Accessibility links

Қазақстандағы дін еркіндігі: жаңа заңның әсері


Құрбан айт намазын оқып тұрған алматылық. Көрнекі сурет.
Құрбан айт намазын оқып тұрған алматылық. Көрнекі сурет.

Құқық қорғаушы Нинель Фокина «Қазақстанда сенім бостандығының бұзылуы қалыпты жағдайға айналды» дейді.

АҚШ үкіметі мамырдың 20-сы күні 2012 жылғы әлемдегі сенім бостандығы ахуалына қатысты есебін жариялады. Бұл құжатта Қазақстан билігіне қарата сын-ескертпелер айтылған. "Дәстүрлі" деп танылған діни топтардан өзге азшылықтарға тіркелу мен жоралғы жасауға қатысты қойылатын шектеулер сипатталған. Осы орайда Азаттық Алматыдағы Хельсинки комитетінің төрағасы Нинель Фокинамен сұхбаттасты.

Азаттық: – Елдегі діни ахуалды қалай сипаттайсыз? Азаматтардың діни еркіндігіне қатысты құқығы соңғы жылы жақсарды ма, әлде кері кері кетті ме?

Нинель Фокина: – Аймақтардан түсіп жатқан ақпарат мардымсыз, сондықтан жалпы жағдайды айту қиын. Біз Forum 18 жариялаған, баспасөзге шыққан ақпараттар бойынша баға береміз.

Қазақстанда рейдтер әлі жүріп жатыр. Тіркелмеген ұйымдарды айтпағанда, тіркелген ұйымдардың өзі жіті тексеріледі. Бізге әртүрлі діни бірлестіктердің өкілдері шағым айтады. Біз оларға халықаралық ұйымдарға хабарласуға кеңес береміз. Себебі біз, ел ішіндегі құқық қорғаушы ұйымдар, қазіргі заңға арқа сүйей алмаймыз, өйткені заң көптеген заңсыз жайттарды бекітіп қойды. Тіпті біздің өзіміз жұмысымыздың бағытын таба алмай, абыржып қалдық.

Мен бір жайтты атап өтер едім: кейбір діни ұйымдарды «деструктивтік ағым» деп жазатын жарияланымдар азайды. «Антисекталық» риторика азайды.

Осындай жағдайда шенеуніктер, соның ішінде дін істері жөніндегі агенттік өкілдері түрлі мәлімдемелер жасап жатыр. Мәселен, біз саентологтардың тіркелгеніне қуандық, бірақ оларды діни емес, қоғамдық бірлестік деп тіркеді. Біраз уақыт өткенде дін істері жөніндегі агенттік төрағасы Қайрат Лама Шариф «саентологтардың лицензиясы жоқ» деп мәлімдеді. Ал заңда қоғамдық бірлестіктерге лицензия керек екені көрсетілмеген. Саентологтардың заңгерлері мықты, сондықтан олар мәселені шешуге тырысып жатыр.
Нинель Фокина, Алматылық Хельсинки комитетінің төрайымы. Алматы, 4 наурыз 2011 жыл
Нинель Фокина, Алматылық Хельсинки комитетінің төрайымы. Алматы, 4 наурыз 2011 жыл

Кейінгі жылдары «Иегова куәгерлерінен» де арыздар азаяр емес. Оларға қарсы рейдтер жүріп жатыр, діни әдебиеттерін кеден қоймасынан ала алмай жүргендеріне бірнеше жыл болды. «Иегова куәгерлері» қоғамдық діни уағыз секілді маңызды қызметін тоқтатуға мәжбүр болды. Өйткені оған заң бойынша тыйым салынды, олар айыппұл төлемеу үшін осыған барып отыр. Бірақ бұл - олардың құқығын бұзу.

Азаттық: – Қазақстанның діни ұйымдары міндетті қайта тіркеуден өтті. Бұл істің нәтижесі қандай?

Нинель Фокина: – Ислам дініндегі ұйымдардың бірен-сараны болмаса, көпшілігі заңды мәртебесінен айырылды. Бас кеңсесі Лондонда (Ұлыбритания - ред.) орналасқан ахмадия қауымы әлі де тіркеуден өту үшін күресіп келеді. Соңғы жылдары қоғамдық ұйым мәртебесімен қызмет етіп келген «сопылардың» да тас-талқанын шығарды.

Ал суниттік ұйымдар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) бөлімшелері болып тіркелді. Бұл дінде жазылмаған, заңда да олардың ҚМДБ бөлімшесі болуы керектігі көрсетілмеген. Олардың жеке заңды тұлға ретінде тіркелуге мүмкіндігі бар. Бірақ ендігі заң бойынша олар өздерін қолдаушы 50 адамды тіркеуі қажет. Алыс аймақтар мен ауылды жерлерде бұл мүмкін емес екенін біз ескерткен едік. Алайда олар тиісті жақтаушыларын тапқанның өзінде, тексерістен көз ашпайтыны тағы анық. Шенеуніктер оларды заңға қарамастан, азаматтық кодекске сүйене отырып, ҚМДБ бөлімшелері ретінде тіркеді.

Дәл осындай әдісті шенеуніктер православтық ұйымдарға қолданды. Орыс православ шіркеуіне «старообрядтықтар» мен армян апостол шіркеуін қосып қойды. Әзірге Қазақстандағы діни ахуал осындай астаң-кестең болып жатыр.

Азаттық: – Қалай ойлайсыз, баптист Вячеслав Черкасовтан тәркіленген діни әдебиет «жойылсын» деген Ақмола облысы сотының шешімі осы «астаң-кестеңнің» кесірінен болуы мүмкін бе?

Нинель Фокина: – Әрине. Заңдағы «Қазақстанға әкелінген барлық діни әдебиет сараптамадан өтсін» деген талап орынсыз әрі мүмкін емес. Біздің полицияға әуежайдағы ұрлықшыны ұстағаннан гөрі, кеденнен «Библиясын» ұстап өтіп бара жатқан пасторды ұстау жеңілірек. Пасторды соттайды, судья кітаптарды жою туралы шешім шығарады. Бұл жерде не айтуға болады? Біз Берлинде кітаптарды өртеген сонау 1933 жылға кері қайтып барамыз.

Алайда сот жүйесі қандай болсын, оның ішінде саналы азаматтар бар. Кітаптарды жою туралы шешім өзгертілді. Көбіне саяси және заңды тұрғыдан қисынсыз шешімдерді жергілікті жердегі ар-ұждан және сенім бостандығының не екенін білмейтін қатардағы қызметкерлер шығарады. Олардың басты мақсаты – есеп жазып, оны өткізу.

Азаттық: – Діни ұйымдар туралы заң күшіне енгеннен кейін Қазақстандағы ар-ұждан және сенім еркіндігі саласындағы жағдай өзгерді ме?

Нинель Фокина: – Меніңше жағдай сол қалпы, өзгеріссіз қалды. Біз соңғы 4-5 жылда бүгінгі жағдайға құлдырадық. «Қылмыс жасады» деген айыппен жүздеген азамат сотталды. БАҚ экстремизм айыбы тағылған салафиттерге қатысты сот процесінен хабар таратқанда, олардың қандай дінді ұстанатынын міндетті түрде сипаттап өтеді. Бәлкім, мұндай қолдан құрастырылған істер азайған да болар. Бірақ біреулердің осы жайттарды генералдық шен алу үшін жасап отырмағанына кім кепіл?

Азаттық: – Сұхбатыңызға рақмет.
XS
SM
MD
LG