Accessibility links

Түркіменстанда президенттікке үміткер тәуелсіз кандидат тіркелмеді


Сайлаушы дауыс беріп тұр. Ашғабат, 14 желтоқсан 2008 жыл.
Сайлаушы дауыс беріп тұр. Ашғабат, 14 желтоқсан 2008 жыл.

Түркіменстан тарихында тұңғыш рет президенттікке кандидат болуға мектеп мұғалімі – Айна Абаева ниеттенді. Бірақ оны сайлауға жібермеді. Елдегі президенттікке сайлау 2012 жылдың 12 ақпанына белгіленген.


Ресми ақпарат бойынша президент тағынан үміткер болуға 15 адам арыз берген . 15 кандидаттың сегізі (президент Гурбангулы Бердімұхамедовты қосқанда) орталық сайлау комиссиясының (ОСК) тіркеуінен өтті.

Биылғы сайлаудың бір ерекшелігі – қазіргі билікке еш қатысы жоқ, қоғам белсендісі Айна Абаеваның президентікке кандидат болуға ниет білдіруі.

ОСК АРЫЗДЫ ҚАБЫЛДАУДАН БАС ТАРТТЫ

Айна Абаева - Ашғабат қаласына жақын елді мекенде тұратын ағылшын тілі пәнінінің мұғалімі, “Хақықат” деп аталатын мемлекеттік емес қоғамдық ұйымның мүшесі.

Айна Абаева Азаттық радиосы Түркімен қызметі тілшісіне өзінің президенттік сайлауға түсу туралы арызын Орталық сайлау комиссиясының қабылдамағанын айтты.

Айнаның мұндай қадамға баруына не себеп?

Ол – әлі тіркеуден өтпеген “Хақықат” қоғамдық ұйымының атынан ұсынылған кандидат. Бірақ желтоқсан айының ортасында Түркіменстанның Орталық сайлау комиссиясы оның арызын тіркеуден бас тартты.

- 2011 жылдың 19 желтоқсан күні біз орталық сайлау комиссиясына келіп тіркелмек болдық. Бірақ біздің арызымыз қабылданбады. ОСК қоғамдық ұйымның тіркеуден өтпегенін тілге тиек етті. Сайлау комиссиясы біздің арызымызды әділет министрлігіне жібергенін айтады, - дейді Айна Абаева.

Айна Абаева өздерінің түрлі мемлекеттік ұйымдарға барғанын, бірақ тиісті жауап ала алмағандарын айтады.

- Тіпті, халықаралық ЕҚЫҰ-ның өзі бізді қабылдаудан бас тартты, – дейді Айна Абаева.

БИЛІККЕ СЫН СИРЕК АЙТЫЛАДЫ

Түркіменстан мемлекеттік университетін бітірген Айна Абаева осы уақытқа дейін елдегі білім жүйесін қайта құру жөнінде білім министрлігіне бірнеше рет ұсыныс айтқан. Бірақ оның бұл ұсынысы министрлікке жетер емес.

- Түркіменстандағы орта мектептерде білім – он жылдық. Бұл халықаралық стандартқа сай емес. Елдегі білім беру деңгейі ақсап тұр. Біздерге халықаралық білім деңгейіне сай оқулықтарды пайдалануға тыйым салынады, - дейді ол.

Оның айтуынша, президенттік сайлауға түсуіне себеп болған жайт – елдегі сот жүйесінің азаматтар құқығын қорғауға келгенде қабілетсіздік танытатыны.

- Елдегі сот жүйесі мүлде іске алғысыз. Бірде бір құқық қорғау органында өз құқыңды қорғай алмайсың. Елде бірде-бір заң жұмыс істемейді, - дейді ол.

”Хақықат” қоғамдық ұйымы мұнан біраз уақыт бұрын азаматтардың құқығы қорғалмайтындығын, ол үшін ел ішінде жағдай жасалмағандығын айтып,
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов. 11 тамыз 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов. 11 тамыз 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтың отставкаға кетуін талап еткен болатын. Бұл қоғамдық ұйым негізінен экология және қоршаған ортаны қорғауды мақсат етеді. Қоғамдық ұйым өкілдері “қазір елдегі конституция орындалмайды, заң атаулы жетілмеген, көбінесе заңның өзі орындалмайды” деген пікір айтады.

Айна Абаеваның айтуынша, “Хақықат” қоғамдық ұйымының мүшелері елдегі қауіпсіздік кеңесі мен бас прокуратураға заңдардың орындалуын қадағалау туралы ұсыныс жолдаған.

Айна Абаеваның азаматтық белсенділігінен отбасы зардап шекті. Биліктің қысымынан кейін күйеуі жұмыссыз қалды, кейін ол Айнаны үш баласымен тастап кетті.

Мұның бәріне қарамастан Айна Абаева “әділдік үшін күресе беретінін” айтады. Ол көмек сұрап, халықаралық қауымдастыққа арызданбақ.

ШЕКТЕУ БАР

Түркіменстан президенттік сайлаудың “әділ және демократиялық түрде өткенін” қолдан ұйымдастырмақ. Президенттікке кандидат болып сегіз адамның тіркелуі - соның дәлелі, Бұрын-соңды мұнша кандидат тіркелген емес.

Республика конституциясында бір адамның президенттікке шексіз сайлана беруге құқы бар екені жазылған.
Бұл сайлау – тәуелсіз Түркіменстан үшін бұл төртінші, ал Құрбанқұл Бердымұхамедов үшін екінші президенттік сайлау. Бірақ бұл оған соңғы сайлау болмауы әбден мүмкін, себебі республика конституциясында бір адамның президенттікке шексіз сайлана беруге құқы бар екені жазылған.

Оның үстіне халықаралық шолушылар “президенттікке кандидат болып тіркелген сегіз адамның бірде-бірі қазіргі президентке бәсекелестік таныта алмайды” дейді. Себебі кандидат болып тіркелгендер – биліктің орта буын шенеуніктері. Олар ел ішінде аса танымал емес.

2012 жылдың 12 ақпанында өтетін президенттік сайлау қарсаңында Түркіменстанға ЕҚЫҰ Адам құқы және демократиялық институттар жөніндегі бюросы өкілдері барып, Бағалау миссиясы жұмыс істеді. Яғни сайлауды кәсіби, жеткілікті түрде және сапалы бақылаудың шарттары туралы есебі жарияланды.

”Түркіменстанда еркіндік бұрынғыша сақталмай отыр. Сондықтан саяси альтернативаға шектеу бар. Түркіменстан демократиялық сайлау өткізу туралы ЕҚЫҰ шеңберінде қабылдаған міндеттемелерін орындау үшін өзінің ішкі заңдарын әлі де жетілдіруі тиіс. Біз бақылаушыларымызды жіберу арқылы, бұған аз да болса, пайдамыз тиер деген ойдамыз” дейді халықаралық ұйым.
XS
SM
MD
LG