады, кейбіреуі отбасы жағдайымен қалды, ал енді біреулерін арнайы қызмет орындары қатаң күш-қысымның астында әлі ұстап отыр.

Негізінен, Маңғыстаудың жергілікті билігі олардың Қазақстаннан кетіп қалғанына мүдделі еді. Тіпті, діндарлардың бірін шақырып алып: «Иә, сонымен сен біздің облыстан шет жаққа қашан кететін болдың? Не біз сені түрмеге отырғызамыз, не сен тезірек бұл жерден кетуің үшін өзіңе қандай құжаттар керек екенін айт» деп талап қойғандар да болған.

Мұндай қысымды Маңғыстауда тек «таза ислам» қауымдастығы ғана емес, сонымен бірге сопылар қауымдастығы да басынан өткерді. Оларға да қарсы көбінесе қолдан жасалған айыптар бойынша қылмыстық істер қозғалып, сот өтті. Қауымдастықтың жетекшілері мен бірнеше мүшесі әлі күнге дейін Қазақстанның түрмелерінде отыр».

Жалпы, дінтанушылар арасында, салафиттер қозғалысы жайында алуан түрлі көзқарас-пікірлер айтылып жүр. Ресей ғылым академиясының Этнология және антропология институтының аға ғылыми қызметкері Ахмед Ярлыкапов Азаттық радиосына берген сұхбатында, әрбір салафит қауымдастығының өз ерекшелігі бар екенін айтты. Салафизм – тым жалпы ұғым. Салафиттердің негізгі белгілерінің бірі – олар өздерін Мұхаммет Пайғамбардың кезінен келе жатқан «таза ислам» идеясын ұстанушылар ретінде көрсетеді, алайда бұл да кең ұғым.

Билік үшін төбеден түскендей болған оқиғалар - салафиттердің қолына қару алып, террорлық іс-әрекеттерге араласуы Солтүстік Кавказда көп кездесті. Салафиттер мемлекетті және мемлекеттік институттарды мойындамайды, себебі, оларға билік Алладан берілмеген деп санайды. Ресейлік сарапшы Ахмед Ярлыкаповтың пікірінше, жай уақытта бейбіт өмір кешіп жатқан салафиттер қауымдастығы, сын сағатта, мемлекетке қарсы шығуы да мүмкін.

«Бірақ, тағы да айта кету керек, әрбір салафиттер қауымдастығының, көптеген өзге діни секталар секілді, өзіне ғана тән ерекшелігі бар, сондықтан олардың барлығына бір өлшеммен қарауға болмайды», - дейді Ахмед Ярлыкапов.

Алдын-ала айта кетейік, адам құқығын қорғаушы Виталий Пономаревтың Батыс Қазақстандағы салафиттер қауымдастығының қуғындалғаны туралы және Қазақстанда дін еркіндігіне қарсы қуғын-сүргіндер жүйелі сипатқа ие болып отыр деген негізгі тезистерімен босқындарға халықаралық қорғау мәртебесін беруден бас тартқан шешімінде Чехия билігі келіспейді. Чех өкіметі мәскеулік «Мемориал» қоғамының жасаған баяндамасының дәлелдері жеткіліксіз, ал В.Пономаревтың қорытындысын объективті емес деп санайды.


ҚАЗАҚ ПОЛИЦИЯСЫ: САЛАФИТТЕР ҚАУІП-ҚАТЕР ТӨНДІРМЕЙДІ, БІРАҚ...

Адам құқығын қорғау жөніндегі қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтис Азаттық радиосына берген сұхбатында Қазақстанда салафиттік қауымдастықтар осы елде қызметіне тыйым салынған діни топтардың тізімінде жоқ екендігін айтты.

