Accessibility links

«Ауруханаға өлетін адамды ғана апарады»


Облыстық аурухананың қабырғасындағы жазу. Атырау, 4 желтоқсан 2008 жыл. (Көрнекі сурет)
Облыстық аурухананың қабырғасындағы жазу. Атырау, 4 желтоқсан 2008 жыл. (Көрнекі сурет)

Дәрігердің сырт қимылын, сөйлеген сөзін бақылып отырмын. «Ақ халатты, абзал жан» … осы сөз тіркесін кім енгізді екен тілдік қолданысқа? Кім болса да, өзін немесе жақын адамын (әуелі Алла, сосын дәрігер) өлім аузынан арашалап қалған адамның ағынан жарылып айтқандағы сөзі. Даусыз.

Халаты қандай ақ болса, жүрегі де сондай ақ, адамға жаны ашитын, антына берік адам өмірінің арашашыларын дәл қазіргі уақыттарда кездестіре қою қиын. Әсіресе, біздің Қарағандыдан. Қолдарын қалталарына салып алып, аяқтарын тырп-тырп (тәпішкенің «дыбысы» ғой)))) басып, әрлі-берлі жүреді де қояды. Құлықсыз. Әсіре салқынқанды. Өйткені өлім аузында жатқан оның жақыны, танысы емес – қайдағыыыыыыыыыы бір адам, өмірі танымаған, көрмеген.

Сонда олар не үшін дәрігерлік оқуға түсті? Не үшін дәрігер болуды қалады? Алатын айлықтары мәз емес, үнемі ауру-сырқау адамдардың қасында жүреді. Олар ыңырсиды, жылайды, айғайлайды, ышқынады... Не үшін дәрігер болуды қалады сонда? Маған түсініксіз. Сізге ше?

Облыстық диагностикалық орталықтың есігіне талай рет «имене» кірген адамдардың бірімін. Бір жолы мені апарды, екінші жолы мен біреуді жеткіздім. Сондағы ойға түйгендерім ғой дәл бүгін сыртқа шыққысы келіп, «бұлқынып жатқан».

Анадай жерде талмасы ұстап құрбымыз жатыр. Олар отыр, әй... міз бақсаңшы. Жоқ, аяғын айқастырып қойып, қаннен-қаперсіз журнал толтырып отыр. «Дәрігер бос емес» дейді. Болды. Мына жақта біздің шыр-пырымыз шығып жатыр. Қайта-қайта сұрап қоямыз. Ол (кезекші дәрігер) бізге миығынан күліп: «Ішкен бе? Мас па?» – деді. Іштегі жынымызға тиіп отыр.

Әйтеуір «адамға ұқсас» біреуі келіп, қызды қолтығынан сүйеп, ем-домын жасай бастады. Көк көзді дәрігер де келді көп кешікпей. Шетелде (енді бармасақ та, теледидардан көреміз ғой) бірінші науқасты қарайды, сосын барып «данныйларын» сұрайды. Бізде керісінше – әуелі аты-жөнін, қай жылы туғанын, не болғанын, телефонын, ... т.б. сұрайды.

Жақында 103-ке телефон шаламыз деп, өстіп «мыжығанымыз» бар-тын. Оған жарты сағат кешігуді тағы қосыңыз. «В больницу возят только умирающих» дейді онымен қоймай. Уколын егіп, ес жинатқызатын сұйықтығын иіскеткен соң (аты қалай еді соның?) қайтадан кетіп қалды. Әрине, түсінуге болады. Уақыт тығыз. Оларды басқа да жерлерге шақыруы мүмкін. Сондықтан бәріне бірдей үлгеру керек.

Жақында КТК арнасынан орыстың шиеттей балалары дәрігердің қатесінен, диагнозды дұрыс қоймауынан шетінеп жатқанын көрсетті. Сонда бір ғалым-дәрігер сөйледі. «Егер саясаткер қателессе, ол жай ғана сөзден орын алатын қате. Кешірім сұрап, түзетуге болады. Ал, дәрігер қателессе, онда адам не өледі, не мүгедек болып қалады» – деді.

Расында да. Бізде де мұндай жайттар көп қой (!)

Тек біржақты жазылған жазба дерсіз. Бірақ көзіммен көргеннен соң айтып отырмын. Бүгінгі дәрігерлердің сиқы – осы, өкінішті-ақ...

(Жазба Гүлсаянның блогынан алынды).
XS
SM
MD
LG