Accessibility links

Шетпедегі қақтығыстан соң Ақтауда халық алаңға жиналды


Жаңаөзендегі оқиғаға орай өткен шеру. Ақтау, 18 желтоқсан 2011 жыл. (Суретті түсірген "Лада" (www.lada.kz) газетінің тілшісі Ольга Ярославская).
Жаңаөзендегі оқиғаға орай өткен шеру. Ақтау, 18 желтоқсан 2011 жыл. (Суретті түсірген "Лада" (www.lada.kz) газетінің тілшісі Ольга Ярославская).

Жаңаөзендегі жағдайға қатысты наразылық білдіріп Шетпе станциясында темір жолды жапқан тұрғындармен қақтығыста полиция оқ атты. Бір адам қаза болып, 12 адам жараланған. Прокуратура "полиция бұзақылардан қорғану үшін оқ атқан" деп мәлімдеді. Жексенбіде Ақтауда жұрт алаңға тағы жиналды.


Желтоқсанның 18-і күні таңертең Ақтаудың орталық алаңына тағы да жұрт жиналды. Олар Жаңаөзендегі ереуілшілердің еңбекақыға байланысты қойған талабы орынды болатын дейді. "Ынтымақ" алаңындағы бірнеше ондаған адамды осы жерде полицияның арнайы жасағы сырттай бақылап тұр.

Жиналған тұрғындар ақ матаға жазылған: «Оқ атқандарды халық ұмытпайды!», «Қантөгіске жол жоқ!» және «Репрессия болмасын – біз мародер емеспіз» деген жазулар ұстап тұрды.

Ақтаудағы жиын туралы YouTube сайтында жарияланған видео:




ШЕТПЕДЕГІ ҚАҚТЫҒЫС

Желтоқсанның 17-сі күні кешкі сағат 8-дерде Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданының Шетпе станциясында да қарапайым халық пен арнайы жасақ қақтығысып қалды.

Шетпе ауылы тұрғындарының айтуынша, кешкі сағат 6-да арнайы жасақ келіп, пойыз жолын бөгеп тұрған жұрттың кетуін талап еткен. "Алайда темір жол үстіне топтасқан жұрт тарқамады, ақыры қоян-қолтық ұрыс басталып кетті" дейді Шетпеден телефон арқылы Азатық тілшісіне хабарласқан Бауыржан есімді азамат.

- Мен қазір аудандық ауруханада отырмын. 25 жастағы бір жігіт басынан оқ тиіп қаза болды. 8 адам жарақат алды. Жаралылар көбейіп барады, - деді Бауыржан сенбі күні кешке.

Шетпедегі оқиға туралы YouTube-те жарияланған видео:



Басқа бір дерек көзі дәл осындай халық наразылығы Жетібай кентінде де басталғанын, тұрғындардың әкімдік алдына жиналғанын хабарлады.

"БҰЗАҚЫЛАРДЫҢ" БЕСЕУІ ДӘРІГЕРЛІК КӨМЕКТЕН СОҢ ҮЙЛЕРІНЕ ҚАЙТАРЫЛДЫ

Желтоқсанның 18-і күні кешке қарай Қазақстан Бас прокуратурасы Маңғыстау облысының, Маңғыстау ауданындағы Шетпе станциясында полиция мен темір жолды бөгеген топтың арасында болған қақтығысқа қатысты жаңа мәліметтер жария етті.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 17 желтоқсан күні Шетпе станциясында бір топ адам «Маңғышлақ- Ақтөбе» жолаушылар поезының қозғалысына тосқауыл қойған болатын.

Мұның сыртында оқиға орнына мемлекеттік нөмері жоқ УАЗ көлігі бірнеше мәрте келіп, ондағы белгісіз адамдар құқық қорғау орындарының қызметкерлеріне қарата оқ жаудырып кетіп отырған деп мәлімдеді Астанада Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков. Осы шабуылдар салдарынан ішкі істер органдарының 5 қызметкері жарақат алды дейді прокуратура. Бұл қақтығыстар 17 желтоқсан күні кешке қарай болды.

Әрі қарай ресми хабарламада «бұзақылардың қимыл-әрекеттері бейбіт тұрғындар мен құқық қорғау огандары қызметкерлерінің өздерінің өміріне қауіп төндірген соң, полиция бірнеше мәрте ескерту ретінде оқ атты, ақырында қару қолдануға мәжбүр болды» делінген.
Сондай-ақ оқ негізінен ауаға қарата және бұзақы топтың аяқтарын көздеп атылғанын атап өту керек. Зардап шеккен 12 адамның 8-і аяқтарынан жараланғандар, 5-іне дәрігерлік көмек көрсетілген соң үйлеріне жіберілді, 6 адам ауруханада, 1 кісі қаза болды» деп жазылған.

Алайда текетірес мұнымен біткен жоқ, «бұзақылық жасаушылар» Шетпе ауылындағы жаңа жылдық шыршаны өртеп, дүкендердің сөрелерін қиратты, көліктердің терезелерін сындырды» деп Бас прократура «бұзақылар» жасаған басқа да жайттарды сипаттаған.

Түнгі сағат 22-ден 20 минут өткенде Сай-Өтес станциясында жол жұмыскерлеріне шабуыл жасағандар 5 жұмысшыны байлап-матап тастап, темір жол құралдарын алып кетіп,соның көмегімен 180-ші шақырымда темір жолды істен шығарып тастады.

Қазіргі уақытта Шетпе ауылындағы жағдай тұрақталып, қоғамдық тәртіп пен Шетпе станциясы арқылы өтетін поезд қозғалысы қалпына келтірілді деп қорытындылаған Қазақстан Бас прокуратурасы хабарламасын.

ЖАҢАӨЗЕНГЕ ЖУРНАЛИСТЕРГЕ ЖОЛ ЖАБЫҚ

Жексенбіге қараған түні Алматыдан Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласына журналистердің шағын тобы ұшып барды. Олардың арасында Азаттық тілшісі де бар. Негізі журналистер сенбі күні таңертең келмек болған еді, бірақ Алматыдан Ақтауға қатынайтын ұшақ рейсі кейінге шегерілді.

Желтоқсанның 18-і таңертең Алматыдан барған журналистер Маңғыстау облыстық ішкі істер басқармасында болды, бірақ онда тілшілерді қабылдамады.

Бұдан соң Жаңаөзенге баруға рұқсат алу үшін облыстық прокуратураға барған журналистерге осы мекеменің аппарат жетекшісі басшылардың барлығы Жаңаөзенде жүргенін және ол қаламен байланыс жоқтығын айтып, Маңғыстау облысында соңғы ахуалға қатысты қандай да бір түсінік беруден бас тартты.

Қазір алматылық журналистер Ақтаудың орталық алаңында жүр.

Сенбі күні Қазақстан президенті Назарбаев Жаңаөзен қаласында төтенше жағдай тәртібін енгізу туралы жарлық шығарған еді.

Ресми ақпарат бойынша, 16 желтоқсанда Жаңаөзендегі жаппай тәртіпсіздік барысында 11 адам опат болып, қарапайым тұрғындар мен полиция өкілдері бар барлығы 80-нен астам адам жарақаттармен ауруханаға түскен.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ РЕАКЦИЯ

Жаңаөзендегі оқиғаларға қатысты халықаралық ұйымдар алаңдаушылық танытты.

Еуропа одағы мен ЕҚЫҰ Жаңаөзендегі қақтығысқа қатысты алаңдаушылық танытты.

Human Rights Watch ("Хьюман Райтс Уотч") халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстанның құқық органдарын Маңыстау облысы Жаңаөзен қаласында тәртіпті қалпына келтіру кезінде адам құқығын сақтауға шақырды.

БҰҰ адам құқықтары бойынша жоғарғы комиссары Нэви Пиллайдың өкілі Руперт Колвилл "қазақ билігін бұл жағдайды егжей-тегжейлі тексеріп, қоғамдық тәртіпті қалпына келтіру кезінде құқық қорғау орындарының шектен тыс күш қолданбауын қадағалауға" үндеді.

Желтоқсанның 17-іне қараған түні Киев қаласында Қазақстан елшілігі алдына украиналық солшылдар, құқыққорғаушылар мен кәсіподақ белсенділері Жаңаөзен ереуілшілеріне ынтымақтастық таныту акциясын өткізді.

Украиналық белсенділердің Жаңаөзендегі ереуілшілерге қарсы күш қолдануды айыптап, Қазақстан үкіметінің атына наразылық үндеуін оқығаны және олардың талабын тыңдауға қазақ елшілігінің қызметкері шыққаны туралы видео интернетте жарияланды. Осындай шара Мәскеудегі қазақ елшілігінің алдында да өтті.

Сол сияқты, желтоқсанның 17-і күні шетелдегі қазақ оппозициясы бюросының жетекшісі Бали Мажец мәлімдеме жасап, «Жаңаөзендегі репрессияны тоқтатуды, әскер мен арнайы отрядтарды қаладан шығаруды, бейбіт халыққа оқ атуға бұйрықты кім бергенін анықтауды, Жаңаөзеннен ақпараттық шектеуді алуды, телефон және интернет байланыстарын қалпына келтіріп, оқиға туралы шынайы ақпарат таратуды» талап етті. Мәлімдемеде ереуілші мұнайшылар мәселелерін шешу, саяси тұтқындарды босату талаптары да айтылған.
XS
SM
MD
LG