Accessibility links

Долинка түрмесіндегі «іздестіру шарасы» «үш тұтқын қашып кетті» деген хабармен жарыса жетті


АК 159/6 түзету мекемесі. Қарағанды облысы Долинка кенті, 21 мамыр 2010 жыл. (Көрнекі сурет).
АК 159/6 түзету мекемесі. Қарағанды облысы Долинка кенті, 21 мамыр 2010 жыл. (Көрнекі сурет).

Қылмыстық атқару жүйесі департаменті Қарағанды облысы Долинка кентінде орналасқан қатаң тәртіпті колонияда ешкімге қысым көрсетілмегенін, түрмеден ешкімнің қашпағанын айтады.


Тамыздың 15-і күні ақпарат құралдарына Қарағанды облысы Долинка кенітнде орналасқан АК 159/7 қатаң тәртіпті колонияда сотталушылардың еш негізсіз жаппай соққыға жығылып жатқаны туралы ақпарат жетті.

Қысымға ұшырағандардың арасында тек Долинка түрмесі ғана емес, республиканың басқа аймағындағы колониядан жеткізілген тұтқындардың да бары айтылған.

Тұтқындарға қысым әлі жалғасып жатыр деген ақпарат көзі соққыға жығылған азаматтардың аттарын да атайды. Олар – Андрей Корольков, Вячеслав Атаманенко, Виктор Шпаченко, Абай Сажанов, Артем Шутов, Максим Мельников, Талғат Нукушов.

«Сейілхан Сәлімбаев, Шайыслам Кемел, Александр Жукенов, Цсан қарындарын тілген. Дархан Досымовтың қолы сынған» делінген хабарламада.

«АҚТЫҚ ХАТ»

Мұнда аты аталған азаматтардың кейбірінің жақындарына хабарласқан кезде олар әлі күнге дейін ештеңе біле алмай отырғандарын, түрме әкімшілігінің жауап бермей жатқанын айтты. Оларға бұл хабар тамыздың 14-і күні жетіпті.

– Оларды әлі күнге дейін ұрып-соғып жатыр. «Егер осылайша ұрып-соға берсе», онда өз-өздеріне жаппай қол жұмсайтыны туралы бізге, яғни
Долинкадағы АК 159/7 колониясындағы бір тұтқынның ақтық хаты. 19 қыркүйек 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

туыстарына айтып жіберген. Ақтық хат та дайындап қойған, – деп жылайды сотталушы Максим Мельниковтың әйелі Дарья.

Кеше бұл түрмеден алты адамды Қарағандыдағы тергеу изоляторына алып кеткенін естіген Дарья олардың арасында күйеуі де бар екенін айтады.

Ол сотталушылардың соққыға жығылуының нақты себебін білмейтінін, тек долбарлап отырғанын жеткізді.

– Менің ойымша, бұл ең әуелі қылмыстық атқару жүйесі комитетінің ішкі істер министрлігінің қарамағына өтуімен байланысты. Әйтеуір әртүрлі себептер айтылып жатыр ғой. «Балқаш түрмесіндегідей төңкеріс ұйымдастырылып, бірақ болмай қалған» деген сияқты пікір бар. Жалпы, бұл мекемеде мұндай нәрселер жиі болып тұрады, – дейді сотталушының туысы.

«СОТТАЛУШЫ БОЛСА ДА, АДАМ ЕМЕС ПЕ?»

«Соққыға жығылды» делінген Вячеслав Атаманенконың әйелі де (аты-жөнін айтпады) тұтқындардың не себепті қысымға ұшырағанын біле алмай отыр.

Оның айтуынша, күйеуінің түрмеде жаза өтеу мерзімінің аяқталуына аз қалған, ол «түрмеде қандай да бүлік ұйымдастыруға мүдделі емес».

– Ол жақта отырғандар сотталушы болса да, адам емес пе?! Біреудің бауыры, біреудің әпкесі, біреудің күйеуі. Қазір жақындары жылап-сықтап, алаңдап отырмыз. Күйеу, бауырларымыздың дені сау күйінде қайтса екен дейміз, – дейді сотталушының туысы.

Оның айтуынша, жарты жыл бұрын басқа колониядан Долинка түрмесіне ауыстырылған күйеуі осы уақыт бойы бірде-бір рет түрмедегі тәртіпке байланысты шағымданбаған.

– Жалпы ол мұндай нәрселерді (ұрып-соғу, қысым, т.б.) алаңдамасын деп көп айта бермейді. Бірақ неге екені белгісіз, сондай қысымның барын сеземін, – дейді түрмеде отырған Вячеслав Атаманенконың әйелі.

Біз бұған қатысты Долинка түрмесіне хабарласқанымызбен телефон тұтқасын ешкім көтерген жоқ.

«ЖЕҢІЛ ЖАРАЛЫ» ТӨРТЕУ

Қарағанды облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз хатшысы Наталья Горина тамыздың 13-14-і күндері Долинкадағы АК 159/7 қатаң тәртіпті түрмеде ешкімге қысым көрсетілмегенін, «сотталушылардың ереже бұзушылықтарының алдын-алу мақсатында» профилактикалық іздестіру шарасы жүргізілгенін айтты.

– Іздестіру нәтижесінде 2 килограмнан астам марихуана, 115 ұялы телефон, 64 зарядтаушы құрылғы, 30 литрдан астам спиртті ішімдік табылды, – деді Наталья Горина тамыздың 15-і күні Азаттық тілшісіне.

Сотталушылардың туыстары айтқан жайттарды жоққа шығарған Наталья Горина шара барысында «колониядағы режимді әлсірету» мақсатында төрт сотталушының өздерін-өздері жеңіл жарақаттағанын айтты.

– Олар ауруханаға жеткізілген жоқ, медициналық көмек көрсетілді, – дейді Наталья Горина.

Оның айтуынша, қазір колонияда жағдай бірқалыпты.

ҚАШҚАН-ҚАШПАҒАНЫ БЕЛГІСІЗ ҮШЕУ

Тамыздың 15-і күні «Интерфакс-Қазақстан» агенттігі дәл осы Долинка ауылында орналасқан өзге түрмеден – АК 159/20 қоныстандыру колониясынан үш азаматтың (Ерсайын Байхатов, Николай Смирнов және Александр Попков) қашып кеткенін хабарлаған еді

Алайда Қарағанды облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз хатшысы Наталья Горина ол ақпаратты жоққа шығарды.

– Ешкім қашқан жоқ. Бәрі өсек, – деді Наталья Горина.

Ал Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің ресми өкілі Самал Ғаділбекованың айтуынша, бұл үш азамат қала сыртында орналасқан
Қылмыстық атқару жүйесі комитеті ғимаратының қақпасы. Астана, 14 тамыз 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

жұмыс орнынан түзету мекемесіне қайтып келмеген.

- Қоныстандыру колониясы дегеніміз, өздеріңіз білесіздер - жабық емес, жартылай жабық мекеме. Онда жазасын өтеп жатқан сотталғандар жұмыс істеуге құқылы. Олар жұмыс берушілердің жұмысы қай жерде болса, сол жерде жұмыс істейді. Сол үш сотталушы қаланың сыртында, түзеу мекемесінің сыртында [жұмыспен] қамтамасыз етілген, - деді Самал Ғаділбекова Азаттық радиосына.

Оның айтуынша, үш сотталушының не себепті «қашып кеткені» әзірге белгісіз. «Қазір Қарағанды облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі комитеті департаментінің қызметкерлері іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр» дейді Самал Ғаділбекова.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG