Accessibility links

Түркі-мұсылман саясаткерлерінің бірегейі Сәлімгерей Жантөрин еді


Мемлекеттік Дума депутаты Сәлімгерей Сейітханұлы Жантөрин.
Мемлекеттік Дума депутаты Сәлімгерей Сейітханұлы Жантөрин.

Патшалық Ресейдің түркі тілдес мұсылман халықтары құрған қоғамдық-саяси және мәдени ағартушылық қозғалыстың бел ортасында жүрген қайраткер Сәлімгерей Жантөрин осыдан 85 жыл бұрын Қазан қаласында жұмбақ жағдайда қаза болды.


Мұсылман қауымының бетке ұстар талай азаматы дәріс алған «Ғалия» медресесін салуға қатысқан меценат, Мәскеу мен Санкт-Петербург университетін тәмамдаған, Уфа губерниясындағы жауапты қызмет иесі, алғашқы Думаның депутаты болып сайланған мұсылман қауымының құқығын қорғаушы һәм патшалық режимнің түркістандық зиялы қауымды қаққа жару әрекетін әшкерелеуші саясаткер. Бұл – өз заманында ірі құбылысқа айналса да, совет кезеңінде ұмыт қалған «түркі-мұсылман қайраткерлігінің» бір белгісі Сәлімгерей Жантөриннің қысқаша сипаттамасы.

Хан тұқымына жататын әйгілі Жантөриндер әулетінен тараған Сәлімгерей Сейітханұлы Жантөрин 1864 жылы Уфа губерниясында дүниеге келді.

19-ғасырдың соңы мен 20-ғасырдың басындағы түркі-мұсылман қозғалысын зерттеген татар, башқұрт және қазақ тарихшыларының еңбектерінде Сәлімгерей Жантөрин ірі жер иеленуші, меценат және аса
Сәлімгерей Жантөринің Уфа қаласындағы атқорасы әлі тұр. Башқұртстан. (Сурет votjak.livejournal.com парағынан алынды)
көрнекті түркі-мұсылманшыл қоғам қайраткері ретінде қарастырылады.

Ғұмыры Уфа, Мәскеу, Санкт-Петербург және Қазан қалаларында өткенімен Сәлімгерей Жантөриннің қоғамдық қызметі Ресейдегі түркі-мұсылмандардың, оның ішінде қазақ халқының құқығын қорғауға арналды.

Әуелі Орынбор гимназиясын тәмамдаған ол кейіннен Мәскеу университетінің физика-математика факультеті мен Санкт-Петербург университетінің заң факультетін (1889) бітірді.

25 жасында Ресейдегі танымал университеттердің дипломымен Уфа губерниясына қайта оралып, Белебей уезінің мировой судьясы қызметіне кірісті. 1894-1906 жылдары сол уезде земство бастығы, шаруалар ісі бойынша губерниялық кеңес мүшесі қызметін атқарды.

Сәлімгерей Жантөриннің кейінгі тағдырына дәл осы кезеңде Уфа қаласына шоғырланып, Ресейдегі түркі-мұсылман жұртының жоғын жоқтаушы ретінде
Сәлімгерей Жантөрин патша өкіметіне қарсы оппозицияда болған осындай саяси күштердің жұмысына 1905 жылдан бастап белсене араласты
таныла бастаған жәдидшіл татар-башқұрт интеллигенциясының бағыт-бағдары айрықша ықпал етті.

Ресей империясының орыстандыру, шоқындыру саясатының белең алып, «бұратана халықтар» жерін тартып ала бастауы түркі-мұсылман жұртының наразылығын туғызды, оқыған зиялы қауымның билікке қарсы күресін күшейтті. Сәлімгерей Жантөрин патша өкіметіне қарсы оппозицияда болған осындай саяси күштердің жұмысына 1905 жылдан бастап белсене араласты.

МЕЦЕНАТ

1904 жылы Әбдурашид Ибрагимовке «Автономия» деп аталатын еңбегін жарыққа шығаруға жәрдемдескен Сәлімгерей Жантөрин уақыт өте елдегі саяси-ағартушылық істерге қаржы жұмсай бастады.

Атақты «Ғалия» медресесінің құрылысына қаржы бөліп, қамқоршылар кеңесіне мүше болғандардың да бірі – Сәлімгерей Жантөрин.

Міржақып Дулатов «Осы күні қазақ арасындағы тәуір мұғалімдердің көбі медресе «Ғалияның» жемісі» деп жазған еді.

Сәлімгерей Жантөрин 1906 жылы Уфа қаласындағы «Мұсылман қайырымдылық қоғамының» төрағасы болып сайланды. Діни-саяси «Әл-Ғалами әл-Ислами» («Мұсылман әлемі») газетіне құрылтайшылық еткен ол, газеттің идеялық бағыт-бағдарын белгілеуге тікелей араласты.

