Accessibility links

Үш жүз қазақстандық


«Ұлы эллиндер мен иен даланы ерсілі-қарсылы кезген сақтардың игі істері ұмыт қалмасын» деп, Геродот өз әңгімесін бастайды... Геродот.




Үш жүз қазақ тұрмыз дейікші. Асудан жау қарасы көрінді. Саны – шамамен... сансыз. «Бабаларымыз сонда да қасқайып тұрар еді» деп, патриотизмнің қотырын қасымай-ақ қояйық. Олардың орнында – біз тұрмыз.

Жау әлі алыс. «Келсін қазір, айдап аламыз!», «жыртамыз!», «оямыз!» деп масаттанып тұрмыз. Тексерілген әдіс: ертеде талай тықыр таянғанда, түк бітірмей ұрандатып тұрсақ – бәле өзінен өзі ғайып болатын. Тіпті, қуаныштан, отыз-қырық жылға жоспар құрып тастаушы едік қой, естеріңізде ме?

Дегенмен жау психологиялық барьерден асып кетті – әлі келе жатыр. Қосынымызда қобалжу басталады. Біреу шығып, «әскери рухты ұдайы түрде көтермелеп отыру үшін арнайы топ құру керек» дейді. Ұсыныс иесі бұл «ауыр жүкті» өз мойнына алып, әскери қызметтен босатылады. Қосынды аралап: «Қай атаңнан жеңілгенді көріп едің?», «Қай әжең жау қолына күң боп кетіп еді?» – деп бақырып жүреді. Оның сөздері еш оң нәтиже бермейді: мөлдіреген қара көздер мен қалқаң құлақтар – жау жақта.

Бірер сағаттан соң әлгі ұраншы, «жалғыздың үні шықпас» деген сықылды әйбат сөздермен қолбасшыны иландырып, өзіне үш көмекші тағайындауын сұрайды.

Жау өндіртіп жүріп келеді, тоқтайтын түрі жоқ. Қосынымызда енді – азан-қазан ұрандар. Мықты шыққан ұрандар бар. Далбасасы және бар. Көмекшілердің бірі, «қайтадан сапқа шақырып алар» деп, аузына келгенін айтады. Себебі оның жұмысының көрсеткіші көтерілген рухтар санымен емес, децибелл мөлшерімен белгіленген.

Жау екінші қырға мінді. Қосында жиналыс. «Дереу жиналыс»! «Шұғыл жиналыс»! Әйтеуір саптағы қарапайым жауынгер үшін – атауы тым әдемі жиналыс. Жиналыста рух көтеру жұмыстарын әнмен өрнектеу туралы шешім қабылданды. Енді әншілер іріктелуде.

Жау жақындап келеді. Қосында – ән. Айтпақшы, жаңалығымыз бар – осы тұрғанда әнді бимен демеу туралы шешім қабылданды! Оларға сәйкесінше көйлек тігуге тағы жүз адам саптан шығарылып, ине-жіп ұстатылды...

Жау жетті. Өз көздеріне өздері сенбеді – мұздай қаруланған, түскі асқа жаудың басынан сорпа істеп ішетіндер... ән салуда, билеуде, бақыруда! Барлығымызды байлап, арбаға салып әкетіп барады. Бұл арбада енді бұрынғы қолбасшы да, қосынды сыпырған аулашы да – тең. Содан болар, кешеден бері үндемей жүрген қатардағы қарапайым қара балаға тіл бітіп, былай деді:

– ОСЫ БІЗ ҚАРАПАЙЫМ ҚОРҚАҚ БОЛЫП ШЫҚҚАН ЖОҚПЫЗ БА?!

technosyndrom@gmail.com
XS
SM
MD
LG