Accessibility links

Президенттікке кандидаттардың үгіт-насихаты басталды


Бүгіннен бастап Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауына кандидат болып ресми тіркелген төрт үміткердің үгіт-насихат жұмыстары басталды.

Бұл туралы наурыздың 2-сінен 3-іне қараған түні өткен Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) кезекті отырысында ОСК төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов хабарлады.

ОСК бұған дейін сайлауға түсуге өтініш берген заңгер Сәлім Өтенді, жұмыссыз Гүлдана Тоқбаеваны, қоғамдық белсенді Жақсыбай Бәзілбаевты және кәсіпкер Серік Сапарғалиды президенттікке үміткер ретінде тіркеуден бас тарту туралы қаулы қабылдаған.

Ал кандидаттарды тіркеу мерзімінің бітуіне бір тәулік қалғанда үш адам - Қанат Тұрагелдиев, Мұсағали Дуамбеков және Құрманғазы Рахметов - сайлауға түсуден өз еріктерімен бас тартатындары туралы өтініш тапсырған.

Қазақстанда сәуірдің 3-іне белгіленген кезектен тыс президент сайлауына кандидат болып тіркелген 4 азамат өзара бәсекеге түседі. Олар - биліктегі «Нұр Отан» партиясы ұсынған қазіргі президент Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстанның коммунистік халықтық партиясының хатшысы Жамбыл Ахметбеков, Қазақстан патриоттар партиясынан Ғани Қасымов және «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізов.

Кандидаттардың сайлау алды үгіт-насихат шаралары сәуірдің 1-іне дейін жалғасады.
XS
SM
MD
LG