Accessibility links

Астана Иранға уран сатпақ деген хабар заңсыз қару саудасы мәселесін тағы көтерді


Ақорда ғимаратының сыртқы көрінісі. Астана, 6 қазан, 2009 жыл.
Ақорда ғимаратының сыртқы көрінісі. Астана, 6 қазан, 2009 жыл.

Қазақстан СІМ-нің ресми өкілі, Иранға заңсыз уран сату жөніндегі ақпарат шындыққа жанаспайды дейді. Бұл мәлімдеме Иранның Қазақстаннан мың тоннадан астам тазартылған уран сатып алғысы келетіні жайлы Батыс баспасөзінің хабарынан соң іле-шала жасалып отыр.


«ҚАЗАҚСТАН ӨЗ ІС-ӘРЕКЕТІНДЕ МАГАТЭ ТАЛАПТАРЫНА БАҒЫНАДЫ»

Өзіндегі ядролық жойқын қарудан бас тартып, жер бетінде оны таратпауға әлем елдеріне үлкен мінберлерден оқтын-оқтын үндеу тастап жүрген Астана билігі енді заңсыз уран саудасына қатысы жоқтығын айтып ақталып жатыр. Оған Ассошиэйтед Пресс агенттігінің Иран Қазақстаннан 1350 тонна тазартылған уран сатып алғысы келеді деген мәліметі себеп болды.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ержан Ашықбаев, сәрсенбі күні Азаттық радиосына берген сұхбатында, Теһран қазақ уранын сатып алғысы келеді делінген мәліметті жоққа шығарды.

- Қазақстан Республикасы өзінің халықаралық міндеттемелерін үнемі толықтай атқарады. Мұны (ядроны) таратпауға да қатысы бар. Қазақстанның уран саласындағы қызметі, Қазақстанның барлық әрекеті МАГАТЭ-нің талаптары мен стандарттарына сәйкес жүргізіледі, - деді Ержан Ашықбаев.

- Олай болса, Қазақстан Иранға уран сатады деген ақпараттың таралуына кім мүдделі болуы мүмкін?

- Ассошиэйтед Пресс агенттігінің хабарында бұл ақпараттың көзі келтірілген, бірақ нақты қай мемлекет екендігі айтылмаған. Ал бұған кім мүдделі деген сұраққа мен жауап бере алмаймын, - деді министрліктің ресми өкілі.

БАТЫС ЕЛДЕРІ ТЕҺРАН ҚАЗАҚ УРАНЫНА ҚОЛ ЖЕТКІЗЕ МЕ ҚАУІПТЕНЕДІ

Ассошиэйтед Пресс агенттігі болса өзі жариялаған ақпараттың дерек көзі ретінде «барлау қызметін», дәлірек айтсақ оның МАГАТЭ-ге дайындаған баяндамасын атап отыр.

Сонымен бірге, агенттік ақпаратында құпия келісімнің құны 450 миллион доллар деп көрсетілген. Баяндаманы дайындаушылардың бағалауы бойынша, 1350 тонна уранға 150-ге жуық ядролық оқтұмсық дайындауға болады екен. МАГАТЭ болса Теһранның уран қоры
Теһрандағы зерттеу реакторы.
түгесілуге жақын, бұл жағдай оның ядролық бағдарламасын аяқтауға кедергі келтіруі мүмкін деп хабарлады.

«Баяндаманы дайындаған елдің шенеунігі шикізат көзі ретінде Қазақстан үкіметінің қолдауынсыз әрекет етіп жатқан мемлекеттік қызметкерлер деп мәлім етті», - делінген агенттіктің ақпаратында.

АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Иан Келли «Иранға кез келген мөлшердеі уран концентратын беру БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің санкциясын бұзу болып табылады» деп мәлімдеді.

Батыс елдері Иранды ядролық бағдарламасы үшін айыптап отыр. Ал Теһран бұл жоба тек бейбіт мақсаттар үшін қажет деуден танар емес. Өз кезегінде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Теһранға қатысты санкциялар енгізді. Ол бойынша Иранға уран сатуға тыйым салынады.

Соған байланысты Батыс дипломаттары Иран билігінің Қазақстаннан үлкен көлемде тазартылған уран сатып алғысы келетіндігі туралы мәліметтің пайда болуына байланысты алаңдаушылық танытып отыр. Олар мұны БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің санкцияларына қайшы деп есептейді.

САРАПШЫЛАРДЫҢ ПІКІРІ ЕКІГЕ ЖАРЫЛЫП ОТЫР

Қазақстандық саясаттанушы Виктор Ковтуновский қазақ уранын Иранға саудалау туралы жасырын келіссөздердің болуы ықтимал деп санайды.

- Қазақстан ресми түрде ашық келісімге бармайды. Өйткені ол сыртқы дипломатиялық қарым-қатынасқа кері әсер етеді. Сондықтан, мұндай келісім заңсыз сауда түрінде жүзеге асуы мүмкін. Мысалы, қазірде Тайланд түрмесіндде отырған Қазақстан азаматтары жақында қару тасуға қатысты халықаралық жанжалға қалды. Олардың жүкті қайда апара жатқандары да әзірге белгісіз, Иранға апарылуы мүмкін деген болжам да жоқ емес. Сол секілді, осындай заңсыз келісімнің болуы да әбден мүмкін, - деді Виктор Ковтуновский Азаттық тілшісіне.

Алайда қазақстандық тағы бір саясаттанушы Досым Сәтпаев Қазақстанның Иранмен ондай күмәнді келісімге барады дегенге сенбейді.

- Қазақстан АҚШ-пен, МАГАТЭ ұйымымен белсенді түрде ынтымақтастық орнатып отыр. Бұлар уран келісімдерінің мейлінше ашық болғандығын қалайды. Сонымен бірге, Қазақстан уран нарығындағы өте жоғары ықпалын сақтап қалуға мүдделі. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанға қазіргі таңда ешқандай жанжалдың қажеті жоқ. Оның үстіне Мұхтар Жәкішевтің ісі уран саласына өзінің бірқатар кері әсерін тигізді. Менің ойымша, Иран Қазақстаннан уран сатып алады деген ақпарат шындыққа жанаспайды, - деді Досым Сәтпаев Азаттық радиосына.

Айта кетерлік жайт, сәрсенбі күні Қазақстан уран өндірісі бойынша әлемде бірінші орынға көтерілгендігін жариялады.
XS
SM
MD
LG