Accessibility links

«Чемпиондар лигасының қаһармандары – Дрогба мен Чех»


"Челси" шабуылшысы Дидье Дрогба. (Көрнекі сурет)
"Челси" шабуылшысы Дидье Дрогба. (Көрнекі сурет)

Мамырдың 20-сы (Астана уақытымен) Мюнхендегі «Альянс Аренада» Чемпиондар лигасының финалы болды. Лондондық «Челси» командасы «Баварияны» ұтып, чемпион атанды.


Ди Маттео шәкірттері Мюнхендегі «Альянс Аренада» өткен ақтық ойында «Баварияны» ұтты. Кездесу тағдыры пенальти сериясы арқылы шешілді.

Осы жеңісімен «Челси» Чемпиондар лигасындағы орнын сақтап қалды. Бұл команда Англия премьер-лигасында алтыншы орын алып, келесі жылғы Чемпиондар лигасына жолдама ала алмай қалған еді. Енді биылғы чемпион ретінде лондондық команда келер жылы өз атағын қорғайды.

ЛИГАДАҒЫ «ЧЕЛСИДІҢ» ТҰҢҒЫШ ЖЕҢІСІ

Кездесудің негізгі уақыты 1:1 есебімен тең аяқталды. Алдымен «Бавария» ойыншысы Томас Мюллер 83-минутта гол соқты. Ал араға бес минут салып «Челси» шабуылшысы Дидье Дрогба есепті теңестіріп кетті. Тең есеп матч соңына дейін сақталып, кездесу қосымша уақытқа ұласты. Экстра-таймдар нәтижесіз аяқталып, ойын соңындағы пенальти сериясында 4:3 есебімен ұтқан «Челси» жеңіс тойын тойлады.
"Челси" командасының қожайыны, миллиардер Роман Абрамович. Лондон, 19 желтоқсан 2011 жыл.
"Челси" командасының қожайыны, миллиардер Роман Абрамович. Лондон, 19 желтоқсан 2011 жыл.

Бұл - лондондық команданың тарихындағы екінші финалы және алғашқы жеңісі. 2008 жылғы финалда пенальтиден «Манчестер Юнайтедке» есе жіберген лондондықтар сол жолғы олқылықтың орнын бүгін толтырды.

Ал төрт рет Чемпиондар лигасының жеңімпазы болған «Баварияның» бұл - тоғызыншы финалы. Команда лигадағы ақтық ойындарда бесінші рет жеңілді.

РОББЕННІҢ ҚАТЕСІ МЕН ГОМЕСТІҢ ПАЙДАСЫЗ ШАБУЫЛДАРЫ

Спорт комментаторы Ермұхамед Мәуленнің ойынша, финалда «Баварияға» сәттілік жетіспеді. Футбол комментаторы:

- Немістер басым болып тұрып, қолда тұрған кубоктан айырылып қалды. Ал «Челси» нағыз ерлік жасады. Матч алдында «Бавария» алаң иесі ретінде фаворит саналған. Бірақ «Челси» бүгінгі ойында алаң иелеріне өз алаңының көмектесе бермейтінін тағы бір дәлелдегендей. Кездесу кезінде Роббеннің қателіктері мен Гоместің пайдасыз шабуылдары «Баварияның» жеңуіне кедергі келтірді. Есесіне, «Челси» аз да болса сауатты шабуылдар ұйымдастырып, ойынды өз пайдаларына шешті. Ал финалдың нағыз қаһармандары – Дрогба мен Чех, - дейді.
"Бавария" шабуылшысы Ариен Роббен. (Көрнекі сурет)
"Бавария" шабуылшысы Ариен Роббен. (Көрнекі сурет)

Спорт комментаторы Рауан Оқастың айтуынша, «Челсидің» бүгінгі жеңісі заңдылық.

- Кейінгі кезде футболда ерекше қағида қалыптасты. Бұл қағида бойынша «Барселонаны» жарыстан шығарған команда чемпион болады. Естеріңізде болса, 2010 жылы «Интер» жартылай финалда «Барселонаны» жарыстан шығарып, финалда осы «Баварияны» ұтып кеткен еді, - дейді Рауан Оқас.

«ЧЕЛСИ» - РУХТЫ КОМАНДА»

Ал кездесуден кейін УЕФА-ның ресми сайтына сұхбат берген «Челси» қақпашысы Петр Чех «Ойын өте ауыр болды. Бірақ мен пенальти сериясына дейін жету үшін барымды салдым. Пенальтиде жеңетінімізге іштей сендім. Бұл біздің тарихымыздағы ұлы жеңіс болды» депті.

Негізгі уақыттың соңында гол соғып, «Челсиді» жеңілістен құтқарып қалған осы ойынның қаһарманы Дидье Дрогба «Челсиде» керемет командалық рух бар. Мен бұл командада сегіз жылдан бері ойнап келем. Біз ылғи соңғы сәтке дейін айқасып үйренгенбіз. Бүгін – нағыз «Челсидің» заманы» дейді.
"Челси" шабуылшысы Дидье Дрогба. (Көрнекі сурет)
"Челси" шабуылшысы Дидье Дрогба. (Көрнекі сурет)

ВВС агенттігіне берген сұхбатында Фрэнк Лэмпард «Дидье Дрогба болмағанда, біз жеңе алмас едік» деді.

«Баварияның» бас менеджері Кристиан Нерлингердің ойынша, финалда «Бавария» жеңіске лайық болған. Ол «Команда алаңда әдемі ойын көрсертті. Бірақ футболдағы жеңіс ойынның әдемілігімен емес, голмен есептелетіні өкінішті. Кездесуден кейінгі команданың көңіл күйін суреттей алмай тұрмын» деп өкінішін білдірді.

ФИНАЛДЫҚ КЕЗДЕСУДІҢ МӘЛІМЕТТЕРІ

«Бавария» (Германия) – «Челси» (Англия) – 1:1 (0:0, 1:1, 0:0). Пенальтиде – 3:4.
Голдар: Мюллер, 83 (1:0). Дрогба, 88 (1:1).

Пенальтиден мүлт кетті: Роббен, 95 (қақпашы).

Пенальти сериясы: Лам – 1:0. Мата – 1:0 (қақпашы). Гомес – 2:0. Давид Луиз – 2:1. Нойер – 3:1. Лэмпард – 3:2. Олич – 3:2 (қақпашы). Коул – 3:3. Швайнштайгер – 3:3 (бағана). Дрогба – 3:4.

Алаңға шыққан «Бавария» - Нойер, Лам, Боатенг, Тимощук, Контенто, Роббен, Швайнштайгер, Мюллер (ван Бюйтен, 87), Кроос, Рибери (Олич, 96), Гомес.
"Челси" қақпашысы Петр Чех. (Көрнекі сурет)
"Челси" қақпашысы Петр Чех. (Көрнекі сурет)

«Челсидің» жеңімпаз құрамы - Чех, Жозе Босингва, Давид Луиз, Кэйхилл, Коул, Калу (Фернандо Торрес, 84), Оби Микел, Лэмпард, Мата, Бертранд (Малуда, 73), Дрогба.

Ескертулер: Швайнштайгер, 3. Коул, 81. Давид Луиз, 86. Дрогба, 93. Фернандо Торрес, 120.

Төреші: Педру Проэнса (Португалия).
XS
SM
MD
LG