Accessibility links

«Даму» қоры шағын бизнеске көрсеткен тарыдай көмегін таудай қылып айтады


Астық үйіп жүрген фермер. (Көрнекі сурет)
Астық үйіп жүрген фермер. (Көрнекі сурет)

Қазақстан билігі шағын және орта бизнес мәселелерімен әлемдік қаржы дағдарысы қызып тұрған шақта айналыса бастады. Ал бизнесмендердің сұрайтын нәрсесі екеу ғана: жеңілдікпен қаржыландыру және салық мөлшерін азайту.


«ӘР ҚАЗАҚСТАНДЫҚҚА – ӨЗ БИЗНЕСІ!»

2008 жылы Қазақстан тәуелсіздігінің 17 жылдығына арналған салтанатты жиналыста президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз экономика құрылымындағы шағын және орта бизнестің үлесін елеулі түрде арттырып, оны орташа дамыған Еуропа елдерінің деңгейіне жеткізуіміз керек. Осылай етсек, кезекті дағдарыстық жағдайларға төтеп беру бізге жеңілдеу болады. Әрбір қазақстандықтың жаңа істі игеріп, жаңа бизнес ашуға немесе өзінің қызмет аясын кеңейтуіне мүмкіндігі болуы керек», – деп мәлімдеген.

Президент идеясын басты жүзеге асырушылардың бірі «Самұрық-Қазына» қорына Қазақстан «экономикасын тұрақтандыру» міндеті жүктелді. Қордың алдына қойған бес басым бағыттардың бірі – шағын және орта бизнеске (ШОБ) қолдау көрсету. Шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуді «Самұрық-Қазына» қоры өзінің еншілес компаниясы – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы жүзеге асырады.

«ДАМУДЫҢ» ҚАРЖЫСЫ ҚАЙДА ЖҰМСАЛДЫ?

Жақында «Даму» қорының сайтында өткен жылғы қызметінің кейбір қорытындылары жарияланды. Компания ШОБ-ты қолдау жөніндегі 13 қаржылық және 11 қаржылық емес бағдарламаларды жүзеге асырыпты. Қазіргі кезде «Даму» қоры Қазақстанның үдемелі индустриалдық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы мен «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламаларын жүзеге асыруда агенттің міндетін атқарды.

«Соңғы екі жылдың ішінде мемлекеттік бағдарламалар аясында шағын және орта кәсіпкерліктің тоғыз мыңнан аса субьектілері қор арқылы 500 миллиард
Жеке кәсіпкер Светлана Селютина «Алтын Арман» базарының күнделікті салығын қымбатсынады. Петропавловск, 29 шілде 2009 жыл. (Көрнекі сурет)
теңгеден астам соманың (80 пайыздан астамы мемлекеттің ақшасы) қаржылық қолдауын алды», – деп хабарлайды «Даму» қорының сайты.

«Даму» бағдарламалары бойынша ШОБ субьектілеріне берілген қаржының былай бөлінгенін байқауға болады: сауда саласына – 45,7%; қызмет көрсету саласына – 24,2%; өнеркәсіпке –17,2%; құрылысқа – 5,2%; ауыл шаруашылығына – 5,1%; көлік пен байланысқа – 2,7%. Байқап отырсыздар, нақты материалдық игіліктерді жасауға байланысты салаларға жалпы қаржының 24,7% ғана жұмсалып отыр. Азаттық радиосының бұған дейінгі талдауы екінші деңгейлі банктердің шағын және орта бизнесті несиелеу жағдайы да шамамен осындай сипатта екендігін көрсетті.

АУЫЗ ЖАРЫМАЙТЫН АҚША

Экономикалық даму және сауда министрлігі кәсіпкерлікті дамыту департаменті директорының орынбасары Сабыр Ержановтың айтуынша, Қазақстандағы бизнестің 90 пайызы – шағын және орта бизнес кәсіпорындарының үлесінде. Ал Еуропада олар 99 пайызға жеткен.

Сөз жоқ, Еуропа мұндай деңгейге ШОБ-тың аяғына оралғы болатын әкімшілік, заңнамалық және өзге де кедергілерді жеңе отырып, жүздеген жылдарда жетті. Бірақ Қазақстанда ШОБ-ті дамыту – әлі де өзекті мәселе. Статистика жөніндегі агенттіктің деректері бойынша, 2010 жылдың 1
Кәсіпкер Қанағат Тәкеева «Қорғас» кеденіндегі заңсыз алымдар туралы мәлімдеді. Алматы, 24 қараша 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
желтоқсанында елде 1 миллион 84 мың 170 ШОБ кәсіпорындары тіркелген. Оның ішінде белсенді түрде жұмыс істеп жатқандары – 628 мың 455 кәсіпорын.

