Accessibility links

Қарадан, ханнан түңіліп, қап-қара боп кеткен күн


Жаңаөзен тұрғыны Аманжол Айжігітов автомат оғы тиген жаралы қолын көрсетіп тұр. Ақтау, 18 желтоқсан 2011 жыл.
Жаңаөзен тұрғыны Аманжол Айжігітов автомат оғы тиген жаралы қолын көрсетіп тұр. Ақтау, 18 желтоқсан 2011 жыл.

Қара қойы өлсе қайғырар қазағым бүгін қамсыз күн. Қара қой құрлы құн жоқ па, қаһармандарда, қансыз күн?!

МҰНАР КҮН

«Арғымаққа оқ тиді
Қыл майқанның түбінен.
Аймадетке оқ тиді
Отыз екі омыртқаның буынынан.

Зырлап аққан қара қан
Тыйылмайды жонның уақ тамырдан.
...Сақ етер тиді саныма,
Сақсырым толды қаныма,

Жара бір қатты, жан тәтті,
Жара аузына қан қатты.
Жарықшылар жоқ па екен,
Жармай білте саларға?!
Жағдайсыз жаман қалып барамын,
Жанымда бір туғанның жоғынан..»

(Доспамбет жырау)


Бұл неткен күн, неткен күн?!
Бұзылып, шырқым кеткен күн.
Бұлағайдың күні бұрқырап,
Бұлт құрсаған көктен күн.
Бұғалық салып, бұлқынтып,
Бұздай әскер жеткен күн.
Бозторғайы даланың
Бұл-бұл ұшып кеткен күн.
Басымыздан бақ тепкен күн,
Бассыз билік өктем күн.
Бас имейтін ерлерді
Басыбайлы еткен күн.

Азаматтарды отқа айдап,
Ажал оғын сепкен күн.
Атаңа нәлет азғындар
Арбаға азбан жеккен күн.

Қынадай қырып кінәсіз,
Қырандар қыршын кеткен күн.
Сұрапыл сәтке тап келіп,
Сұраусыз ерлер шөккен күн.
Азаматтарды отқа айдап, ажал оғын сепкен күн. Атаңа нәлет азғындар арбаға азбан жеккен күн.

Жағымпаз кілең шалдарым
Жамағатты сөккен күн.
Жапалақша жалбаңдап,
Жау жағына өткен күн.

«Қарақшы» деп қаралап,
Халыққа қаһар төккен күн.
Қайран, мынау Маңғыстау
Қайғыдан белі бүгіліп,
Қарадан, ханнан түңіліп,
Қап-қара боп кеткен күн.

Солай да-солай соры қайнап,
Сұмдықтың басы жеткен күн.
Барлығын бір күнде ұқтырды
Басымыздан өткен күн.

Қандастарыма қарата
Атылған арсыз оқ көрдім.
Айдаһар сынды араны
Аузынан шашқан шоқ көрдім.
Жер бауырлатқан жұртымды
Жендетті иттен жек көрдім.
Қанішерлердің ісіне
Қарайып қаным, кектендім.

Талайды бастан өткердім,
Талайға жақтас боп келдім.
«Өз халқына өкімет
Оқ атпайды» деп келдім.
Қырық жылға жетпес ғұмырда
Қиналып, талай от көрдім.
Бірақ та мұндай сұмдықты
Білсеңдер, бірінші рет көрдім.

Талайды бастан өткердім, талайға жақтас боп келдім. «Өз халқына өкімет оқ атпайды» деп келдім.


Бұл не деген масқара!
Бұл не деген аспара!
Қайда қарап отыр бұл
Қалғымайтын Астана?!
Кімге құлақ салады
Кіл нән дөкей, бас қала?!

Ақиқатты жалаңаш
Асып тастап аспаға;
Арсыз билік ақырар
Аң секілді, жасқа да.
Кімге зарын айтады
Қызыл қарын жас бала?!
Ойнамайды озалдан
Тоқ баламен аш бала.
Қырылды ғой бейбіт ел,
Қыран-қала, жас қала.
Қан сасыған қаладан
Қашты кие, қашты ана.

Жаны күйген жұрт көрдім
Жан қиған жер жастана.
Ару көрдім ашынған,
Атқан оқ қып тасты ала.
Қару көрдім кезенген
Қарияға, жасқа да.
Жауқазындай жастарым
Жаны кірлеп, ластана;
Жасқа малшып жанарын,
Жаутаңдаған жасқана.
Қып-қызыл боп ұяттан
Қына біткен тасқа да;

Өрімталым өртенді
Өркен жайып бастала.
Өз балаңа жем болды
Өзгеге емес, басқаға.
Қарғыс атқан күн болды
Қасіреті көп басқа да.
Бұрынғысы аз болды
Қазақ деген қасқаға!

Қара қойы өлсе қайғырар қазағым бүгін қамсыз күн. Қара қой құрлы құн жоқ па, қаһармандарда, қансыз күн?!