Бұл сөзді Азаттық радиосына берген сұхбатында Ішкі істер министрлігінің баспасөз-хатшысы Бағдат Қожахметов те қуаттады. Алайда, салафиттерді қудалаудың себептері жайында Бағдат Қожахметов: «бұл салафиттер қауымдастығын ұйымдастырушылардың бір бөлігі қылмыстық топтармен байланыста болған» деп, ресми айыптауларды қайталады.

Бірақ, Евгений Жовтис «салафиттерге қатысты жағдай, соңғы жылдары Қазақстанда дәстүрлі емес деп аталатын діни ағымдарға қарсы қысымдардың қатты күшейгенін көрсеткенін» айтады.

- Билік радикалды ислам идеясының таралып кетуінен өте қатты қорқып отыр. Әрине, салафиттер тыйым салынған діни топ қатарына жатпайды, дегенмен, олар бақылауға көнбейтіндер санатына жатқызылады. Яғни, олар Қазақстан Мұсылмандарының Діни Басқармасының қоластында емес. Міне, сол себепті, билік оларға бақылау орнатуға тырысты.

Ал оларға бақылауды қалай орнатуға болады? Тек қана агентуралық жұмыс нәтижесінде немесе қатты қысым жасап, қорқыту арқылы. Бұған қоса, билік өзінше діни экстремистік идеялардың таралуына жол бермей алдын алу үшін оларды қатты қуғын-сүргінге салу процесін бастауды жөн санады,-деп атап көрсетеді адам құқын қорғаушы.

Адам құқығын қорғау жөніндегі қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтис бұл Қазақстандағы діни сенім-наным және ар-ождан бостандығына мемлекеттің ұстанымының айқын көрсеткіші деген пікір айтты.


ҚАЗАҚСТАННЫҢ АРНАЙЫ ОРГАНДАРЫ ОЛАРДЫ ҚУДАЛАП ОТЫР

Ресейлік адам құқығын қорғаушы Виталий Пономаревтың айтуынша, егер бұрындары Батыс Қаақстанда «таза ислам» қауымдастығының мүшелері сақал жіберіп келсе, қазір олар сақал-мұртты жып-жылмағай етіп қырып тастаған, олар тіпті діни әдебиетті оқу үшін жиналуды да қойған. Алайда, олар бәрібір «қара тізімде» тұр, бастарынан түрлі қысым өткерген және әлі де көріп келеді.

- «Таза исламды» ұстанушылар қысымды күн сайын көрмесе де, олардың жеке өмірлеріне қол сұғылды, соның бәріне тек қана олардың діни сенім-нанымы себеп болды. Бірақ, ең қызығы, оларды ешкім не терроризм немесе қандай да бір күш көрсету, зорлық-зомбылық әрекеттеріне барды деп айыптап отырған жоқ. Неліктен оларды қудалайды? Өйткені, олар белгілі бір діни наным-сенімді ұстанады, - деген байлам жасайды Виталий Пономарев.

«Бұған қоса, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері салафиттерге жұмыс берушілерге қысым жасап, оларды қорқытпақ болған. 2003-2004 оқу жылдары ҰҚК қысым көрсетуімен Қазақ көлік және коммуникация академиясының Ақтаудағы филиалының әкімшілігі салафиттермен байланысты болған бір студентті оқудан шығарған.

2000 жылдан бастап салафиттерді ұстау, тінту және құқық орындарына «әңгімелесуге» шақыру дағдылы жағдайға айналды. Салафиттерді арнайы тізімдерге енгізіп, суретке түсірді, саусақ таңбаларын алды».

Олардың кейбірі соққыға да жығылды, ал Ақтаудағы салафит қауымдастығының негізін қалағандардың бірі – 28 жастағы кәсіпкер Бақытжан Бұрхановты көшеде бетперде киген белгісіз адам атып өлтірді. Полиция, әдеттегідей, оны ұстай алмады, - дейді босқындардың өздері.

Прагада Азаттық радиосына берген сұхбатында Қуаныш Кәменов өзін ұрып соққаннан кейін арнайы орган қызметкерлері айдалаға алып шығып, қорқыту үшін оған бағыттап тапаншадан оқ атқанын айтып берді.

