Accessibility links

АҚШ президенті МАГАТЭ ұсынысынан бас тартқан Иранға жауап беретін келіссөздер басталғанын айтты


АҚШ президенті Барак Обама Қытай президентімен кездесуі кезінде. 17 қараша.2009
АҚШ президенті Барак Обама Қытай президентімен кездесуі кезінде. 17 қараша.2009

Барак Обама ядролық қару иеленбекші деген күдікті сейілтетіндей ұсынысқа оң жауап бермеген Иранға қарсы санкциялар бойынша АҚШ халықаралық әріптестерімен келіссөздерді бастады деді. Иран төмен деңгейде байытылған уранын Ресейге өңдеуге жіберсін деген МАГАТЭ ұсынысын қабылдамайтынын айтқан болатын.

Бірақ Атом энергиясы бойынша халықаралық МАГАТЭ агенттігінің басшысы Мохаммед Әл-Барадей Иран БҰҰ әзірлеген ядролық келісімге байланысты "соңғы жауабын" әлі бермеді деп мәлімдеді. Жұма күні Берлинде баспасөз маслихатын өткізген Әл-Барадей МАГАТЭ Ираннан жазбаша түрде жауап алмады деп атап көрсетті.

Ал бұл аралықта Құрама Штаттар президенті Барак Обама даулы ядролық бағдарламасына байланысты бір мәмлеге келу ұсынысын қабылдамаған Иранға қарсы көбірек шектеу енгізу үшін Вашингтонның халықаралық әріптестерімен келіссөздеге кіріскенін айтып отыр.

Обаманың айтуынша, Иран құпия түрде ядролық қару жасауға тырысуда деген Батыстың алаңдаушылығын азайтуға бағытталған БҰҰ-ң атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігі ұсынған жоспардан Теһран бас тартты.

Бұл жайында Оңтүстік Кореядағы сапарында айтқан Обама Иранның барлық уран байыту жұмыстарын тоқтату жөніндегі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің талаптарын қабылдамауына байланысты жаңадан тыйым шаралары қолға алынады деді.

«Соңғы бірнеше апта бойына күттік, енді біздің Иранға қатысты байыпты ұстанымымызды байқататын нақты бір шараларды қолға алатын боламыз».

ДИПЛОМАТИЯДАН ӘЛІ ДЕ ҮМІТ БАР

АҚШ президенті бұл тұста Иранға жаңадан санкциялар енгізу мүмкіндігін алға тартқанымен, жағдайды дипломатиялық жолмен шешу жағы әлі де мүмкін екендігін танытты.

Ресмилерінің айтуынша, Обама Теһранға қарсы шектеу шаралары туралы әдейі ашып айтпай отыр, өйткені ол бұл мәселенің дипломатиялық жолмен шешілгенін қалайды.

Сондай-ақ, АҚШ президенті болуы мүмкін қосымша санкциялар туралы халықаралық біржақты келісімге келу әрекеттерінің де аяқсыз қалғанын қаламайды.

БҰҰ-ның атом қуаты жөніндегі агентігінің ұсынысында, Иран 1,200 кило болатын төмен деңгейде байытылған уранын ядролық отын ретінде өңдеу үшін Ресейге жіберуі керек, одан кейін ол отын Иранның медициналық зерттеу реакторына пайдалануға берілмес бұрын Францияға жіберіліп, ядролық отын ретінде қапталуы тиіс делінген.

РЕСМИ ТЕҺРАННЫҢ ЖАУАБЫ

Бірақ Иранның сыртқы істер министрі Манучир Моттаки МАГАТЭ ұсынысы бойынша жөнелтілуі тиіс уран мөлшері өздерін қанағаттандырмайтынын айтып, Теһран бұл мәселеде көбірек келіссөздерге дайын деді. Және Иран өзінің төмен деңгейде байытылған уранын ядролық отын үшін айырбастау мәселесін қарау мүмкіндігін айтты.

"Бұл қарсы ұсыныс емес, себебі біз 3,5 пайыз байытылған уранды 20 пайыз уран отынымен айырбастауды ұсынбаған едік. Олар осындай ұсынысты көтерді әрі біз оның қайсысы қолайлы болуы мүмкін деген тұрғыда талқыладық".

Бұл жайында Моттаки Манилада айтып, Батыс елдерінің Иранға қарсы келешек санкцияларына күлкімен қарады:

"Біз оған аса мән беріп отырған жоқпыз. Санкциялар 1960 және 1970-ші жылдардың термині болған. Төрт жыл бойы олар осыны пайдаланып келеді. Менің пікірімше, олар ақылға келіп, сәтсіз тәжірибелерін қайталай бермеуі керек. Әлбетте бұл толығымен олардың шаруасы".

Президент Махмуд Ахмадинежад Иран болуы мүмкін санкциялар туралы халықаралық ескертулерге назар аудармастан, елдің өркендегенін көргісі келмейтін теріс ниеттілер мен жауларының әрекетіне қарамай өз жолымен жүріп, өз мақсаттарын жүзеге асыруы керек деді.

ИРАНҒА ҚАРСЫ ЖАҢА САНКЦИЯЛАР ТОЛЫҚ ҚОЛДАУ ТАБА МА?

БҰҰ-ның жаңа санкцияларын Қауіпсіздік Кеңесінің барлық бес елі алға тартуы мүмкін. Олардың қатарында АҚШ, Британия, Франция, Ресей мен Қытай бар.

Ассошейтед пресс агенттігіне берген сұхбатында аттарын атамауды жөн көрген Еуропа Одағы ресмилері Қауіпсіздік Кеңесінің вето қою құқы бар тұрақты бес мүшесі мен Германияның жұма күні Брюсселде кездесіп, Иранға қарсы қандай шаралар қабылдану мүмкіндігін талқылайтынын алдын ала айтқан еді.

Британия мен Франция Иранға қарсы санкция салуды қолдайтындықтарын танытты. Бірақ Обаманың осы аптада Қытайға сапары кезінде Бейжің жаңа санкцияларды қолдайтынына кепілдік бермеген. Ал Ресей болса осыған дейін санкциялар салуды жоққа шығармай, бірақ бірінші кезекте дипломатиялық қадамдар жасалуы керек деген.

Рейтерс ақпарат агенттігіне берген сұхбатында еуропалық бір дипломат БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі Иранның мұнай мен табиғи газына салдарын тигізетін санкцияларды ешқашан салмайды, өйткені Қытай мен Ресей оған вето қоюы мүмкін деп айтты.

Мұндай пікірмен Стокгольмдегі Халықаралық бейбітшілік зерттеу институтының ядролық қару таратпау жөніндегі сарапшысы Шеннон Кайл де келісіп отыр:

"Қытай мен Ресей Иранға қарсы қатаң санкциялар салуға ниет танытпай отырғанын көрсетті. Ресейліктер бұл тұрғыда өздерінің карталарын тығып ұстап, бұған қатысты ештеңе айта қоймады. Бірақ менің пікірімше, дәл қазіргі уақытта Ресей мен Қытай Иранның мұнай және газ өнеркәсібін нысанаға алған және бұл елге келетін жанар-жағармай өндірісінің импортына тыйым салатын санкцияларды қолдай қоймайтындығы анық болып отыр".

Сарапшылардың айтуынша, Қытай мен Ресей Иранға қарсы салынуы мүмкін санкциялардың ішінде тек БҰҰ-ның қара тізіміне енгізу, жол жүруді шектеу мен мүліктерін тұтқындау сияқты шектеу шараларының жеңілдеу түрлерін ғана қабылдауы мүмкін.

Тағы бір бақылаушылар Батыс елдері Иранның сұйық түрдегі табиғи газ өндірісі үшін қажетті технологияны иеленуіне жол бермеуі ықтимал дейді.

БҰҰ-ның жаңа санкциялар жөніндегі қарары Иранның кемінде бір банкі мен көбінесе жекелеген және жүк таситын компанияларға қарсы бағытталуы мүмкін. Және қатаң тыйым шаралары Иранмен қару келісіміне салынып, саяси шаралардың да қолға алыну ықтималдығы айтылады.
XS
SM
MD
LG