Accessibility links

1916 жылы «Июнь жарлығынан» кейін қазақ зиялылары екіге бөлініп тартысты


Жазалаушы отрядтың қолынан Түркістанда дарға тартылған көтерілісшілер. 1916 жыл. «Большой атлас истории и культуры Казахстана» кітабынан алынды
Жазалаушы отрядтың қолынан Түркістанда дарға тартылған көтерілісшілер. 1916 жыл. «Большой атлас истории и культуры Казахстана» кітабынан алынды

95 жыл бұрын қазіргі Қазақтан мен Орталық Азия аумағында Ресей патшасының соғыс мұқтаждығы үшін тыл еңбегіне адам жинау туралы бұйрығына қарсы жаппай бас көтеру басталды.


1916 жылы маусымның 25-інде Ресей патшасы ІІ Николайдың «Реквизициялау туралы» жарлығы шығып, Қазақстан, Орта Азия мен Сібірдегі «бұратана халықтардан» 19 бен 43 жас аралығындағы 400 мың адамды майданның тыл жұмыстарына алу көзделді. Оның 240 мыңын қазақтан алынатын болды. Осы жарлыққа іле-шала қазақ даласы мен Орта Азияда жиырмасыншы ғасырдағы ең айтулы, жаппай көтерілістердің бірі басталды.

«НЕ БОЛАР СОЛДАТ БОЛЫП КӨРГЕН КҮНІМ»

«Июнь жарлығынан» кейін дариядай толқыған қалың елді ақ патшаның зеңбірегін сүйретіп, от қаруын арқалаған жазалаушы әскері қоғадай жапырып, талап-тонады. Бала-шаға, шал-шауқан ат тұяғының астында қалды. Азаматын атты, асты. Сібірге де айдады, қара жұмысына да алды.

Арқаға тірелген қара мылтықтың күшімен жат ел, бөгде жұртқа еріксіз кетіп бара жатқан қазақ жігітінің мына бір әні артта қалған ата жұртқа дұғай сәлем болып жетті:

«Самал тау, өскен елім, шалқар көлім,
Не болар солдат болып көрген күнім,
Есіме қайта-қайта түсе бердің,
Кір-жуып, кіндік кескен туған жерім...»
Қазақ жеріне кірген патшалы Ресей әскері. 1916 жыл. «Большой атлас истории и культуры Казахстана» кітабынан алынды

Әуелетіп басталатын осынау ащы әуен – қайда, неге және не үшін бара жатқанын түсіне алмаған қазақ жігітінің кеудесін жарып шыққан, өз тарихын өзі баяндайтын кең құлашты деректі ән. Қайырмасы:

«Атты емеспіз, жаяумыз,
Жаяудан да баяумыз,
Он бес сөтке жүргенде,
Омскиге-ей таяумыз.

Әке-шешем бар еді,
Жасы жеткен кәрі еді,
Осынау әнге салдырған,
Он алтының зары еді», – деп, жігерді құм қылған өкініш, өксікпен аяқталады.

«ҮСТЕМ ТАП ӨКІЛІ, ҚАЗАҚТЫҢ ОҚЫҒАНСЫМАҒЫ»

1938 жылы «Амангелді» пъесасының негізінде қазақ көркем фильмінің алғашқысы – «Амангелді» жарыққа шықты. Торғай өңіріндегі 1916 жылғы көтерілістің бас сардары Амангелді Иманов тұлғасын советтік идеология ізімен дәріптейтін бұл фильмді қазақ жастарының бірнеше буыны тоқал тамның қара сылағына керілген ақ кездемеге телміріп отырып көрді.

Фильм сценарийінің авторлары – Бейімбет Майлин мен Ғабит Мүсірепов. Оған «В.Иванов» деген тағы бір сценарист қосылған. Кинода әжуаланған образ, жағымсыз бейне – халықты жарлыққа бой ұсындырып, қара жұмысқа көндірмек үшін әуреге түсіп жүрген «үстем тап өкілі, бай баласы, қазақтың оқығансымағы». Үстіндегі киімінен бастап, мұрт қойысына дейін қаймана қазақтан оқшау.
1938 жылы түсірілген «Амангелді» фильмінен Алаш кезеңіндегі қазақ оқығандары, жағымсыз кейіпкер ретінде болса да, экраннан көрініп қалды. Осы жылы әлгі кейіпкердің прототиптері де, сценарий авторларының бірі Бейімбет Майлин де атылып кетті.

Көркем фильмде «жарлыққа қарсы шықпаңдар, қара жұмысқа барыңдар» деген патшаның көзілдірікті «итаршысының» сөзіне ешкімнің де ермегені баяндалады. Ермегені былай тұрсын, қайта жалбағай киінген қазақтар ат үстінен жабыла күліп, бірі қамшысын, енді бірі саусағын шошайтып, «аман-сауыңда тайып тұр» деп ызбар шашады. Жан-жағына алақ-жұлақ қараған әлгі бейшара көптің ызалы күлкісіне шыдамай, жылыстап кетуге мәжбүр.

Советтік көрермен соншалық жеккөрінішпен қабылдаған бұл жағымсыз бейне – ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ жұртын қалың ұйқыдан оятуға бел шешіп кіріскен Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сияқты тағы да басқа Алаш қайраткерлерінің жиынтық образы еді.

1938 жылы түсірілген «Амангелді» фильмінен Алаш кезеңіндегі қазақ оқығандары, жағымсыз кейіпкер ретінде болса да, экраннан көрініп қалды. Осы жылы әлгі кейіпкердің прототиптері де, сценарий авторларының бірі Бейімбет Майлин де атылып кетті.