Биліктің сөзін сөйлейтін жергілікті баспасөзде Маңғыстауда жұмыс істеп жатқан «уәххабилер сектасының идеологиясы» туралы мақалалар бірнеше рет жарияланды. Ол мақалалар Қазақстан Мұсылмандарының Діни Басқармасының өкілдері мен құқық органдары берген куәгерлік деректерге негізделіп жазылған.

Виталий Пономаревтың айтуынша, әу бастан Батыс Қазақстанның арнайы қызмет органдары «бөтен діндегілерге» қарсы жүргізген күресте кезінде Өзбекстанда кеңінен қолданылған әдіс-тәсілдерді пайдаланды: күдікті адамнан оқтар мен есірткі «тауып алу». Кейіннен, осындай жолмен діни әдебиеттер, үнпарақтар да «тауып алатын» болды, сөйтіп, оларға діни экстремизммен байланысты саяси айыптаулар да тағылды.

Кейбір жағдайларда, арнайы органдар «ұлтаралық және дінаралық алауыздықты қоздырды» деген қосымша айыптауларды да таңбақ болды, бірақ салафиттерден тәркіленген баспа өнімдеріне жүргізілген сараптама ондай айыптаудың негізсіз екенін анықтады.


КЕЙ ЖАҒДАЙДА БҰЛ АДАМДАРДЫ БАСПАНАЛАРЫН ТАРТЫП АЛМАҚШЫ БОЛЫП ТА ҚУДАЛАУҒА АЛҒАН

Ақтаудан Чехияға қашып келген «таза дін» ұстанушылардың бірінің айтуынша, Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің кейбір қызметкерлері «уәххәбилерді» қудалау науқанын өздерінің жеке басының мүддесіне, яғни олар өзгенің меншігіндегі жылжымайтын мүлікті заңсыз иелену мақсатына, баю жолына пайдаланған.

Азаттық радиосына берген сұхбатында Қайрат Досметов мынадай әңгіме айтты:

- 2006 жылдың қаңтарында біздің қауымдастықтың тағы бір мүшесі Құлмұрат Дәулетовты тұтқынға алды. Ұстаған кезде оған баяғы сол үйреншікті «заттар жиынтығын» қыстырған – есірткі, қару-жарақ және діни әдебиет. Сонан соң, уақытша ұстау абақтысына апарған кезде онымен «тіл табыспақ» болған.

ҰҚК қызметкерлері оған Жаңаөзендегі үйін өз адамдарының атына аударып беруді ұсынған. Бірақ Құлмұрат Дәулетов алғашында келіспеген, өйткені ол әлгі үйді толық ақшасын төлеп өзінің бір досынан сатып алғанымен, ол үй әлі сол досының атында болатын, Құлмұрат үйді өз атына аударып үлгермеген еді.

Бұны естіп-білген соң ҰҚК қызметкерлері енді Құлмұраттың әлгі досы – Майрамбай Наиповты ұстап алып, оған қысым жасай бастайды. Майрамбай да біздің қауымдастықтың мүшесі-тұғын. Ол қазір бізбен бірге - Чехияда.

Қысқасы, ҰҚК қызметкерлері Майрамбай Наиповты күшпен БТИ-ға (Техникалық түгендеу бюросына) әкеліп, «үйді тезірек өз адамдарының атына аударып жазғызуды» талап етеді. Бірақ, сол жерде Майрамбай қажетті құжаттарды өзімен бірге алмағанын айтып, олардың айтқанын орындауға ант-су ішіп, әлгілерді сендіреді.

Бұдан кейін Майрамбай Наипов, тиісті құжаттарды жинап, ебін тауып, бұл жайттың бәрін тергеу абақтысында қамауда отырған Құлұрат Дәулетовке жеткізеді. Құлмұрат өз жауабын біраз ойланып, сәл кейінірек беретінін айтады.

