Accessibility links

Алматылық бұрынғы Анна - қазіргі Әмина Палестинаны жаңа Отаным деп біледі


Палестинада тұратын қазақстандық әйел Әмина Блюз. Алматы, 23 қаңтар 2009 ж.
Палестинада тұратын қазақстандық әйел Әмина Блюз. Алматы, 23 қаңтар 2009 ж.

Қаңтардың 23-і күні Алматыға Таяу Шығыстан 4 әйел мен 12 бала ұшақпен келді. Солардың бірі - бес баланың анасы, 25 жасар палестиналық Әмина Блюзбен Азаттық радиосының тілшілері кездесіп, сұхбаттасқан еді.

Қазақстандық бірқатар баспасөз құралдары жұма күні Алматыға Түркия арқылы 12 баласымен жеткен 4 әйелдің барлығы да Газа секторынан келгені туралы ақпарат таратты. Алайда, біз жолыққан ұлты орыс, 25 жастағы Әмина есімді әйел Ханюнисте тұрады екен. Ол бұдан 9 жыл бұрын ислам дінін қабылдап, Палестин азаматына тұрмысқа шыққан соң Анна Тупилина деген аты-жөнін мұсылман дәстүрімен Әмина Блюз деп өзгерткен. Содан бері өзі туып-өскен Алматыға келіп тұрғаны осы екен. Қазірде 5 баланың анасы атанған Әминамен бірге нағашы әжесіне қонаққа тоғыз айлық ұлы да келіпті.

- Әмина, сіз ұрыс болған Газа секторынан келдіңіз бе?

- Жоқ, мен тұратын Ханюнис елдімекенінен Газа секторына дейін автокөлікпен 1 сағаттай жол жүру керек. Аллаға тәуба, мен тұратын қалада атыс-шабыс болған жоқ. Әрине, Газадағы ұрыстың салдарынан азық-түлік тапшылығы сезілді, әйтеуір, аштыққа ұрынған жоқпыз.

- Сіз ол елге қалай тап болдыңыз? Ислам дінін сонда қабылдадыңыз ба?

- Мен өзім Алматыда туып-өстім. Осындағы №135-ші орта мектептің 9 сыныбын тәмамдаған соң, өз еркіммен Ислам дінін қабылдап, құрбыларым – қазақ қыздарымен бірге араб тілін оқу үшін Бішкек қаласына бардым. Сонда болашақ жарым - көз дәрігері мамандығы бойынша білім алып жатқан Палестин азаматы Ясер Хусейнмен таныстым. Көп ұзамай оған тұрмысқа шықтым. Ал күйеуім дипломын алған соң мен оқуымды тастап, 16 жасқа толар шағымда, құрсағымдағы 6 айлық тұңғышыммен жарыма еріп Палестинаға жол тарттым. Содан бері міне 9 жыл өтті, қазір 4 қыз бен 1 ұлдың анасымын. 9 айлық ұлымды нағашыларына көрсету үшін осы жолы Алматыға өзіммен ала келдім.

- Қазақстанға осы келуіңіздің себебі қандай?

– Мен тұрмысқа кеткелі бері Отаныма келгенім жоқ. Ата-аналарымды қатты сағындым. Күйеуім де үйіңе барып, туғандарыңды көріп қайт деді.

– Яғни, сіз қайын жұртыңыздан төркініңізге бассауғалап келмеген болдыңыз ғой?

– О не дегеніңіз! Ол жақта менің 4 қызым мен сүйікті күйеуім қалды емес пе, қайдағы қашу?! Бірақ, осы жолы Отанға оралу оңайға түскен жоқ. Мысыр, Түркия елдері арқылы айналып, 4 күн жол жүріп келуге тура келді. Енді Алматыда біраз күн болып, анама көмектескен соң, қайын жұртыма - Палестинаға ораламын. Сонда менің отбасым қалғандықтан қазіргі Отаным да сол.

– Әмина, Газа секторында болған ұрыс қимылдары сіздерге қалай әсер етті?

– Әрине, соғыс оты біз тұратын ауданды да шарпиды ма деп, алаңдаған кездеріміз болғанын несін жасырайын. Тіпті, күйеуім отбасын көшіруге де оқталды. Әйтеуір, Аллаға шүкір, кейін ондай қауіп сейіліп, көңіл тынышталды. Соғыстың жақсысы болмайды ғой. Күнде төбеңнен зулап ұшып жатқан әскери ұшақтарды көргенде көңілге неше түрлі ой келеді. Бірақ ұрыс біз тұрған қаладан тысқары болды. Тек кейде азық-түлік тапшы болып, жарық, газ болмай қалды. Ал жалпы, ол жердегі бейбіт жұрт өмірін сүріп жатыр, ешкімнің ешқайда қашатын ойы жоқ.

Естуімше, Газа секторында тұрған кейбір қазақстандықтар Отанына қайтпақшы болыпты, бірақ мен өзім оларды көргенім жоқ.

– Әмина, өзіңіз тұратын қалада сізден басқа палестиндік азаматтарға тұрмысқа шыққан қазақстандықтар бар ма?

- Ондайлар аз емес. Бірақ мен кейбірімен ғана жақын араласамын - қазақ және орыс әйелдер. Әрқайсысының бала-шағасы бар. Өзгелермен тілдесуге үйдегі таусылмайтын шаруалардан уақыт жете бермейді.

– Әмина, сұрағымызды сөлекет көрмеңіз, күйеуіңіздің сізден басқа тағы әйелі бар ма?

– Жоқ, мен оның жар дегенде жалғыз сүйіктісімін, -- деп күлген сұхбаттасымыз қасиетті Құранның әйел туралы сүресінен қысқа дұғаны қайырды.

– Ал күйеуіңіздің жасы нешеде?

– Ол менен 10 жас үлкен, отбасының асыраушысы сол, мамандығы дәрігер. Ал мен балаларға қарап үйде отырмын.

– Айтыңызшы, Әмина, сіз өз өміріңізге разысыз ба?

– Аллаға тәуба! Бай болмасақ та, Алланың бізге берген ырыздығы өмір сүруге жетеді. Балаларымның тамағы тоқ, көйлегі көк, үлкендері мектепке барады. Әкесі балаларын сондай жақсы көреді.

– Қазір қай елдің азаматысыз?


– Мен Қазақстанның азаматтығынан шыққаным жоқ. Ал Израиль үкіметі маған палестин азаматтығын да берді. Сондықтан менде қазір қос азаматтық бар. Оған бола менің басымда проблема туындамас деп үміттенемін. Соңғы 10 жылда Қазақстанға алғаш рет келуім бұл.

– Әмина, сіз 9 жыл бойы тұрып жатқан Палестина ел-жұртының мінез-құлқын да біраз біліп қалған боларсыз. Сырт көзге Палестин жері бітпейтін дау-дамай, ал кейде ұрыс-жанжалға ұласатын ошақ тәрізді болып көрінетіні де рас. Палестиндіктердің көңіл-күйінен ол елден біржолата кеткісі келетіндер байқала ма?

– Менің таныс-білістерімнің арасында ондай ниеті бар ешбір адамды білмеймін. Палестина – қасиетті мекен. Ондағы жергілікті арабтардың ешқайсысы ол жерді ешқашан тастап кетпейді. Егер Палестинада бақилық болсаң, онда шәһит ретінде жаның бірден жәннатқа баратынына біздің баршамыз сенеміз.

– Сіздің 5 балаңыз бар екен, олардың болашағынан қандай үміт күтесіз? Дінаралық, ұлтаралық мәселеде қандай тәрбие бересіз? Кек алу, өшпенділік рухында ма?

– Ешқашан! Менің үлкен төрт балам – қыздар. Біз тұратын ауданда арабтар ғана мекендейді. Ал тәрбие мәселесіне келсек, неге біз балаларымызды басқа біреулерге өшпенділікке тәрбиелеуіміз керек? Жоқ, ешқашан олай болмайды. Біздің барлығымыздың арманымыз тек біреу ғана - бейбітшілік пен татулықта өмір сүру. Барлығының да бала-шағасы бар, кім өз баласының соғыс қатысып, қаза болғанын қалайды дейсіз. Сондықтан біз Палестин және Израиль үкіметтерінің ортақ тіл тауып, соғыс отын біржолата өшіруге қол жеткізуін Алладан жалбарына тілейміз.

– Әмина, сіз өз балаларыңыздың Қазақстанда білім алғанын қалайсыз ба?

– Ол туралы әлі ойланбаппын. Бірақ, өйтпейтін шығармыз, бұл мәселе күйеуімнің еркінде. Ол оқыған, зиялы отбасынан шыққан адам. Сондықтан мен оған сенемін, ол балаларына жақсы білім бергісі келеді. Әйткенмен мен балаларымның мұғалім болғанын қалар едім. Палестинада мұғалімдерге үлкен құрметпен қарайды.

– Сұхбатыңызға рахмет, Әмина!
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG