Accessibility links

Татар-башқұрт мешітін жабу шешімі күшінде қалды


Петропавловск қаласындағы "Дін-Мұхаммад" мешіті.
Петропавловск қаласындағы "Дін-Мұхаммад" мешіті.

Апелляциялық сот Петропавловск қаласындағы «Татар-башқұрт діни қауымы» бірлестігін жабу туралы алдыңғы шешімді қолдады. Діни бірлестік өкілдері мешіт те жабылады деп қауіптенеді.

Ибрагим Ахметжановтың Солтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Петропавловск қаласындағы мұсылман татар-башқұрттардың діни қауымына үзбей барып жүргеніне 5 жылдай болыпты.

ДІН, ТІЛ ЖӘНЕ ХАЛЫҚ

Азаттық тілшісіне апелляциялық соттың қаулысы оны да тығырыққа тірегенін айтқан ол:

- Бұл мешітті менің әкемнің арғы бабалары салған екен. Сондықтан мұнда өз үйімдей келемін. Мұнда келіп, намаз оқып шықсаң, құдды туыстарыңмен жүздесіп, сырласқандай болып қаласың. Мұны түсіндіру қиын, - дейді Ибрагим Ахметжанов.
Мешітті арғы бабаларым салған. Мұнда өз үйімдей келемін. Намаз оқып шықсаң, құдды туыстарыңмен жүздесіп, сырласқандай боласың.

Соттың татар-башқұрт діни қауымын жабу туралы шешімі Ибрагим Ахметжановты қатты алаңдатады. Өйткені бұл мешіттегі уағыздар татар тілінде өтеді. Ол мұнда келгелі өзінің туған тілін жақсы меңгере бастаған.

- Өз басым мешітке, бір жағынан жұртпен татар тілінде сөйлесу үшін де келетінмін. Егер мешітімізді жапса, біздің халық (Петропавловск қаласында тұратын татарлар мен башқұрттар) мүлде тілсіз қалайын деп отыр. Ал тілі жоқ халықтың өзі де өшеді, - дейді ол.

ЭТНИКАЛЫҚ МЕШІТТЕРДІҢ ЖАҒДАЙЫ

Сәуірдің 30-ы күні Солтүстік Қазақстан облысының апелляциялық алқасы Петропавловск экономикалық сотының діни қауымды тарату туралы бұрынғы шешімін күшінде қалдыру туралы қаулы қабылдады.

Петропавловск қаласының экономикалық соты 2013 жылы ақпанның 20-сы күні облыстық дін істері жөніндегі департаменттің талап-арызы бойынша Петропавловск татар-башқұрт мұсылмандары діни қауымын «2012 жылдың қазан айына дейін құрылтай құжаттарына тиісті өзгерістер енгізбеді» деген уәжбен жабу туралы шешім қабылдаған еді.

Бұл діни ұйымның мемлекеттік қайта тіркеуден өте алмай жүргенін Азаттық бұрын да жазған. 2013 жылы наурыздың 11-і күні осы сот діни бірлестіктің төрағасы Рафаиль Рязаповтың соттың бұрынғы шешімінің күшін жою туралы өтінішін қанағаттандырмады.

Аппеляциялық соттың қаулысынан кейін бірлестікті жою туралы шешім сәуірдің 30-ынан кейін күшіне енуі тиіс. Алайда облыстық әділет департаменті бастығының орынбасары Гүлнара Қожахметованың айтуынша, қауым өкілдерінің кассациялық шағым беруіне болады.

Наурыз айының басында дін істері жөніндегі агенттік (ДІА) төрағасы Қайрат Лама Шәріп Алматыға сапармен келген кезде Азаттықтың Петропавловск мұсылмандары татар-башқұрт діни қауымы төңірегіндегі сауалына «Елдегі барлық мұсылман ұйымдары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына (ҚМДБ) бағынуы тиіс» деп жауап берді.

Қазақстан дін істер жөніндегі агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шәріп. Алматы, 4 наурыз 2013 жыл.
Қазақстан дін істер жөніндегі агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шәріп. Алматы, 4 наурыз 2013 жыл.
- «Татар-башқұрт мешіті» деп меншіктеп атау арқылы олар басқа этностардың құқықтарын шектейді. Біз елдегі екі мың мешітті «қазақ мешіттері» деп атамаймыз ғой. Бізде мысалы Жамбыл облысында дұңғандар тұратын жерлер бар, бірақ ол жерде «дұңған мешіті» немесе «ұйғыр мешіті», болмаса «әзірбайжан мешіті» деген сөз жоқ. Олардың барлығы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының филиалы болып есептеледі, - дейді Қайрат Лама Шәріп.

Оның болжамынша, Петропавловск қаласындағы татар-башқұрт діни қауымын дүрліктіріп жүрген бір ғана адам бар.

- «Дін-Мұхаммед» татар-башқұрт мешітінің проблемасын 1996 жылдан бері Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасына емес, Ресей діни басқармасына бүйрегі бұратын бір ғана адам – Рафаиль Рязапов көтеріп жүр. Ол интернет арқылы басқа діни жетекшілердің аузына сөз салып, үндеу жариялайды. Бұл қадамы дұрыс емес. Ол бірінші кезекте, Қазақстанның азаматы ретінде біздің діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заң талаптарына бағынуы тиіс, - дейді Қайрат Лама Шәріп.
Ол бірінші кезекте, Қазақстан азаматы ретінде біздің дін туралы заң талаптарына бағынуы тиіс.

Дін істері жөніндегі агенттік төрағасы «Дін-Мұхаммад» мешітінің төңірегінде қалыптасқан бұл жағдайдан шығудың жалғыз жолы мешітті жауып, ғимаратынан намазхана ашу деп біледі.

- Менің ойымша, бұл мешіт келешекте намазхана ретінде ғана қызмет ететін болады. Мұсылмандар мұнда келіп бес уақыт намазын оқиды, әрі ол Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде біздің заңымызға сәйкес тіркеледі, - дейді агенттік төрағасы.

БАСҚА БОЛЖАМ, БАСҚА ҰСЫНЫС

«Петропавловск мұсылмандары татар-башқұрт діни қауымы» діни бірлестігінің төрағасы, «Дін-Мұхаммад» мешітінің имамы Рафаиль Рязапов қауымды қайта тіркеуден өткізбеудің астарында заңға қатысты проблема жоқ деп есептейді.

Оның айтуынша, «билік бұл қауымның Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына бағынбайтын заңды тұлға ретінде тіркелуіне жол бергісі келмейді».

Солтүстік Қазақстан облысында 20 мыңға жуық татар тұратынын айтқан ол «Олардың өзінің діни қауымы, өз мешіті, жоғарыдан тағайындалмаған өз имамы болу құқығы бар емес пе?» дейді.

- Бірлестігіміздің атын өзгертуімізге болады. Бірақ имамды өзіміз таңдай алатындай заңды тұлға болғымыз келеді. Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен ынтымақтасуға да әзірміз, - дейді Рафаиль Рязапов.
Бірлестігіміздің атын өзгертуімізге болады. Бірақ имамды өзіміз таңдай алатындай заңды тұлға болғымыз келеді.

Имам Қайрат Лама Шәріптің «қауымның проблемасын Рязапов қана көтеріп жүр» деген болжамымен келіспейді. Оның айтуынша, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына татар-башқұрт мешіті мен діни ұйымын жабуға жол бермеу туралы үш ашық хат жолданған. Рязапов «хаттың соңында көп адамның, тіпті кейбір қоғамдық ұйымдардың, атап айтқанда казак және кәріс қауымдары өкілдерінің қолдары бар» дейді.

Рафаиль Рязапов «Дін-Мұхаммад» мешіті жабылып, орнына намазхана ғана ашылатын жоспарға үзілді-кесілді қарсы.

«Дін-Мұхаммад» мешітіне келуші діндарлардың айтуынша, Қазақстандағы татар-башқұрт мұсылмандар қауымының 400 жылдық тарихы бар, ал мешіттің өзін осыдан 160 жыл бұрын Петропавловск қаласының татар көпестері салған.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG