Accessibility links

Жаңаөзенде тағы бір ереуілші қаза болды


«Өзенмұнайгаз» компаниясының ереуілші мұнайшылары. Жаңаөзен, 1 қыркүйек 2011 жыл.
«Өзенмұнайгаз» компаниясының ереуілші мұнайшылары. Жаңаөзен, 1 қыркүйек 2011 жыл.

Жексенбі күні түнде «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының Жаңаөзенде ереуілдеп тұрған жұмысшыларының бірі өз-өзіне қол жұмсады. Полиция ол оқиғаның себебін анықтап жатқанын айтады.


Бұл жайлы Азаттық тілшісіне алаңда тұрған мұнайшылардың бірі хабарлаған еді. Алайда ереуілшілер ол жайлы толық мағлұмат айтқысы келмеді. Өйткені марқұмның отбасы солай өтінген екен. Бірақ мұнайшылар әріптестерінің қазасын шешімін таппай отырған еңбек дауынан көреді.

- Сөз жоқ, оған төрт айға созылып отырған ереуіл психологиялық әсер етті. Балаларын асырау, отбасы қамы оңай емес қой, - дейді олар.

«Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалына қарасты «Өзенэнергиямұнай» мекемесінде электрик болып жұмыс істеген 30 жастағы Абай Әбенов қазанның 3-і күні түнде асылып қалған. Оның артында үш баласы мен жары қалды. Марқұмның әкесі де осы мекемеде инженер болып жұмыс істейді.

«ОҚЫС ОҚИҒАЛАР КӨБЕЙІП КЕТТІ»

«Өзенэнергиямұнай» мекемесінің электригі Оразбай Тұрсынбай ереуіл басталғалы өндірісте оқыс оқиғалар да жиілеп кеткенін айтады. Мәселен, қыркүйектің 29-ы күні тағы бір электрик Гигантжан Серікбаев жұмыс барысында токка соғылып қаза болған.

Оразбай Тұрсынбай мұның бәрі білгір маман жетпегендіктің салдары деп санайды.

- Нағыз жоғары білікті, 5-разрядты мамандар алаңда ереуілде жүр. Ал мұнай өндіруді тоқтатпау үшін жұмысқа істің жайын білмейтін адамдарды тартудың соңы қайғылы жағдайларға душар етіп отыр, - дейді ол Азаттық тілшісіне.

Жұмысшы жігіттің сөзіне сүйенсек «Өзенэнергиямұнай» мекемесінен 69 адам жұмыстан шығарылған.

- Оның 42-сі – 5-разрядты мамандар. Бұл ең жоғары разряд, одан жоғары болмайды, ал бәріміз алаңда тұрмыз, - дейді Оразбай Тұрсынбай.

Еске сала кетсек, Жаңаөзендегі кеніште бұған дейін де жұмыс орынында болған машина өртенуі салдарынан адам шығын орын алған еді.

Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасы адам өлімі жайлы әзірше нақты жауап айтпай отыр. «Істің барысы тергеп-тексеріліп жатыр» дейді.

Бұл - Жаңаөзенде мамырда басталған ереуіл барысындағы үшінші кісі өлімі. Бұған дейін ереуілші мұнайшылар белсендісінің бірі Жақсылық Тұрбаев жұмыс орынында көз жұмды, тағы бір кәсіподақ белсендісі Құдайберген Қарабалаевтың қызы Жансәуле Қарабалаева белгісіз жағдайда қаза болды.
XS
SM
MD
LG