Ай, мынау бір арсыз күн,
Аруақ атқан жалсыз күн.
Аспанды ала бұлт торлап,
Арайлап атқан таңсыз күн.

Қайғыны басқа шұлғанған,
Қара боран, қарсыз күн.
Қарсы тұра алмай, қансырап,
Қайратым қайтқан әлсіз күн.
Қасыңдағыға сенім жоқ,
Қарғыс атқан халсіз күн.
Қазақты қапы соқтырған
Қасиетсіз, қансыз күн.

Жалыны жоқ, жалты жоқ,
Жарығы жоқ, жансыз күн.
Жауырынымнан оқ тиіп,
Жабыны құшып, жал сүздім.

Қара қойы өлсе қайғырар
Қазағым бүгін қамсыз күн.
Қара қой құрлы құн жоқ па,
Қаһармандарда, қансыз күн?!
Қан төгілген алаңның
Қасіретін әлсіздің;
Қайтарар ма есесін
Қайталап келер сансыз күн?!
Қаранардай ерлерім
Қаршығасын ілген күн.
Қара үлектей шабынып,
Қайраты тасып, бүлген күн.
Қайтейін, бағы теріс кеп,
Қасірет бұлты төнген күн.
Қара жерге жаныштап,
Қатыгез жау күлген күн.
Қандықолдар құтырып,
Қаншық етек түрген күн.
Қара ниет жауыздар
Қанден болып үрген күн.
Қара беті көн болып,
Қаздаң басып жүрген күн.
Қарай алмай халқына,
Қара жерге кірген күн.
Кімдердің кім екенін
Бір-ақ күнде білген күн.

Сын болды бұл батылға,
Мін болды бұл батырға.
Ақиқатты айту да
Оңай емес ақынға.
Жаңаөзенім жаншылды
Жатқа емес, жақынға.
Аманат қып Алланың
Берген жанын ақырда
Адам қию - айуандық,
Жоқ оған еш хақың да!
Өз қазағың өзіңді
Таптап, басып тақымға;
Шалып жатыр аяқтан
Шақырған боп ақылға:
«Қанқор жендет қанжарын
Қайрап алып, мақұл ма,
Тамағыңа тақасын -
Тырп етпе, - деп, - бақырма»...
Бұдан өткен сатқындық
Бола ма екен жақында?!
Ой, дүние-ай, өзегім,
Өрт болып сен лапылда!
Қолдан келер қайран жоқ,
Қор болдың-ау пақырға...

...Боздауым да бекер-ау,
Қозғауым да бекер-ау.
Жә-жә, жарар, жасыма,
Бұл күндер де өтер-ау.
Армандаған азат күн
Алтын таң боп жетер-ау.
Сонда мына сорлы елдің
Болар зары жеке дау.
Басын баққан талайлар
Батыр болып кетер-ау.
Көрерсің де тұрарсың,
Күн де өзгерер, көкем-ау!
Бақ пен сордың арасы
Қас пен көздей екі елі-ау.
Әлмисақтан дүниенің
Заңы осы екен-ау...

Күлкі болып қасыңа,
Күн туып тұр басыңа.
Жақсы күндер туады,
Жаңаөзенім, жасыма!
Мұңың әлі сейілер,
Мұнар бұлтың ашыла.
Тағзым етер талайлар,
Тарих жазып асыға.
«Қасиетті» деп бас иер
Қасіретті тасыңа.
Дала біткен жырлайды
Даңқыңды әлі асыра.
Бала біткен жаттайды
Есіміңді бас ұра.

Қаһарманым, берік бол,
Қайрала бер, ашыла!
Күнің әлі туады,
Күн сөнгенше жасыма!
Ар алдында - тазасың,
Дар алдында - дарасың.
Тарихыңды сен әлі
Тамған қанмен жазасың.
Талтаңдаған талайдың
Тәңір табар қазасын.
Алшаңдаған арсыздың
Алла берер жазасын!
Жалмаңдаған жендеттер
Жан-жағына қарасын.
Азат ұрпақ, алғы күн,
Тудырады данасын.
Орны-орнына қояды
Осы күннің таласын.
Қазағымның жадында
Қаһарман боп қаласың.
Бұла ұрпақ береді
Бұл күндердің бағасын.

Жасты бекер төккізбей,
Жатқа басты тепкізбей;
Бұл күндерді Құдайым
Тезірек тек өткізгей!
Тегін сыйын бермейді
Тектілерге тек біздей.
Күн жаманы кетеді,
Діл жаманын кеткізгей!
Жүректерге Жасаған
Жүйелі ой еккізгей!
Мейірім мен шапағат
Мелдектетіп төккізгей!
Иман гүлін, иншалла,
Ислам нұрын сепкізгей!
Құдіреті күшті кең Алла
Сол күндерге жеткізгей!
Әумин!!!

Рахат ҚОСБАРМАҚ,
ақын, журналист.

2011 жыл, 24 желтоқсан, сенбі.
Ақтау қаласы.
XS
SM
MD
LG