Сонымен қатар ол Уфа губерниялық земство басқармасы жанындағы жалпы білім беретін бастауыш мұсылман мектебі туралы кеңеске қатысты, Уфадағы мұсылман қарттар мен жетім балалар үйі қамқоршылар кеңесінің, мұсылман кедейлер жөніндегі қамқоршылар басқармасының мүшесі болды.

РЕСЕЙ МҰСЫЛМАНДАРЫНЫҢ ТҰҢҒЫШ СЪЕЗІ

1905 жылғы революция мен самодержавиенің саяси режимді біршама жұмсартуы Ресейдегі түркі-мұсылман халықтарының саяси-құқықтық мәселелер көтеріп, билікке ашық талап қоюына жол ашты.

Қолайлы жағдайды пайдалануға ұмтылған Еділ, Орал, Қырым, Кавказ және қазақ уәлаяттарының зиялы қауымы бүкілресейлік мұсылмандар съезін өткізуді, сөйтіп алда келе жатқан Мемлекеттік дума сайлауы қарсаңында бірыңғай саясат ұстануды көздеді.

Осы ретте Сәлімгерей Жантөрин бүкілресейлік мұсылмандардың алғашқы съезін ұйымдастырушылардың біріне айналды. 1905 жылғы ақпанда Санкт-Петербург қаласында өткен мұсылмандар мәжілісінің шешімімен сол жылғы тамызда бүкілресейлік мұсылмандардың бірінші съезі Нижний Новгород қаласында астыртын жағдайда өтті.

Съезд делегаттары патша өкіметінің отаршылдық саясатын, мұсылман халықтарының құқықтары жылдан-жылға шектеліп бара жатқандығын сынға алды. Олар бұдан былай Ресей азаматтарының тіліне, дініне, нәсіліне, ұлтына, жынысына қарамай тең құқықта болуын талап еткен шешім қабылдап, тамыздың 15-ін жыл сайын мұсылман елді мекендерінде атап өтуді ұйғарды.

«ИТТИФАҚ ӘЛ-МУСЛИМУН»

Арада бес ай өтісімен, 1906 жылы 15-23 ақпан аралығында Санкт-Петербург қаласында Бүкілресейлік мұсылмандардың екінші съезінің өткізілуі – түркі-мұсылман интеллигенциясының Ресейдегі саяси процестерге белсенді
Съезге қатысқан 100-ден астам делегаттың ішінде Сәлімгерей Жантөрин, Уәлитхан Танашев, Шаймардан Қосшығұлов сияқты қазақ зиялылары болды
араласуға кіріскенін көрсетеді. Съезге қатысқан 100-ден астам делегаттың ішінде Сәлімгерей Жантөрин, Уәлитхан Танашев, Шаймардан Қосшығұлов сияқты қазақ зиялылары болды.

Ресейдегі түркі-мұсылман жұртының құқығын қорғайтын «Иттифақ әл-муслимун» («Мұсылмандар одағы») партиясының 23 тармақтан тұратын жарғысы осы съезде қабылданды. Жарғы бойынша «Ресей мұсылмандары одағының» 16 қалада, соның ішінде Орынборда, Астраханда, Оралда, Омбыда, Қызылжарда, Семейде, Верныйда, Ташкентте, Ашхабадта бөлімшелері құрылатын болды. Съезд делегаттары Мемлекеттік думаға сайлау кезеңіндегі мұсылмандардың тактикасын талқылап, Конституциялық-демократиялық партиямен одақ құруға шақырған қарар қабылдады.

Алайда «Иттифақ әл-муслимун» партиясы Мемлекеттік дума сайлауына дейін өз бағдарламасын қабылдай алмады. 1906 жылы наурыз айында сайлау кампаниясы басталып кетті.

БІРІНШІ МЕМЛЕКЕТТІК ДУМАДА

Ресейдегі мемлекеттік басқарудың конституциялық-монархиялық жолға түсуін әйгілеген алғашқы Мемлекеттік дума 1906 жылғы сәуірдің 27-сінен шілденің 9-ына дейін, небәрі 72 күн жұмыс істеді. Бірінші Мемлекеттік думаға қазақ өкілдерінен төрт депутат – Ахмет Бірімжанов (Торғай облысы),
Бірінші Мемлекеттік думаға қазақ өкілдерінен төрт депутат – Ахмет Бірімжанов (Торғай облысы), Алпысбай Қалменов (Орал облысы), Әлихан Бөкейханов (Семей облысы), Шаймардан Қосшығұлов (Ақмола облысы) сайланды
Алпысбай Қалменов (Орал облысы), Әлихан Бөкейханов (Семей облысы), Шаймардан Қосшығұлов (Ақмола облысы) сайланды. Қазақ жерінен тысқары өңір – Уфа губерниясынан Сәлімгерей Жантөрин депутат болды. Кандидатурасын «Иттифақ» партиясы атынан ұсынуына байланысты Уфа губернаторы оны қызметінен алып тастады.

«Иттифақ әл-муслимун» партиясы Думадағы мұсылман депутаттарды біріктіруге бастамашы болды. Діни-ұлттық ерекшеліктері бойынша құрылған бұл фракция 24 мұсылман депутаттан құралды. Жасырын дауыс беру арқылы Әли-Мардан-бек Топчибаш фракция төрағасы, ал Сәлімгерей Жантөрин бюро мүшесі болып сайланды. Жантөрин қос комиссияның – аграрлық және реттеу комиссияларының құрамына енді.

Түрлі тосқауылдарға қарамастан 80 пайызы оппозициядан құралған Бірінші Мемлекеттік дума үкіметпен ашық текетіреске түсуіне байланысты 1906 жылы 9 шілдеде ІІ Николай патшаның манифесінен кейін таратылды.

Бірінші Мемлекеттік думаның таратылуын заңсыз деп таныған депутаттар 1906 жылы 9-10 шілдеде Выборг қаласына жиналып «Халық өкілдерінен халыққа» деп аталатын үндеуге қол қойған 200-ге жуық депутат арасында Сәлімгерей Жантөрин де бар еді.

1907 жылы желтоқсанда үндеуге қол қоюшылар сотқа тартылды, оның ішінде 167 адам 3 айға абақтыға жабылып, мұнан былай Думаға мүше болу құқығынан айырылды.

Тарихи зерттеудің баяндауынша, «осы парламенттік фракция он жылдың ішінде (1906-1917 жылдар) мұсылман қоғамының прогрессивті күштерінің арқасүйер тірегі болды. Ресейдегі 20 миллионға жуық түркі-мұсылман халқының арман-мүддесі мен тілегі Думадағы мұсылман фракциясының іс-қимылында көрініс тапты (Мусульманские депутаты Государственной думы России. 1906-1917, Уфа, 1998 г.)

«ОРТАҚ ТҮРКІ ТІЛІ ОҚЫТЫЛСЫН!»

Мұсылман халықтарының көрнекті қайраткерлері Бірінші мемлекеттік думаның таратылуы ендігі іс-әрекеттерін талқылау үшін 1906 жылғы тамызда бүкілресейлік мұсылмандардың үшінші съезін өткізді. Нижний Новгородта өткен бұл съезге келген делегаттар алдыңғы съездерден әлденеше есе көбейіп, 800 адамға жетті.

Съезд жұмысы «Тәржіман», «Вакыт», «Йолдыз», «Азат халық», «Баку», «Оренбургский край» секілді мұсылман халықтардың танымал газеттерінде жарияланып, мұсылман халықтардың қоғамдық-саяси өмірінде үлкен серпіліс туғызды. Осы съезде «Иттифақ әл-муслимунның» партия ретіндегі ұйысуы аяқталып, бағдарламасы қабылданды, орталық комитеті сайланды.

Сәлімгерей Жантөрин съезді ұйымдастырушылардың бірі болды. Съезде партияның 15 мүшеден тұратын Орталық комитеті анықталды. Жәдидшілдіктің белгілі идеологтарымен қатар Сәлімгерей Жантөрин мен Шаймардан Қосшығұлов та орталық комитет мүшесі болып сайланды.

Осылайша екінші Мемлекеттік дума сайлауының қарсаңында «Иттифақ әл-муслимун» партиясының жетекшілері парламенттік жұмыс тұрпатына көшуге ұмтылды. Партияның бағдарламасында «азаматтарының дініне, нәсіліне, ұлтына, жынысына қарамай заң алдында теңдігі» қарастырылып, ұлттық-мәдени автономия идеясы алғаш рет жария тұрғыда айтылды.

Съезде оқу мәселесі бойынша 33 тармақтан тұратын қарар қабылданды. Онда мұсылман балалар үшін барлық елді мекендерде бастауыш және орта мектептер ашу, оқуды араб графикасы негізінде ана тілінде жүргізу мәселелері қарастырылды. Мұсылмандар бірлігін арттыра түсу мақсатында съезд «ортақ түркі тілі» барлық мектептерде оқытылсын деген шешім қабылдады. Делегаттар «барлық мүфтилер сайлансын; қазақ облыстарының діни істері Орынбор мүфтилігіне тапсырылсын; Түркістанда өз алдына жеке мүфтилік ашылсын» деген қорытындыға келді.

