Accessibility links

Қытайлық байланыс компанияларының Орталық Азиядағы «тыңшылығы»


Қытайлық телекоммуникациялық Huawei компаниясының Түркіменстандағы көрмесі. Ашғабат, 9 қыркүйек 2009 жыл
Қытайлық телекоммуникациялық Huawei компаниясының Түркіменстандағы көрмесі. Ашғабат, 9 қыркүйек 2009 жыл

Eurasia Views («Еуразия вьюс») басылымы ұялы байланыс бойынша қызмет көрсететін Қытайдың телекоммуникациялық ZTE және Huawei атты екі компаниясының Орталық Азиядағы «күмәнді қызметі» туралы мақала жариялады.


Аталған Қытай компаниялары Орталық Азия елдерінде кеңінен қызмет көрсетеді. Дәл қазіргі уақытта осы екі компанияны «интеллектуалдық меншікті ұрлады» деп айыптап, АҚШ үкіметі тексеріп жатыр.«Бұл фирманың құралдары қарапайым адамдардың телефон әңгімелерін тыңдауы мүмкін» деп те алаңдайтын адамдар бар дейді мақала авторы.

Басылымның жазуынша, АҚШ конгресі арнайы комиссия құрып, Қытайдың аталған екі компаниясын тексеруге кірісті. Тексеру нәтижесі қытайлық компаниялармен ынтымақтасып отырған Орталық Азия елдерінің үкіметтері үшін жағымсыз болуы әбден мүмкін.

АҚШ заңгерлерінің пікірінше, ZTE мен Huawei ақпараттық қауіпсіздік жағынан қауіп төндіріп тұр. АҚШ-тың арнайы барлау бөлімінің төрағасы Майк Роджерс былтырғы қазан айында конгресте: «Қытай өзінің бәсекелес компанияларынан интеллектуалдық меншік пен ақпарат ұрлап жатыр» деп мәлімдеген. Алайда Қытай үкіметі бұл тағылған айыптарды барынша терістеп, мойындаған жоқ деп жазады басылым.
ZTE компаниясының қорабына салынған қарбыздар. Тәжікстан.
ZTE компаниясының қорабына салынған қарбыздар. Тәжікстан.

Зерттеушілердің айтуынша, ZTE мен Huawei Қытай үкіметінің көмегімен Оталық Азия елдерімен тиімді келісім-шарттар жасасып, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстандағы нарықта мықтап бекіген.

Автордың болжауынша, тексеру кезінде аталмыш компаниялар Қытай үкіметін құнды ақпараттармен қамтамасыз етіп отырғаны рас боп шықса, Қазақстаннан басқа Орталық Азияның төрт елі Бейжіңнің бақылауында деген сөз. Бірақ бұл елдердің авторитарлық режим орнатқан үкіметтері қытайлық технологияны өз мүддесіне пайдаланып, өз халқын тыңдап, бақылап отыруы да мүмкін деген пікір білдіреді мақала авторы. Себебі Түркіменстан мен Өзбекстан әлем бойынша халқын қысып ұстайтын ең репрессивті елдер ретінде танылған.

Басылым қытайлық екі компанияның соңғы 10 жылда Орталық Азия елдерінде қалай белсенді әрекет етіп жатқанын жан-жақты талдап жазған. Сарапшының пайымдауынша, Орталық Азия елдерінің әрқайсысы қытай компанияларынан кем дегенде құны 10-18 миллион АҚШ доллары болатын байланыс саласының құрал-саймандарын сатып алып, елдеріне қондырған. Қытай жағы оларға ең тиімді баға ұсынған. Кейбір кездері «Қытай даму банкі» оларға несиеге мол ақша беріп көмектесті.

Мақалада Шанхай әлеуметтік ғылымдар академиясының уақытша келісім-шарттағы ғалымы Рафаэло Пантуччидің пікірі берілген. Ғалымның ойынша, Қытай компанияларына тағылған айыпты дәлелдеу мүмкін емес.

«Қытай барынша сырт әлемге шығып, танылғысы келеді. Бірақ, оның алдынан осы тәрізді проблемалар қайта-қайта шығып жатыр. Huawei фирмасы Ұлыбританиямен де, Үндістанмен де байланыс саласы бойынша бірлесіп істеспекші болған. Екі ел де АҚШ-тың «тыңшылық» туралы сылтауын айтып, келісім-шарт жасасудан бас тартты» дейді Пантуччи.
Қытайлық Huawei компаниясының логотипі
Қытайлық Huawei компаниясының логотипі

Орталық Азия елдері әу баста қытайлықтармен келіскенде мәселе саяси емес, экономикалық сипат алып тұр еді. Бейжің бұл елдерге телекоммуникациялық инфрақұрылымды өте арзан бағамен салып беруді ұсынды деп ойлайды ғалым.

Бірқатар адам құқығын қорғаушылардың пайымдауынша, авторитарлық режим орнатқан Орталық Азия басшыларына қытайлық компаниялардың қызметі керісінше пайдалы көрінген сияқты. Кейбір қоғамдық ұйым өкілдері: «Түркімен үкіметі қытайлық компаниялармен тиімді шарттар жасасып, азаматтардың ұялы телефондары мен интернеттегі ақпараттарын бақылауға келіскен» деп те айтады.

Мұндай келісім репрессивті үкіметтің қол астындағы халқы мен елдегі шетелдік фирмаларды бақылап отыру жұмысын жеңілдетеді деп санайды Пантуччи.
«Тыңшылық қылады деген үрейдің қаншалықты рас екенін мен білмеймін. Байланыс сияқты өте маңызды саланы шетелдік фирмалардың қолға алуы алаң туғызбай қоймайды. Өз басым Қытайдың кез-келген ірі компаниясы белгілі бір дәрежеде үкіметпен байланысып жатады деп ойлаймын» дейді ғалым. Рафаэло Пантучидің айтуынша, Huawei компаниясын Жэнь Чжэнфэй есімді Қытай әскерінің бұрынғы инженері құрған.
XS
SM
MD
LG