«Қазақфильмнің» алтын қорына алынған бұл фильм «Бандыны қуған Хамит» сияқты көркем фильмдер қатарында, ара-тұра «беймезгіл уақытта», әлі күнге дейін көрсетіледі.

«КӨНБЕСКЕ ШАРА ЖОҚ...»

«Амангелді» фильмінде Торғайдағы 1916 жылғы көтерілістің көсемі Әбдіғаппар Жанбосыновтың ескерусіз қалғаны болмаса, жағымсыз кейіпкердің «патша жарлығына қарсы шықпайық» деген сөзі рас еді. Тіпті, Алаш арыстарының елді сабырға шақырғанына халықтың барлығы бірдей бас шұлғи қоймағаны да шындық болатын. Советтік киногерлер осы шындықты жалпы контекстен бөліп алып көрсетті.

«Маусым жарлығынан» кейін абыр-сабырға түскен халыққа жол көрсетуге тиіс қазақ саяси элитасы екіге жарылды. Жарлықтан кейін не істерін білмей абыржыған қазақ жұртын сабырға шақырып, ақылмен іс қылуға үндеген «Қазақ» газеті болды.
Міржақып Дулатов, Алаш жетекшілерінің бірі.

«Отан ішіндегі барлық ұлттар терезесі тең болса, соған қарай біркелкі борышты болуы тиіс» деген желеумен өзге ұлттар секілді қазақ баласын да әскерге алып, өнер үйретуді бейбіт күндерде-ақ сұраған Алаш азаматтары сол кездегі саяси жағдайға ымыралы көзқарасты ұстанды. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтар 1916 жылы тамыздың 11-інде жарық көрген «Алаштың азаматы» атты үндеуінде:

«Біздің жұртқа айтарымыз – бұған көнбеске болмайды. Мұны бұрын да сан рет айтқанбыз. «Көнбейміз» деушінің сүйенгені жан тәттілік болса, салыстырып қаралық: көнгенде жұртқа қандай ауырлық бар, көнбегенде қандай ауырлық бар? Көнгенде – шаруаға кемшілік те келер, барған жігіт қазаға да, бейнетке де ұшырар, бірақ елдің іргесі бұзылмас. (Қазаға ұшырар деп ауру-сырқаудан болған қазаны айтамыз, әйтпесе солдат қылып алмайды, соғыстан өлмейді).
Үкімет бізге құр өкпелеп қоймас, күш жұмсар, ол күшті законға сүйеніп істер.

Көнбегенде көретін ауырлық – бағынып тұрған үкіметтің жарлығынан бас тартсақ, жау жағадан алғанда бас қорғап үйде қаламыз деп мемлекетке қамшымыздың ұшын бермесек, үкімет бізге құр өкпелеп қоймас, күш жұмсар, ол күшті законға сүйеніп істер?» – дейді.

Алаш қайраткерлерінің «Июнь жарлығына» байланысты осындай ұстанымдары мен көзқарастары советтік саяси қуғын-сүргін кезінде оларға «патша өкіметін қолдады, халыққа қарсы шықты» деп айып тағуға тағы бір ілік болды.

«ЖЫҒЫЛҒАНҒА ЖҰДЫРЫҚ»

Ал Тоқаш Бокин, Жаңабай Ниязбеков, Әубәкір Жүнісов, Тұрар Рысқұлов, Сейітқали Меңдешев, Бәймен Алманов, Әліби Жангелдин, т.б. радикалды көңіл-күйдегі оқығандар мен белсенділер халықты ашық қарулы қарсылыққа шақырды. Қара жұмысқа алынатындардың тізімін жасаудағы билік орындарының бармақ басты, көз қысты әрекеттері, жаппай пара беру мен пара алушылық жығылғанға жұдырық болып тиді. Бай пара беріп, баласының жасын не кішірейтіп, не үлкейтіп көрсетті, кедей де соңғы тоқтысын сатып, байдан көргенін істеді. Екі ортада тізім жасаған болыстар, үнсіз бақылап, мұртын майлап отырған орыс шенеуніктері қорасын малға, қалтасын ақшаға толтырды.
Тоқаш Бокиннің 1917 жылы түскен суреті. "Большой атлас истории и культуры Казахстана" кітабынан алынды

Жарлықтан соң бір ай өтер-өтпесте көтеріліс оты тұтанды. «Қазақ» газеті болжағандай «сырттан әскер кіріп, ел үркіншілікке ұшырады». Қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі елге тұтас жайылып, Батыс Қазақстандағы көтеріліс, Сырдария көтерілісі, Қарқара көтерілісі, Семей көтерілісі, Ақмола көтерілісі, Жетісу көтерілісі, Торғай көтерілісі деген атаулармен тарихта қалды.

Көтерілісті басып-жаныштау үшін бір ғана Жетісу өңіріне 16 зеңбірегі мен 47 пулеметі бар 95 рота, 24 жүздік келіп, ондаған қазақ-қырғыз ауылдарын жойып жіберді. Осы кездері 300 мыңнан астам қазақ Қытайға ауып кетті.

Түркістан өлкесінде жазалаушы отрядтар қолынан сотсыз, тергеусіз қаза тапқан адамдарды айтпағанда, 1917 жылғы ақпанның 1-індегі дерек бойынша 347 адам өлім жазасына кесіліп, 168 адам Сібірге айдалды, 129 адам түрмеге қамалды.
XS
SM
MD
LG