Бірақ осы арада бұл іске Құлмұраттың адвокаты араласады: «Сен өз үйіңді менің атыма аудар. Ал мен осының бәрін реттеймін, тиісті адамдармен саған шартты жаза беруге келісіп, сені бұл жерден суырып алам» деп уәде береді.

Амал бар ма?! Құлмұрат адвокаттың бұл ұсынысына көніп, Майрамбай Наиповқа үйді адвокат айтқан адамның атына аударуды тапсырады. Сөйтіп, ол үй адвокат айтқан кісінің атына шығарылады, ал Құлмұратты, адвокат уәде еткендей, бір жылға шартты мерзімге соттап, қамаудан босатады.

Бірақ, арада бір-бір жарым жыл өткенде Құлмұрат Дәулетов тағы да тұтқындалып, бұл жолы ұзақ мерзімге бас еркіндігінен айырылады. Қазір ол Атырауда түрмеде отыр. Оны түрмеге тығып қана қоймай, бүкіл дүние-мүлкінен айырды.


ОЛАРДЫҢ БІРІНШІ ИМАМЫ АМАНЖОЛ МӘМБЕТОВТЫҢ ІСІ

Чехиядағы қазақ босқындарын алаңдататын тағы бір нәрсе - олардың діни серіктесі, Ақтаудағы «таза дін» ұстанушылардың тұңғыш имамы Аманжол Мәмбетовтың жағдайы. Адам құқығын қорғаушы Виталий Пономарев өзінің «Қазақстан: Маңғышлақтағы салафиттермен күрес» деген баяндамасында имамды ұстаған сәт пен оған айыптау "айғақтарын" қазақстандық арнайы қызмет орындарының қаншама рет жапсырғанын бүге-шігесіне дейін суреттеп жазған.

«ҰҚК қызметкерлері Аманжол Мәмбетовты жерге жығып, олардың бірі имамының қолына кісен салып, сонымен бір мезгілде, оған бір заттарды тықпалаған. Адвокаттың айтуынша, Мәмбетовтың: «Неге маған бұл заттарды тықпалап жатырсыңдар?» деген айғайына ешкім назар аудармаған.

Мұнан кейін ұсталған имамның бойын тінтуді куәгерлердің біріне жүктеген (тінтуге қатысқан куәгерлердің екеуін де ҰҚК қызметкерлері оқиға болған жерге қаланың басқа ауданынан алып келген). Тінту кезінде Мәмбетовтың қалтасынан шыққан пластмастан жасалған құтыдан 9 грамм героин, ал шалбарының ышқырынан қолдан жасалған тапанша мен 5 оқ алынған.

Имамның пәтерінен табылған қағаз пакеттен қолдан жасалынған өлшеуіш пен үш орама героин және 5 оқ тәркіленген. Үйді тінту кезінде оған қатысқан ҰҚК қызметкерлерінің бірі әлгі аталған заттарды балконға қалай жасырғанын өз көздерімен көргендерін айтқан Мәмбетовтың әйелі мен туысының сөздерін сот қаперіне де алмады.

Соттың үкімінде екі жағдайда да соттталушы мен оның әйелі Аманжол Мәмбетовты діни сенімі үшін қудалаған ҰҚК қызметкері Марат Кенешовты айыптағандығы жазылған. Кенешовтың өзі сотта Мәмбетовты 2001 жылғы наурыздың 9-ынан бері танитындығын айтқан. Сол жолы ол «облыстық ішкі істер басқармасымен бірлескен жедел-іздестіру шарасына қатысып, олардың [салафиттердің] діни жоралғыларын тексеріп, оның [Мәмбетовтың] үйінде тінту жүргізгенін» баяндаған.

