Accessibility links

Айтарым бар...


Полицей қала тұрғынын тексеріп тұр. Жаңаөзен, 19 желтоқсан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Полицей қала тұрғынын тексеріп тұр. Жаңаөзен, 19 желтоқсан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Осы аптада Алматыда өткен жиындардың бірінде жазушы Қабдеш Жұмәділов былай депті:

«Мен кейде ойланам. Осы бір емес, екі бірдей президентін қуып шыққан қырғыздар мен мына біздің қазақты салыстырам ғой. Өйткені тарихты көп жаздым, зерттегем. Қырғыздарды да көп білем. «Осы қырғыздар бізден шынында жауынгер ме?» «Ақыл-ойы артық па?» деп сұрақтар қоям ғой.

Мен олай демес едім. Қырғыздың мерейін үстем қылып тұрған – жерінің шағындығы. Кеше кешке Ошта көтерілсең, таңертең Бішкекке жетіп келесің. Өкіметін қоршап ала қоясың. Қорқытасың, қуып шығасың. Ал біздің билікті сақтап тұрған – қазақтың кең-байтақ даласы. Әр қаласының арасы – мың, екі мың шақырымнан. Біздің үніміздің қосылмайтынының бір себебі осы. Анау Маңғыстауға бара алмаймыз. Өте бір жанкештілеріміз болмаса, көбіміз үйде жатып, жете алмай қалдық. Әнеугүні халық толқыған кезде, егер осы жағдай Қырғызстанда болса, Бішкекті тағы бір рет шайып кеткен болар еді. Енді осы қазақтың кең даласы – әрі бағымыз, әрі сорымыз. Үніміз қосылмай, әр жерде жүреміз. «Бөліп ал да, билей бер» емес, «Бөлшектеп ал да, жоя бер» деген сөзге жақсы дәлел болады».

Осылайша қарт жазушы қиын-қыстау кезде Маңғыстау халқымен бірге бола алмағанына ақтау айтқандай болады.

Жаңаөзендегі оқиғаға байланысты ұлт зиялыларының, қоғамға белгілі азаматтардың пікірлері әр түрлі шығып, олар бейне халық алдында сынақтан өткендей болғаны рас. Алайда қазіргі күні «ұлт зиялыларын бөліп жатыр», «арасына әдейі жік түсіріп жатыр» деген сияқты сындармен өз басым келіспеймін. Бұл тым біржақты, терең ойдан сүзілмей шыққан жай пікір. Естияр адам үйтіп айтпас еді.

Белгілі саясаткер, көп адам «ұлтшыл» деп жақын тартатын Ерлан Қариннің өткен аптада Jaqsy.kz сайтында «Бүгін Әбіш ұнамаса, ертең басқасы да ұнай қоймайды...» деген пікірі басылыпты. Онда пікір иесі «сынау – қаһармандық емес», «оның арты бір-бірімізді ажыратады» деп кейбір ұлт зиялыларын сынаған көзқарас-ой шоғырына қарсы дау айтыпты.

«...Егер әлдекімге бүгін Әбіш ұнамаса, Тоқтар, Бекболат жақпаса, оған ертең басқасы да ұнай қоймайды. «Ұлтпыз, халықпыз» деген елде бағыт беретін, жол сілтейтін ел басшысы да, көсемі де, рухани тұлғалары да болуы қажет. Бұрын ауылдарда ел-жұрт ақсақалдардың аузын бағатын. Егер бауыр тұтуды жадымызға сақтамасақ, ол бүгін үйінде әкесін сыйлауды қояды. Ертең ақсақалына деген құрметті жоғалтады. Кейін оған ешкім жақпайтын болады. Ал мұндай елдің ақыры қандай болатынын жақсы түсінерсіз деген ойдамын...» деп түйіпті Ерлан Қарин.

Менің уәжім мынадай – бұл жерде мәселе сынау-сынамау, ұнау-ұнамау, жағу-жақпау, бауыр тұту-тұтпауда болып тұрған жоқ. Мәселе ақты – ақ, қараны – қара деп айтуда. Біздің билік қорғауға зәру емес, халық – зәру. Осыны, өкінішке қарай, кейбір «зиялы» деп жүрген аға-көкелеріміз түсіне алмапты. Ал қиын-қыстау кезінде тіпті халықтың көңілін де аулай алмаған «зиялыларды» сонда сақалы үшін, алған наградалары үшін халық сыйлауы керек пе? Әрине, бұдан олардың кезінде жасаған еңбектері жоқ болмайды. Халық сол үшін оларды сыйлап, бағалап жүрер. Ал бірақ ар – кірленсе, жуа салатын киім емес екенін де ұмытпаған жөн.

«Өтірік балдан шындықтың уы артық» демекші, ащы шындықты жылы жауып қоюға болмайды. Қоғам ауыр болса да, өз бойындағы жараның аузын ашып, «дәрілеп» емдеп, «таңып тастамаса», дұрыс бітпейді, яғни бірлік те, тұтастық та болмайды. «Ауруын жасырған өледі» дейді. Мемлекет тұтастығы «біз тұтаспыз» деген құр айғаймен келмейді.

Нақты жағдайда қоғам – «тоқылдақ» болып, олардың кемшіліктерін бетіне басты. Бар болғаны сол. Ал сол үшін сынаған адамдарды «қоғамға жік салды», «елдің тәуелсіздігін көре алмайды» деп айыптап, биліктің айтқанын қайталауға болмайды. Бұл – менің пікірім. Ал егер менімен біреу келіспесе, онда осында ашық уәжін айтсын.

Бұл жазба жазудағы мақсатым – біреуді мінеп-шенеу, сынау емес. Бұл мәселе қоғамда өте ашық жан-жақты талқылануы керек. Сонда ғана ақиқаттың бейнесі құралады. Кім қателесіп отыр? Соны анықтайық.
XS
SM
MD
LG