Осы тұрғыдан келгенде «Даму» қоры екі жылдың ішінде қаржылық көмек көрсеткен тоғыз мың кәсіпорын – ауыз толтырып айтатындай дүние емес. «Даму» қорының ШОБ-ты қаржыландыру үшін екінші деңгейлі банктердегі салынған қаржы арқылы 10 мың 894 жұмыс орнын аштық дегенінің өзі дәл осы кезде елдегі ШОБ саласында жұмыс істеп жатқан 2 миллион 145 мың 243 адаммен салыстыруға еш келмейді.

BISAM Central Asia орталығының зерттеулері бойынша, осыдан аз ғана уақыт бұрын шағын кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау, қаржы көзі тұрғысынан қарағанда, екі пайыз ғана болған. ШОБ-ты қолдау үшін мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қаржының жалпы сомасы соңғы екі-үш жылдың бедерінде өскенімен, соншалықты көп емес. Азаттық радиосының есептеулері көрсеткеніндей, орташа есеппен алғанда, ол – мемлекеттік бюджеттен бөлінетін жалпы қаржының 4-7 пайызы ғана.

Оның үстіне шағын және орта бизнес кәсіпорындарына мемлекеттік қолдау көрсетілуімен бірге оларды екінші деңгейлі банктер тарапынан несиелеудің төмендеп бара жатқандығы байқалады.

Кезінде Қазақстан үкіметі екінші деңгейдегі банктерді «құтқару» үшін миллиардтаған долларлық несиелер бөлген. Бірақ әзірге олар жанданып кете қойған жоқ. Ал банктер экономиканы сүйрейді деген үміт дәл сол үміт күйінде ғана қалды: бір жағынан банктердің шамадан тыс ликвидтілік проблемалары бар, екінші жағынан күмәнді несиелер және тәуекел синдромы деген тағы бар.

Бірақ қазір Қазақстандағы коммерциялық банктер ШОБ-ты дамыту үшін ештеңе істей алмайды. Ұлттық банктің деректері бойынша, өткен жылдың 11 айында ШОБ субьектілерін несиелеу 23,4 пайызға төмендеген. Ал шағын және орта кәсіпкерлікке бөлінген несие бүкіл экономикаға бөлінген несиенің 17,5 пайызы ғана.

Биліктегілер ШОБ-ты экономиканы көтерудің елеулі тірегі деп атағанымен, ШОБ-тың жыл сайынғы ішкі жалпы өнімдегі (ІЖӨ) үлесі 30 пайыз екендігін ескерсек, мемлекеттің шағын бизнесті қолдауға бөліп отырған қаржысы жеткіліксіз.

ҮМІТ ОТЫ

Сөз жоқ, Қазақстан билігі ШОБ субьектілері үшін бөлінетін қаржының жағдайын барынша жеңілдетіп, оны өсіруі керек. «Даму» қорының веб-сайтындағы «Сіздердің ойларыңызша, мемлекет тарапынан ең қажетті көмек не?» деген сұраққа жауап берген респонденттер: «Жеңілдікпен қаржыландыруда көмек көрсету және салық мөлшерін азайту», – деп, екі-ақ мәселеге назар аударған.

Респонденттердің айтып отырған мәселелері – тұтасымен мемлекеттің қолында. Бұларды аздап болса да шешу ШОБ-тың дамуына жаңа серпін береді. Өткен жылы «Даму» қоры өзінің кейбір бағдарламалары бойынша несие пайыздарының бір бөлігін мемлекет есебінен жапқанымен, түрлі мемлекеттік бағдарламаларға енбеген кәсіпорындар үшін пайыздық ставка мәселесі бұрынғысынша зәру күйінде қалды.

ШОБ-ты қаржыландыру құрылымын толық қайта құру қажет. Әрине, нақты материалдық игіліктерді өндіру салаларымен салыстырғанда, сауда және қызмет көрсету салаларындағы капиталдың өтелуі жылдамырақ және мұндай ШОБ кәсіпорындарына берілген несиелер барынша тез қайтады. Алайда нақты бір даяр өнім (мысалы, жартылай фабрикаттар) өндіретін, оны шетелге экспортқа шығаратын шағын және орта кәсіпорын құру мемлекетке көбірек пайда әкелетіндігі сөзсіз.

Сондықтан мұндай кәсіпорындарға барынша ұзақ мерзімге (мысалы, 10 жылдан әріге), пайыздық ставкасы төмен, өтеу мерзімі кейінірек басталатын несиелер беру қажет. Оған қоса салықты да біртіндеп азайту мәселесін қарастырған маңызды.

Қазақстан үкіметі өзінде өндірілетін өнімнің өсуін ынталандыру үшін протекционистік шаралар қабылдауға міндетті. Әкімшілік кедергілерді азайтып, шағын және орта бизнес кәсіпорындарын тіркеу, лицензиялау тәртібін, есеп берудің әр түрлерін рәсімдеуді оңайлатуы керек.
XS
SM
MD
LG