Имамның үйінен алынған діни әдебиетті ІІБ идеологиялық сараптамаға жолдаған. Ол жолы оған [Мәмбетовке] қатысты іс қозғалмаған, сірә, сарапшылардың жасаған қортындысы күткендегідей болмаған. Сондай-ақ, 2002 жылғы сәуір айында күдіктінің үйінен тағы діни әдебиеттер табылған. Бірақ, бұл жолы ҰҚК қызметкерлері, өткен жолы босқа арамтер болғандарын ескерсе керек, ол әдебиетті тәркілемеген".


ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БОСҚЫНДАР ЧЕХИЯДА ЗАҢДЫҚ МӘРТЕБЕГЕ ИЕ БОЛУ ҮШİН КҮШ САЛУДА

Чех өкіметінің қазақ босқындарына ресми мәртебе беруден бас тартуына негіз болған бір нәрсе – Қазақстанда адамдарды діни көзқарасына бола қудалау жағдайы және қазақтардың өз Отанынан жаппай қашу туралы дерек-мағлұматтардың мардымсыздығы.

Бұл туралы мәскеулік адам құқығын қорғаушы Виталий Пономарев былай дейді:

- Бұл проблема әлі белгісіз. Мысалы, оларға босқын мәртебесін беруден бас тартқан кезде чехтың миграциялық қызметі сілтеме жасаған АҚШ мемлекеттік департаментінің есебінде салафиттер қауымдастығының мүшелері қуғындалғаны туралы мүлдем ештеңе айтылмайды. Әйткенмен, әңгіме қандай да бір жаңа процесс туралы емес, 1990-шы жылдардың аяқ шенінен бері жалғасып келе жатқан оқиғалар жайында болып отыр. Біздің ұйымымыз жаңа шолу дайындайды, содан кейін мен АҚШ мемлекеттік департаментімен хабарласып, Қазақстанда болып жатқан жайттарды, әсіресе, бұл ел Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болары алдында назарға алуын сұраймын.

Чехиядан жәрдем сұраған қазақ босқындарына қазақстандық адам құқығын қорғаушы Евгений Жовтис мынадай кеңес береді:

- Өз іс-тәжірибеме сүйеніп айтар болсам, біздің босқындарымызға неғұрлым көбірек көмектесу үшін чех өкіметінің көзін мынаған жеткізу керек: оларды кез-келген жолмен Қазақстанға қайтаратын болса, мұнда олардың қауіпсіздігіне ешкім кепілдік бермейді, олардың сөзін тыңдайтын әділ сот та жоқ. Керісінше, Еуропалық Одақ аясында Чехияның мойнына алған міндеттемелері бұзылып, оның арты үлкен айғай-шу туғызады. Оған қоса, адам құқығы жөніндегі Еуропалық сотқа жаппай өтініш беру көбейеді.

Қазақ босқындарына «халықаралық қорғау» мәртебесін беруден кезекті мәрте бас тартқан Чехияның миграциялық қызметі енді олардың тіркеу мерзімін ұзартпайтынын айтып отыр. Дәл қазір 205 азаматқа Чехиядан күшпен кетірілу қаупі төніп тұр. Кейбіреуінің қолында өз еркімен кететіндігі туралы осымен екінші рет бұйрық болса, өздеріне босқын мәртебесін беруді сұраған бірнеше адамның арыз-өтініштері тақау арада соңғы деңгейдегі сотта қаралмақшы.

Азаттық радиосы Чех Республикасының İшкі істер министрлігінен түсініктеме күтеді. Ол мекеменің өкілі бізге жауапты жақын арада беруге өткен аптада уәде еткен болатын. БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі Жоғары Комиссариатының Прагадағы Басқармасы қазақ босқындары жайлы ештеңе естімегендерін айтып, бұл жайында қандай бір түсініктеме беруден бас тартты.

( Репортажға материалдар жинауға Азаттық радиосының журналистері Саида Бабамқожа мен Ержан Қарабек атсалысты)
XS
SM
MD
LG