Accessibility links

Президенттік сайлауға кімдер түсетіні анықталды


Орталық сайлау комиссиясы ғимаратында тұрған ақпарат тақтасы. Астана, 20 ақпан 2011 жыл.
Орталық сайлау комиссиясы ғимаратында тұрған ақпарат тақтасы. Астана, 20 ақпан 2011 жыл.

Орталық сайлау комиссиясы 2011 жылы сәуірдің 3-інде өтетін кезектен тыс президент сайлауына қатысатын кандидаттардың ақырғы тізімін жария қылды. Араларында қазіргі президент Нұрсұлтан Назарбаев бар төрт кандидат енді сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарын бастайды.


Сәрсенбі, наурыздың 2-сі күні Қазақстан президенттігіне кандидаттарды тіркеу аяқталды. Тиісті сайлаушылар қолын жинаған 4 үміткер кандидат ретінде тіркелді. Олар – Қазақстанның қазіргі президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан коммунистік халық партиясы ұсынған Жамбыл Ахметбеков, «Табиғат» экологиялық одағының басшысы Мэлс Елеусізов, Қазақстанның патриоттар партиясының жетекшісі Ғани Қасымов.

ҮМІТКЕРЛЕРДІҢ ТӨРТЕУІ – ӘЙЕЛ

Бұл жолғы науқанның бір ерекшелігі – президент сайлауына қатысуға тілек білдірген әйел үміткерлердің бұған дейінгі сайлаулардан көп болғандығы. Орталық сайлау комиссиясына төрт әйелден өтініш түсті. Олар:

1. Гүлдана Тоқбаева – Жамбыл облысының тұрғыны, 57 жаста. 1980 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Радиода, республикалық журналда журналист болып қызмет еткен. Соңғы екі жыл жұмыссыз отырған. Өзінің айтуынша, оған 37 жасында емшілік қасиет қонған. 1993 жылы «Қазақстанның халық емшісі» деген куәлік алған.

2. Мая Қарамаева – Алматы облысының тұрғыны, 54 жаста. Орта білімі бар. 2005 жылы да өзін-өзі президенттікке ұсынған. Бірақ ол кезде де қазақ тілі сынағынан өтпей қалды. Майя Қарамаева – «Қазақстанның халық емшісі» деген атағы бар биоэнерготерапевт.

3. Мейрамгүл Қожағұлова – Ақтөбе облысының тұрғыны, 50 жаста. 2005 жылы өз кандидатурасын екі рет ұсынған. Жоғары білімі болмағандықтан парламент сайлауына өтпей қалған, қазақ тілін білмегендіктен президент сайлауына жіберілмеген. Сайлау комиссиясы «жұмыссыз» деп көрсеткен кандидаттың өзінің айтуынша, ол Ақтөбе облысындағы отбасы орталығын басқарады.

4. Зәуре Масина – Павлодар облысының 64 жастағы тұрғыны, зейнеткер.

ӨТІНІШ БЕРГЕНІ – 22, ҚАЛҒАНЫ – 20

Орталық сайлау комиссиясының дерегі бойынша, сайлауға қатысуға 22 адам ниет білдірген. Олардың үшеуін - партиялар, біреуін - қоғамдық бірлестік қолдаған, 18 адам өзін-өзі ұсынған. Араларында парламенттің бұрынғы және қазіргі депутаттары, кәсіпкерлер, зейнеткерлер, жұмыссыздар бар.

Бірақ 22 үміткердің екеуі – Зәуре Масина мен Советқазы Нұрсила өз кандидатураларын бірден алып тастады.

Қалған 20 кандидаттың ішінен:

4 адам қазақ тілінен сынақ тапсырмай қойды (Амантай қажы Асылбек, Біржан Ділмағамбет, Мейрамкүл Қожағұлова, Мұрат Телібеков);

5 адам өтпей қалды (Уәлихан Қайсар, Қанат Есжанов, Толыбай Баймұрзин, Майя Қарамаева, Адалбек Құнанбаев);

11 үміткер қазақ тілі сынағынан өтті.

САЙЛАУҒА ТҮСЕТІН ТӨРТ КАНДИДАТ

Тіл сынағынан өткен 11 үміткердің арасынан 3 азамат – Қанат Төрегелдиев, Жақсыбек Бәзілбаев, Мұсағали Дуамбеков сайлауға қатысудан бас тартты.

Тіл сынағынан өтіп, енді сайлауға қатысу құқын иелену үшін қол жинау парағын алған үміткерлердің ішінен 4 адам – Сәлім Өтен, Гүлдана Тоқбаева, Құрманғазы Рахметов, Серік Сапарғали – кандидат ретінде тіркеле алған жоқ.

Ал жоғарыдағы 4 үміткер (Нұрсұлтан Назарбаев, Жамбыл Ахметбеков, Мэлс Елеусізов, Ғани Қасымов) жақтаушылардың қолын жинап келіп, президенттікке кандидат ретінде тіркелді.

Кандидаттардың сайлау алдындағы үгіт-насихат шаралары наурыздың 3-інен сәуірдің 1-іне дейін (2-сіне қараған түні сағат 12-ге дейін) өтеді.

Президент сайлауы сәуірдің 3-і күні жергілікті уақытпен таңғы жетіде басталып, кешкі сегізде аяқталады.
XS
SM
MD
LG