Accessibility links

Гаага соты Ратко Младичке айыптау құжатымен танысуға мұрсат берді


Ратко Младич Гаага халықаралық сотында отыр. 3 маусым 2011 ж.
Ратко Младич Гаага халықаралық сотында отыр. 3 маусым 2011 ж.
Гаага халықаралық трибуналында бүгін басталған алдын ала тыңдауда айыпкер Ратко Младич соттан өзіне тағылған айыптармен танысуға мұрсат беруді сұрады.

Судья Альфонс Орие босниялық серб әскерінің бұрынғы қолбасшысы генерал Ратко Младичке 1990-жылдардың ортасында Босниядағы азамат соғысы кезінде жасалған қылмыстарға байланысты 11 баптан тұратын айыптар тағылатынын хабарлады.

Олардың арасында – геноцид, адамзатқа қарсы жасалған және әскери қылмыстарды қамтитын айыптар бар. Жұма күні бұл сот тыңдауы «Еуроньюс» телеарнасы арқылы тікелей эфирде көрсетілді.

Ратко Младич сотқа өзінің денсаулығы өте дімкәс екендігін айтып, өзіне тағылып отырған 11 баптан тұратын айыптардың барлығымен танысып шығу үшін уақыт беруді сұрады.

«Сіз өзіңіздің айбыңызды мойындайсыз ба?» деген судьяның сұрағына Ратко Младич тура жауап берген жоқ. Тек мұндай «жан түршігерлік айыптарды бұған дейін естімегенін» айтты.

Судья Альфонс Орие айыпкер Ратко Младичке 37 беттік айыптау құжатымен танысуға отыз күн уақыт беріп, келесі сот отырысын шілденің 4-іне жергілікті уақытпен таңертеңгі сағат 10-ға белгіледі.

Соңғы 15 жыл бойы халықаралық соттан қашып жүрген 69 жастағы Ратко Младич өткен аптада Сербияда ұсталып, сейсенбі күні Белградтан Гаагаға жеткізілген болатын.
XS
SM
MD
LG