Accessibility links

«Қазақстандық ұлт» пен қазақ



«Діні бір, тілі бір тұтас халық» деген сөз естісем, қазақты қай санатқа қосарымды да білмей қаламын. Діні бір дейін десем, қай дінді айтамын – аузыма алдымен мұсылман діні түскенмен, оның өзі қазір уахиб дей ме, уахаб дей ме, сопылар дей ме, бірнеше сектаға бөлінген. Бұл бір діннің ішіндегі жағдай болса, жан-жақтан түрлі ағымдармен келіп жатқан басқа діндерге кірген, «қазақ» деген атты жамылып жүрген «діндар» қандастарымыз да қаншама.

Осы қазақ деген ұғымның аясына түрі бір болғанмен тілі басқа топтар да кіреді. «Қазақ тілді» қазақтар, «орыс тілді қазақтар» деген ұғым да қалыптасып келе жатыр. Оны кейбіреулер «таза қазақ» және «шала қазақ» деп те атап жүр. Бұған «қала қазағы» мен «дала қазағын» қосыңыз. Бұл – әлі бергі жағы. Арғы жағы – үш жүзден басталып, тарамдалып, тарақталып, ақыры ру-ру, тайпа-тайпа болып бөлінген қандастарымыз. Шығыс, батыс, оңтүстік, солтүстік, орталық деп те бөліне аламыз. «Жаңа қазақтар» мен «кедей қазақтар» да бар арамызда. Халық болғаннан кейін «зиялы» («оқымыстылар») қауым мен «сауатсыз» («қара базар жағалағандар»), «шенеуніктер» мен «жұмысшылар» да бар. Сыртынан қарап отырсың, географиялық, әлеуметтік, экономикалық, генетикалық жағынан талдасаңыз да жетіп жатыр. Енді бұған елімізде тұратын 150-ден артық ұлттың өкілдерін қосыңыз, олар – бір төбе, «менің халқым» – бір төбе.

Қазір халқымыздың көбісі бетіне келсе күліп қарайтын, артынан тас ататын Алтын бас Президентіміз халқының осындай құрамын көріп отырып «Қазақстандық ұлт» жасаймын деп ұрандап жүргенінің жөні бар ма деп ойлайсың.

Бірақ ұлтымыздың, мемлекетіміздің бірлігі мен егемендігі кешегі саммитке де, оны өткізген адамға да, басқа ұлттарға да керек емес. Ұлт, мемлекет – маған, саған, біздің ұрпағымызға керек. Ендеше, «Нұр-Отан» партиясы айтпақшы, бірлігіміз жарасқан ел болайық, ағайын!

rubin-ma@mail.ru
XS
SM
MD
LG