Accessibility links

Балқаш түрмесінде тағы бір тұтқын жұмбақ жағдайда қаза болды


Балқаш түрмесінде қаза тапқан Сергей Григорьев. Анасының айтуынша, ол дене жарақаттарынан қайтыс болған. Жезқазған, 19 қазан 2011 жыл.
Балқаш түрмесінде қаза тапқан Сергей Григорьев. Анасының айтуынша, ол дене жарақаттарынан қайтыс болған. Жезқазған, 19 қазан 2011 жыл.

Туыстары мәйіттің азапталып, итке таланғанын айтып отыр. Мұны жоққа шығарған колония басшылығы тұтқынның жүрек ауруымен ауырғанын айтады.


Осы аптаның басында құқық қорғаушы Вадим Курамшин Балқаштағы АК 159/21 колониясында отырған 1982 жылғы Сергей Григорьевтің өлімі туралы ақпарат таратқан болатын.

Марқұмның анасы Лариса Григорьева сәрсенбі күні Азаттық тілшісіне ұлының өлгенін тек үш күннен кейін ғана (15 қазанда) білгенін, онда да колония басшылығынан емес, «ұлының таныстарынан» естігенін айтады.

ТҮРМЕДЕГІ «БЮРОКРАТИЯ»

Лариса Григорьеваның айтуынша, ол қайғылы хабарды ести сала қазанның 15-інен 16-сына қараған түні жолға шығып, жексенбі күні Балқаштағы мәйітханаға келген. Мұнда олардан түрмеден қажетті қағаздар мен өкіл ертіп әкелуін талап еткеннен кейін, Лариса Григорьева кіші ұлы Артур екеуі Балқаш колониясына барыпты. Колонияның ішкі «бюрократиясына» тап болған Лариса Григорьева мұнда өздерін әбден әуре-сарсаңға салғанын айтады.

- Біз түрмеге бардық. Түрмеде сөзімізге ешкім құлақ асқан жоқ. Ондағы ары-бері жүрген адамдар кекесінмен күледі. Кіре берістегі қыз «бастық зонада» деп айтса, қалғандары «ол жоқ, құр босқа айғайламаңыздар, ертең келіңіздер» деумен болды. Біресе ана, біресе мына анықтама керек деді, - дейді колония қызметкерлерінің әрекетіне наразы болған Лариса Григорьева.

«ЕШҚАНДАЙ ҚҰЖАТ БЕРМЕДІ»

Ертеңінде дүйсенбі күні де дәл осындай әуре-сарсаңмен жарты күнін өткізген ана түске таман мәйітханаға бірге баратын түрме өкілін әрең тапқанын айтады. Оның айтуынша, олар ұлы туралы ешқандай медициналық құжаттар бермеген.

- Ол (түрме өкілі - Азаттық) бізбен бірге мәйітханаға барды. Олардан «ұлымның өлімін көрген куәгерді тауып беріңіздерші» деп сұрадым. Бірақ бізге ештеңе берген жоқ. Не анықтама, не өлім туралы куәлік - ештеңе берген жоқ. Бізге тек мәйітті Балқаштан Жезқазғанға алып кетуге рұқсат ететін қағазды ғана берді, - дейді ана.
Балқаш түрмесінде көз жұмған Сергей Григорьевтің аяғы. Анасының айтуынша, ол осы дене жарақаттарынан қайтыс болған. Жезқазған, 19 қазан 2011 жыл.
Балқаш түрмесінде көз жұмған Сергей Григорьевтің аяғы. Анасының айтуынша, ол осы дене жарақаттарынан қайтыс болған. Жезқазған, 19 қазан 2011 жыл.

Лариса Григорьева ұлының мәйітін көрген кезде шошып кеткенін айтады.

- Оның иығы мен аяғында ит тісінің іздері бар. Бір аяғының еті жұлынып кеткен – оны итке талатқан. Денесінде соққының іздері бар. Ұлымды өлтірді деп ойлаймын, бірақ әуелі оны қинап, итке талатқан сияқты. Бізге оның тек мүрдесін ғана берді. Іш құрылыстарының барлығын алып тастап, осылайша оны өлтіргенін жасырғысы келеді, - дейді Лариса Григорьева.

Ол бұған қатысты қылмыстық іс қозғалып, ұлының өлімінің себептері ашылғанын қалайтынын, сот процесі болған жағдайда өзінің мүддесін қорғау ісін құқық қорғаушы Вадим Курамшинге тапсырғанын айтады. Лариса Григорьева оған сенімхат жазып беріпті.

БІР ТҮРМЕДЕГІ ЕКІ ӨЛІМ

Жақында ғана осы түрмеде отырған Арман Қапаровтың жұмбақ жағдайда мерт болғанын Азаттық радиосы жазған еді. Оның өлер алдындағы сөздері интернетте жарияланған болатын. Құқық қорғаушы Вадим Курамшин бұл жайттар кездейсоқ емес дегенді айтады.

- Екеуі де бір түрмеде отырған. Екеуі де өлер алдында түрме әкімшілігінің хайуандық әрекеттеріне шағымданып, бейнекамера алдында сөйлеген болатын. Осыдан кейін оларды қатты қинаған деп есептеймін. Айырмашылық болса, бәлкім, Арман Қапаров қысымға шыдамай, өзіне-өзі қол жұмсаған болуы мүмкін. Ал Сергей Григорьевті өлердей соғып, бұған қоса оны итке талатқан, - дейді Вадим Курамшин.
Жалпы оның жүрегі ауыратын, - деді колония бастығы сәрсенбі күні Азаттық тілшісіне.


Сәрсенбі күні Азаттық тілшісі Балқаштағы АК 159/21 колониясына хабарласып, колония бастығы Қыстаубаевпен телефон арқылы сөйлескен еді.

Ол Сергей Григорьевтің денесі туыстарына уақытында еш тосқауылсыз берілгенін айтады. Ол бұған қоса Сергей Григорьевтің азапталғаны жөнінде туыстары айтқан мәліметті жоққа шығарды.

Колония бастығы тұтқын өлімінің себебін сот-медициналық сараптама анықтайтынын, әйтсе де оның бұрыннан ауырып жүргенін айтты.

- Жалпы оның жүрегі ауыратын, - деді колония бастығы сәрсенбі күні Азаттық тілшісіне.

Колония бастығы Қыстаубаев сот медицина сараптама нәтижесінің он күннің ішінде дайын болатынын айтты.

(Ескерту: Марқұмның суреті анасы Лариса Григорьеваның рұқсатымен жарияланды).
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG