Accessibility links

Түркіменстан халқының «шексіз бақыт дәуірі»


Түркіменстан президенті кинотеатрда отыр. Ашғабат, 29 маусым 2011 жыл
Түркіменстан президенті кинотеатрда отыр. Ашғабат, 29 маусым 2011 жыл

Түркіменстанның мемлекеттік ақпарат құралдары Гурбангулы Бердімұхамедов президент болып қайта сайланған сәттен бастап ел «тұрақты мемлекеттің шексіз бақыт дәуіріне» аяқ басты деп хабарлады.


Азаттық радиосы Түркімен қызметінің хабарлауынша, бұл туралы Ашғабаттағы ақпанның 25-де өткен ресми жиында ұсынылған.

Түркіменстанның президент сайлауында 97 пайыз дауыс жинап, екінші мерзімге сайланған Гурбангулы Бердімұхамедовтің ұлықтау рәсімі ақпанның 17-сінде өткен болатын. Содан бері 29 министрден жасақталған жаңа кабинет мүшелері тағайындалып болды. Министрлердің 22-сі – президент Гурбангулы Бердімұхамедовтың туған аймағы Ақал уәлаятынан шыққан жерлестері. Ал елдің негізгі қорғаныс, ішкі істер және ақпараттық барлау министрлері әлі тағайындалмады.

ЖАҢА ТАПСЫРМА

Ақпанның 26-сы Ашғабаттағы ұлттық мәдени орталықта елдің мәдениет саласы мен ақпарат құралдарының жиыны өтті. Оған қатысқан Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов елдің алдағы дамуындағы бағыт-бағдарын белгілеп, осы сала қызметкерлеріне ұлттың бай мұрасын насихаттап, елдің «бақытты кезеңге аяқ басқанын» түсіндіруді тапсырды.

«Елдің өз ішінде және әлемде жеткен жетістіктеріміз бен түбегейлі жүзеге асып жатқан реформаларымыздың маңызы туралы және қазіргі Түркіменстан халқы аяқ басқан бақытты да құдіретті дәуірдің мақсат-міндеттерін түсіндіру мәдениет пен өнер қайраткерлерінің тікелей міндеті» деді президент.
Қауын ұстап тұрған Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтың телеэкраннан түсірілген суреті.
Қауын ұстап тұрған Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтың телеэкраннан түсірілген суреті.

Бердімұхамедовтың 2007 жылы басталған алғашқы президенттік кезеңі «Қайта жаңғыру дәуірі» деп аталған.

2006 жылы бұрынғы президент Сапармұрат Ниязов өмірден өткеннен кейін билікке келген Гурбангулы Бердімұхамедов Түркіменстандағы әлеуметтік жағдайды өзгертуге тырысты. Ол ауылдық жерлерде ауруханаларды қайта ашып, бірқатар шектеулері болса да, интернет кеңістігінің аясын кеңейтті.

Бастапқыда ол алдыңғы президент Сапармұрат Ниязовтың жеке басына табыну науқанын әлсіретіп, Түркіменбашының бірнеше ескерткішін қала орталықтарынан алдыртып тастады. Ниязовтың өз аты мен анасының есімін енгізген күнтізбедегі ай аттарын қайта қалпына келтірді.

Биылғы ақпанның 12-сінде өткен президент сайлауында «жеті бәсекелесінен айқын басым түскен» Гурбангулы Бердімұхамедов президенттік екінші мерзімінде Ниязовтың жолын қайта жаңғыртып, жеке басқа табынуды жандандыра бастады.

ЖАҢА ТАЛАНТ

Қазіргі Түркіменстанда Бердімұхамедовтің суреттері басылған үлкен билбордтар жиі кездеседі. Қызмет жолы тіс дәрігері, кейін денсаулық сақтау министрі ретінде басталған оның «жазушылық қабілеті» де көріне бастады. Билік басындағы бес жыл ішінде Бердімұхамедов Ақалтеке жылқысын қалай баптап өсіру туралы бірнеше кітап авторы атанды.

Ресми баспасөздегі хабарларға қарағанда, Бердімұхамедов түркімен ұлтының рухани жол бастаушысы ретінде «Түркімен-нама» немесе «Адамнама» деген жаңа кітап шығарған. Оның алдындағы президент Сапармұрат Ниязов жазған дәл осындай мазмұндағы «Рухнама» кітабы оқу бағдарламасына енген болатын. Ашғабатта «Рухнамаға» ескерткіш те қойылған.

Соңғы жылдары Түркіменстан президентінің басқа да қырлары ашыла бастады. Былтырғы маусым айында туған күнін атап өткен Бердімұхамедов гитарамен «Ақ гүлдерім сен үшін» деген әнін шырқап, залда отырған көрермендер тік тұрып тыңдап, көздеріне жас алды.



КӨНЕ ЖОЛ

Сапармұрат Ниязовтың саяси дәстүрін түрлендіре түскен Гурбангулы Бердімұхамедовтың тұсында да оның жақындарының есімімен аталған мектептер мен көшелер пайда бола бастады. Мысалы, Бердімұхамедовтың туып өскен ауылындағы мектепке - атасы Бердімұхамед Аннаевтың есімі берілді. Түркіменстанның ішкі істер министрлігіне қарасты 1001-ші әскери бөлім президент әкесінің атымен аталып, оның кеңсесі мұражайға айналды.

Бердімұхамедовтың жеке ұсынысы да ұлттық деңгейге көтеріліп, бұл күндері түркімендер ұлт мақтанышы болған Ақалтеке жылқысына арналған күнді атап өтетін болды.

Түркіменстанда Сапармұрат Ниязов заманынан бері өзгермей қалған жайттар да бар. Бұл ел әлі де оқшауланған. Сайлауларына шетелдік бақылаушылар шақырылмайды. Елде бірпартиялық жүйе орнап, басқаша ойлайтын биліктің оппоненттерін қудалау жалғасып жатыр.
XS
SM
MD
LG