ШЕТТЕТІЛУ

Выборг үндеуінен кейін «Иттифақ әл-муслимун» партиясына қарсы тосқауылдар күшейіп, патша өкіметі Сәлімгерей Жантөриннің үстінен
Екінші мемлекеттік думаның мұсылман мүшелері. (Көрнекі сурет)
қылмыстық іс қозғауға тырысты. Жоғарыда аталған сот шешімі бойынша оған екінші Мемлекеттік дума сайлауына қатысуға тыйым салынды.

«Иттифақ әл-муслимун» партиясының жетекшілерінің бірі ретінде Сәлімгерей Жантөрин екінші Думадағы мұсылман фракциясымен сырттай байланыс орнатты. 1911 жылы Уфада араб, парсы және татар терминдерінің «Лұғат» атты сөздігін жасап шықты.

1907 жылғы маусымның 3-індегі патша жарлығына сәйкес Түркістан өлкесінен Думаға депутат сайлауға тыйым салынғандықтан Жантөрин Санкт-Петербург университетінің студенті Мұстафа Шоқайға Уфада жерінің бір бөлігін тарту етіп, жер иесі ретінде сайлауға қатыстыруды ойластырды.

Сәлімгерей Жантөрин төртінші мемлекеттік думадағы мұсылман фракциясының мүшелерімен бірге бүкілресейлік мұсылман съезін өткізуге де
...патша өкіметі 1914 жылы «Иттифақ әл-муслимун» партиясына балама күш ретінде «Сират ул-мустақим» («Тура жол») атты мұсылман партиясын құрды
атсалысты. Осы жылы маусымда өткен бұл съезге 35 қазақ депутат қатысты.

Түркі-мұсылман партиясының іс-әрекетін шектеп, жәдидшілдер мен қадимшілдердің арасындағы жікті ұлғайтуға тырысқан патша өкіметі 1914 жылы «Иттифақ әл-муслимун» партиясына балама күш ретінде «Сират ул-мустақим» («Тура жол») атты мұсылман партиясын құрды.

Осы кезеңді зерттеген тарихшы Сәулебек Рүстемовтың жазуынша, Сәлімгерей Жантөрин бұл саяси технологияның төркінін бірден аңдап, бірнеше мәлімдеме жасайды, үндеу таратады.

Жантөрин 1916 жылы төртінші шақырылған мемлекеттік думадағы мұсылман фракциясының бюросында қызмет етіп, қоғамдық-саяси және экономикалық «Милләт» газетін шығарды. Бірінші дүниежүзілік соғыс майданының жұмысына Түркістан өлкесі мен қазақ уәлаяттарынан алынған адамдардың хал-ахуалы жайлы мәліметтер жинастырады.

1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін Алаш-Орда үкіметіне қолдау білдіріп, Алаш жетекшілермен байланыс орнатты. Еділ-Орал автономиясының ұлттық жиналысына (милләт мәджлиси) депутат болып сайланып, Уфадағы саяси жұмыстардың ортасында жүрді.

1920 жылдардан бастап Сәлімгерей Жантөриннің саяси белсенділігі азайып, 1920-1923 жылдары Иркутскіде статист қызметін атқарды. 1924 жылы Мәскеуге ауысты, 1925 жылы Қазан қаласына барып, Татар АССР Сауда халық комисариатында жұмыс істеді. Жат жерде жүріп түркі-мұсылман
1926 жылы мамырдың 14-інде жұмбақ жағдайда қаза болды
жұртының, қазақ елінің теңдігін көксеген қайраткер 1926 жылы мамырдың 14-інде жұмбақ жағдайда қаза болды.

Ғұмырын түркі-мұсылман жұртшылығының құқын қорғауға арналған қазақ қайраткерінің басшылық қызметтерден тартынуына большевиктік саясат ықпал етті.

Патша өкіметі секілді совет өкіметі де түркі-мұсылман халықтарының бірлігінен қауіптеніп, белгілі қайраткерлерді «түрікшіл», «исламшыл» деген ат қойып, айдар тақты, қуғын-сүргінге ұшыратты. Аз ғана уақыт тарих сахнасына шықса да, пассионарлы тұлғалары арқылы көптің есінде қалған «түркі-мұсылман халықтарының саяси күрес кезеңі» осылай аяқталды. Көп ұзамай бұл ұғымды 1930-жылдардағы Сталиннің бұрынғы Түркістан өлкесі мен қазақ уәлаяттарында жаңадан ұлт жасау саясаты біржола тас-талқан етті. Осылайша Сәлімгерей Жантөриннің бейнесі де көмескілене түсті. Ал Совет одағы құлай сала қайта талқылана бастаған «түркі бірлігі» идеясы сөз жүзінде қалып қойды.
XS
SM
MD
LG