Accessibility links

Астана саммиті: «Жауың маса болса, өзіңді пілдей көрсет»


ЕҚЫҰ саммиті кезінде қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етіп жүрген офицер. Астана, 1 желтоқсан 2010 жыл
ЕҚЫҰ саммиті кезінде қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етіп жүрген офицер. Астана, 1 желтоқсан 2010 жыл
Сәрсенбі, желтоқсанның 1-і күні қазақстандық журналистер Астана әкімшілігінің алдына таңғы бестен жинала бастады. Сол жерден саммит өтетін аумаққа арнайы автобустармен жеткізіледі. Журналистер отыратын «Шабыт» медиа орталығына тілшілердің алды таңғы алтыда жетті.

Тілшілердің саммит өтетін жерге асығуының да бірнеше себептері бар. Өйткені баспасөз орталығына жеткенше бірнеше тексеруден өтеді. Баспасөз орталығына ертерек жетудегі тағы бір себептің де сыры кейін ашылды.

«Саммит күні журналистерге нетбук сыйға тартылады екен» деген қауесет тілшілер арасында екі күн бұрын тарап кеткен болатын. Алайда ондай «керемет» сыйлық болмады. «Сол үшінде ертелетіп келіп едім, әйтпесе менің уақытым түске қарай еді» дейді аты-жөнін атамауды өтінген журналист. Бірақ кейбір тілшілер «неутбукты саммит соңына қарай сыйлайды екен» деген жаңа қауесет айтып жүр.

Тіркеуден өтіп қажетті қағаздарын жинақтап алған журналистердің басым бөлігі асханаға асықты. Таңғы тегін шайдан ешкімнің де бас тартқысы жоқ екені байқалады. Ал медиа орталықта тілшілерге тағам дайындайтын асханада арнайы зертхана орнатылыпты.

«Журналистерге тартылатын тағамның барлығы жіті бақылаудан өткен соң ғана дастарханға жеткізіледі» дейді мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің маманы Елена Тәкенбаева Азаттық тілшісіне. «Оның үстіне шет елдік журналистердің сынына ұшырап қалмаудың да қамы» дейді.

Байқағанымыздай саммитке шет елдерден, көбінесе, бірінші басшылары келмеген. Қазақтар өздеріне жақын тартып жүрген Өзбекстаннан сыртқы істер министрі келіпті.

Қарбалас сәттің бірінде шет елдік журналистердің бүркітпен суретке түсіп жатқаны көзге шалынды. Қыран құсты қолына қондырған қарағандылық Дархан Төребеков бүркітінің арқасында саммитке қатысқанын айтады. Оның Ақжихат есімді бүркітін ұйымдастырушылар саммитке арнайы «шақыртыпты».

ЕҚЫҰ саммитінің негізгі жиыны өтетін аумақ мұқият бақылауға алынған, төңіректің барлығына күзет қойылып, БТР танкілері де тартылған. Ауғанстандық журналист Мухаммед Хабири мұндай сақтық шарасына түсіністікпен қарайтынын айтады.

– «Жауың маса болса, өзіңді пілдей көрсет» деген біздің елде нақыл бар, сондықтан қауіпсіздік шарасының қатал болғаны орынды, – дейді журналист Мухаммед Хабири.

alash_76@mail.ru
XS
SM
MD
LG