Accessibility links

«Зато біз пештеріңді ұрлап алдық»


Абай мұражайындағы көрме залдарының бірі. Семей, 9 тамыз 2010 жыл. Көрнекі сурет.
Абай мұражайындағы көрме залдарының бірі. Семей, 9 тамыз 2010 жыл. Көрнекі сурет.
Мен жасаған ұрлық әкем екеуміздің санамызда өшпестей із қалдырды. Осыдан 17 жыл бұрын болған бұл оқиға қазір маған күлкілі болып көрінеді. Ал әкеме «Қалқұлдың темір пеші...» десем, әлі күнге дейін ашуланып қалады. Шамасы, сол кездегі сәтсіз ұрлығымыз әкеме ауыр тисе керек. Өйткені ол содан бері өзі туып-өскен ауылға көп бара бермейді.

...Сол баяғы тоқсаныншы жылдар. Қалада газ да, электр жарығы да жоқ. «Этаж тамда» тұратындардың жағдайы қатты қиындап кетті. Күніге бір мезгіл ыстық тамақ ішу үшін қазан-ошақтарын салдырлатып алып түсіп, кәдімгі ауыл адамдарындай аулада қазан астына от жағатын. Басқаларға қайдам, бұл көрініс маған біздің қаланың тұрғындары үлкен тойға дайындалып жатқандай көрінетін.

Сол жылы әкем екеуміз пеш әкелуге ауылға бардық. Біреудің пешіне қашанғы ортақ боласың! Көкем (әкемнің інісі) келгендегі шаруамызды естіп, аз-маз ойланып қалды да:

– Бір ай бұрын ғана сарайда жатқан темір пешті Қодаштың баласына бір тоқтыға айырбастап жіберіп едім. – Қас қағым сәттен соң: – Өткенде Қалқұлдың шарбағында темір пештің жатқанын көргенмін. Соны әкете салайық. Өзінен сұрасаң, әлдеқандай болады, – деді.

– Ертең біліп қойып, ұят болып жүрмесін, – деді әкем.

– Өй, кім көреді бізді. Түнде барып аламыз ғой.

Қалқұл – өмір-бақи ұста болған адам. Көшеде шашылып жатқан кез-келген темірден тұрмысқа қажетті зат жасай алатын шеберлігі бар. Совет үкіметі құлап, ауылымыздағы жалғыз ұстахана жабылып қалған соң да Қалқұлдың жұмысы тоқтаған емес. Ауыл тұрғындары әлі күнге дейін ақысын беріп, өздеріне керекті нәрселерін жасатып алады бұл кісіге. Негізі, Қалқұл туралы ауылдастар арасында небір алып-қашпа әңгімелер айтылады. Ауылдың қу жастары «Біздің Қалқұлдың бүкіл мүшесі темірден жасалған шығар» деп қылжақтайды. Олардың бұл сөзі бекер емес – Қалқұл сүйегі терісін тесіп шығардай арық кісі. Жақыннан бажайлап қарамасаң, күн мен отқа қақталып, қайыстай болып кеткен терісінің түсінен мұрты бар ма, жоқ па ажырата алмайсың. Бірақ Қалқұл – мұртты жігіт. Өткен жылы 60-қа толғанын құрдастарына жуып жатқанда, ерте үйленген баласының әйелі босанып, немерелі болыпты дегенді естіген едім.

Сол түні ай сәулесі ерекше жарық болды. Үш күн бойы тоқтамай жауған жаңбыр да тиылған. Қалың бұлт сиреп, аспанда қалықтап жүрді. Көкем екеуміз резеңке етік, пуфайка киіп жорыққа шықтық. Ол кезде 5-6 сыныпта оқитын баламын ғой. Бойымда «ауылдың төбет иттерінің бірі алдымыздан шығып қала ма» деген қорқыныш бар. Аяғымдағы қолпылдатып келе жатқан етікпен алысқа қашып құтыла алмайсың. Көкем жаққа қарап қоямын – ол үнсіз темекісін тартып келе жатыр. Сол түндегі темекінің, жаңбырдан кейінгі ауылдың иісі маған ұнап еді.

Сонымен Қалқұлдың шарбағына жеткен соң сіріңке жағып, айра-жайрасы шығып жатқан қаңылтыр әжетхананың маңынан әлгі өзіміз іздеген пешті тауып алдық. Балшыққа әбден батқан екен. Сол кезде бұл пештің Қалқұлға қарағанда бізге аса қажет екенін түсіндім. Дымқыл жерге жартылай сіңіп кеткен пешті көкем оп-оңай суырып алды. Сосын екеуіміз екі жағынан көтеріп, келген жолымызбен кері қайттық. Осымен ұрлық бітті. Жоспарланған миссия сәтті орындалды. Көкемнің ауласында тұрған машинамыздың багажнигіне олжамызды салып жатқанымыз сол еді, оның Мұқағали деген кенже баласы далаға атып шықты да, табалдырықтан түспестен кіші дәретке тұра қалды. Шамасы, бізді көрмей қалса керек.

– Әй, сәл ары бармайсың ба! – деді көкем.

– Қалқұлдың пешін ұрлап келдіңіздер ме? – деді Мұқағали.

– Жоқ-ей, Мейрамбектен сұрап алдық...

– Мен білемін, сіздер ұрлап келдіңіздер, – деді Мұқағали.

Амалы таусылған көкем бес жасар баласына бұл ұрлықты ешкімге айтпау керегін түсіндірді. Осымен түнгі жорығымызға нүкте қойылуы керек еді. Бірақ бәрі біз ойлағандай болмай шықты.

Ертеңінде түскі шәйді ішіп отырған кезімізде үйге Қалқұл кіріп келді де, әкеме қарап:

– Мұрат, мен ұрыны таптым! – деп айқай салды.

– Қалаке, не болып қалды? – деді әкем саспастан.

– Сендер түнде шарбағымда жатқан пешімді ұрлапсыңдар. Балам айтты. Балама сенің Мұқағалиің айтты, – деп көкеме өткір көзін қадады.

– Машинаңды аш, менің пешім сол жақта!

Әкем:

– Балалар бір білместік жасаған екен, – деп сабырға шақырмақ болып еді, ол көнбеді.

Осы кезде көкемнің үйінің алдына ауылдың бірнеше шал-кемпірі жиналып қалыпты. (Оларды Қалқұл арнайы шақыртса керек). Бәрі біздің ескі «Ниваны» айналшықтап жүр.

– Пештің иесі жоқ пе екен! – деп, Қалқұлдың ашулы әйелі машинаның есігін бірнеше рет жұлқа тартты.

– Жаман пешті соншама даулағаны несі! Шарбағыңда тот басып жатқан соң, керек емес шығар деп ойладым... – деп, көкем олардың өздеріне қарсы шықпақ болды. Осы сөзден соң Қалқұлдың бүкіл жыны сыртқа атылды:

– Сені түрмеде шірітемін! Түрмеге... көзіңе көк шыбын... – деп, түкірігіне шашалып, сөзін ары қарай жалғастыра алмай қалды да. Сәлден соң: – Аш машинаны! – деп айқай салды.

Мен жүгіріп барып «Ниваның» багажнигін аштым. Көкем пешті жалғыз өзі көтеріп, жерге домалатып жіберді де:

– Мә, әкетіңдер! – деді.

– Қазір милиция келсін, сосын сөйлесеміз! – деді Қалқұл. Ауылда іштері пысып жатқан тұрғындардың көбі көкемнің есігінің алдына жиналып қалды. Әкем сол күйі үйден шыққан жоқ. Көршінің шарбағында тот басып жатқан пешті ұрлауға қатысы барына қысылған болуы керек.

Қалқұл көкемнің үйіне келмес бұрын көрші ауылдағы участковойға арыз түсіріп үлгеріпті. Ауылдың ақсақалдары араша түспегенде, әкем мен көкемнің ісі сотқа дейін барар ма еді, кім білсін?

Сол күні түс қайта көкем екеуміз әлгі пешті Қалқұлдың үйіне қайтып апарып бердік.

– Қалеке, білмей қалыппыз, – деді көкем.

– Жарайды, сарайдың жанына қоя салыңдар, – деді Қалқұл.

Осымен әңгіме бітті.

P.S. Біз ұрлыққа түскен күннің ертеңінде көкемнің әлгі Мұқағали деген кенжесі ескі мектептің маңында ауыл балаларымен ойнап жүрмей ме! Сол жерде Қалқұлдың өзінен екі жас үлкен баласымен асыққа таласып, жаға жыртысып қалыпты. Жұдырыққа жұдырықпен жауап беретіндей шамасы болмаған сияқты. Амалы таусылған соң үйге қарай қашып бара жатып, Қалқұлдың баласына:

– Зато біз сендердің пештеріңді ұрлап алдық! – деп айқай салған екен.

boltaie@gmail.com
XS
SM
MD
LG