Accessibility links

Жаңаөзендегі төтенше жағдай тәртібі ұзартылды


Жаңаөзен қаласындағы орталық алаңда тұрған полиция жасағы. 18 желтоқсан 2011 ж.
Жаңаөзен қаласындағы орталық алаңда тұрған полиция жасағы. 18 желтоқсан 2011 ж.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев өз жарлығымен Жаңаөзен қаласындағы төтенше жағдай тәртібін қаңтардың 31-іне дейін ұзартты.


Қаңтардың 4-і күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласындағы төтенше жағдай мерзімін ұзарту туралы жарлыққа қол қойды.

Сәрсенбі күні президенттің ресми сайтында жарияланған жарлықта:

1. «Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында төтенше жағдайды енгізу туралы» Қазақстан Республикасы президентінің 2011 жылғы 17 желтоқсанда № 197 жарлығымен енгізілген Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының аумағында төтенше жағдайдың қолданысы 2012 жылғы 31 қаңтардағы 7 сағат 00 минутқа дейін ұзартылсын.

2. Қазақстан Республикасының үкіметі уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы Жарлықтан туындайтын қажетті шараларды қабылдасын.

3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі» делінген.

Бұған дейін президент Назарбаевтың жарлығымен Жаңаөзен қаласында 2011 жылғы желтоқсанның 17-інен 2012 жылғы қаңтардың 5-іне дейінгі мерзімге төтенше жағдай жарияланып, қалада түнгі 11-ден таңғы 7-ге дейін коменданттық сағат тәртібі енгізілді.

Жаңаөзенде комендатура құрылып, оған Қазақстанның «Төтенше жағдай туралы» заңының аясында жұмыс істеу құзыры берілді. Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Аманжол Қабылов Жаңаөзен қаласының коменданты болып тағайындалды.

Саясаттанушы Досым Сәтбаев Жаңаөзендегі төтенше жағдай мерзімін ұзарту
Саясаттанушы Досым Сәтпаев.
Саясаттанушы Досым Сәтпаев.
белгілі бір дәрежеде президенттің өзіне де жағымсыз әсер етеді деген пікір білдірді.

– Себебі, қалада төтенше жағдай жарияланған кезде президент ол жақта жағдай тез қалпына келетінін меңзеп, тіпті төтенше жағдай белгіленген мерзімнен ертерек алынып тасталуы мүмкін деп айтқан еді. Енді ондағы жағдай әлі күнге дейін тұрақталмаған болып отыр. Тіпті облыс басшыларын ауыстырғанына қарамастан билік жағдайды әлі толық бақылауына ала алмай жатыр. Бұл аймақта мемлекеттік құрылымдар әлі күнге дейін қандай да бір қатаң шаралар болуы мүмкін деп қауіптеніп келеді. Менің ойымша, биліктің қайта-қайта сақтануының себебі осында жатыр. Әсіресе, парламенттік сайлау алдында. Сайлау күні ол жақта ірі саяси қақтығыстар болмасын деп сақтанып отыр, – дейді Досым Сәтбаев.

Бұған дейін Қазақстандағы түрлі саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар биліктен парламенттік сайлауды кейінге қалдырып, елде қаралы күн жариялауды талап еткен еді.

Досым Сәтбаевтың пікірінше, билік қоғамның пікірін білуге аса құмар болып отырған жоқ.

– Өз дегенін орындатуға үйреніп алған билік үшін Жаңаөзен оқиғасы парламенттік сайлауды кейінге шегеретіндей аса маңызды себеп емес. Оның үстіне биліктің көзқарасы бойынша, егер парламенттік сайлау кейінге шегерілсе, бұл белгілі бір деңгейде соны талап етіп келген белгілі бір саяси күштерге, оппозицияға тиімді болар еді. Мұндай жағдайда билік өзінің қарсыластарына тиімді жағдай жасағысы келмейді, – дейді сарапшы.

«Қазақстанның экологиялық қоғамдық қорының» президенті саясаткер Мұсағали
«Қазақстанның экологиялық қоғамдық қорының» президенті Мұсағали Дуамбеков.
«Қазақстанның экологиялық қоғамдық қорының» президенті Мұсағали Дуамбеков.
Дуамбеков биліктің бұл әрекетін құптамайды. Оның пікірінше, онсыз да үрейленіп отырған халықтың онан сайын берекесін қашырып, ызаландырудың қажеті жоқ.

– Төтенше жағдайдың не қажеттігі бар? Мысалы, шеруге шықпасын десе, оның барлығы заңда жазылған. Ол жақта 10 мың ОМОН жасағы жүр дейді. Сол 10 мыңның өзі ешкімді тырп еткізбейді ғой. Менің ойымша, ол елді онан әрі ызаландырады. Сондықтан мәселенің бәрін төтенше жағдаймен шеше алмайсың. Енді 21-ші ғасырда өмір сүріп отырмыз ғой. Елдің көзі ашық. Тіпті араб елдеріндегі революцияны, мына Ресейдегі болып жатқан биліктің күшінің азайып, демократиялық институттардың көбейіп жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан, меніңше, халықпен қазір басқаша сөйлесу керек. Күшпен емес, жағдайларын шешіп, мүмкіндігінше олардың мәселесін дұрыстап қараған жөн, – дейді Мұсағали Дуамбеков.
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:48 0:00
Жүктеп алу

«Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының бас хатшысы Әміржан Қосановтың ойынша, биліктің бұлайша әрекет етуінің бірнеше себебі бар.

– Біріншіден, «16 желтоқсан оқиғасының себебі неде?», «Ұйымдастырушысы кім?»,
«Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының бас хатшысы Әміржан Қосанов.
«Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының бас хатшысы Әміржан Қосанов.
«Оқу атуға кім бұйрық берді?» деген тәрізді құқықтық сұрақтарға жауап табылған жоқ. Егер бұл сұрақтарға жауап берілмесе, жағдайдың ушығып кететінін билік біліп, түсініп отыр. Сондықтан төтенше жағдай тергеу-тексеру, анықтау жұмыстарын неғұрлым жабық, құпия дәрежеде жүргізуге мүмкіндік береді, – дейді саясаткер.

Қосановтың ойынша, биліктің тағы бір көздеп отырғаны – бұл парламенттік сайлау кезінде Жаңаөзен оқиғасының қайталануына жол бермеу амалдарының бірі.

– Яғни, төтенше жағдай желеуімен сайлаудың өзін бақылауда ұстау, – дейді оппозиция өкілі.
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:20 0:00
Жүктеп алу

Құқыққорғаушы Амангелді Шорманбаевтың пікірінше, нақты жағдайда парламенттік сайлауды кейінге қалдыру керек.

– Өйткені, төтенше жағдай кезінде сайлау өткізу – еркін де әділ сайлау өткізу
Құқыққорғаушы Амангелді Шорманбаев.
Құқыққорғаушы Амангелді Шорманбаев.
мақсаттарына, принциптеріне қайшы. Қазақстан конституциясы бойынша кез келген сайлаушы қандай жерде тұрмасын, сайлау туралы, кандидаттар туралы, т.б. ақпарат алуға құқылы, – дейді ол.

Ал дәл қазіргідей жағдайда Жаңаөзен тұрғындары мен Қазақстанның өзге аймақтарында тұрып жатқан сайлаушылардың ақпарат алу мүмкіндіктері тең болып отырған жоқ дейді құқыққорғаушы.

– Төтенше жағдай кезінде кандидаттар мен партиялар ол жаққа бара алмайды. Кездесулер ұйымдастыра алмайды. Яғни, кандидаттардың құқықтары да шектеледі, негізінен ондағы сайлаушылардың ақпарат алу құқықтары шектеледі. Сайлаушылар кездесулер, үгіт-насихат жұмыстары арқылы кандидаттарды біліп, танып, сұрақтарын қою арқылы білуі тиіс. Сайлау кезінде ол негізгі ақпарат алу көзі десек те болады. Ал егер ондай құқықтары шектелсе, онда ешқандай сайлау болмайды, – дейді Амангелді Шорманбаев.
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:18 0:00
Жүктеп алу

16-17 желтоқсанда Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласы мен Шетпе станциясында болған толқу кезінде ресми дерек бойынша 17 адам қаза тауып, 100 шақты кісі жарақат алды.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG