Accessibility links

"Азаттық" сыйлығын тапсыру алдындағы тінтулер


Қаржы полициясының тінтуінен кейінгі "Балға" қоғамдық ұйымы кеңсесінің көрінісі. Алматы, 30 мамыр 2013 жыл
Қаржы полициясының тінтуінен кейінгі "Балға" қоғамдық ұйымы кеңсесінің көрінісі. Алматы, 30 мамыр 2013 жыл

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінің қарсаңында екі оппозициялық ұйым кеңсесінде тінті жүрді. "Азаттық" сыйлығының мүсіндері мен дипломдары тәркіленді.

Мамырдың 30-ы күні "Азаттық" сыйлығын ұйымдастыру комитетінің мүшесі болып саналатын екі ҮЕҰ жетекшісінің кеңселерінде прокуратура қарары бойынша қаржы полициясы тінту жасады. Бұл сыйлықты ұйымдастырушылар мамырдың 31-і, яғни саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні тапсырмақ болған еді.

Тінтуден бір күн бұрын билікшіл БАҚ бетінде тыйым салынған "Алға" партиясының Павлодар облыстық филиалының бұрынғы жетекшісі Перизат Қасымованың мәлімдемесі жарияланды. Қасымова партия мен оның қамаудағы жетекшісі Владимир Козловты сынайды. Ол "Азаттық" сыйлығын қуғынға ұшыраған бизнесмен Мұхтар Әблязов тағайындап отыр деп хабарлады. Оппозициялық ұйымдар тағайындаған "Азаттық" сыйлығы дәстүрлі түрде жыл сайын тапсырылып келеді. Лауреаттарға арнайы мүсін мен диплом беріледі. Ақшалай жүлде қарастырылмаған.
Әділ Сейдалиев, Алматы қалалық қаржы полициясының полковнигі "Балға" қоғамдық ұйымының кеңсесіне тінту жасауға келіп тұр. Алматы, 30 мамыр 2013 жыл
Әділ Сейдалиев, Алматы қалалық қаржы полициясының полковнигі "Балға" қоғамдық ұйымының кеңсесіне тінту жасауға келіп тұр. Алматы, 30 мамыр 2013 жыл

Перизат Қасымованың сөзіне сілтеме жасаған бас прокуратура мамырдың 29-ы күні "Азаттық" сыйлығының құрылтайшылары Михаила Сизов, Евгений Жовтис пен Сергей Дуванов сияқты бірнеше адамға ескерту жіберген. Прокуратура оларға «заңсыз табылған ақшаны заңдастыру үшін жауапқа тартылатындары» туралы жазған.

Мамырдың 30-ы күні таңертең «Арка сүйеу» мен «Балға» қоғамдық ұйымдарының кеңселеріне қаржы полициясының қызметкерлері келіп тінту жасай бастады.

ТІНТУ МЕН ҚАМАУ

"Арқа сүйеу" ұйымының кеңсесіне келген Азаттық тілшісі ішке кіре алмады. Жай киім киген қызметкерлер ешкімді кеңсеге жібермей тұрды.

Біраз уақыттан соң кеңсе терезесінен осы ұйымның төрағасы Михаил Сизовтың сұлбасы көрінді. Азаттық тілшісі онымен терезе арқылы сөйлесіп қалды.

Оның айтуынша, қаржы полициясының қызметкерлері "Азаттық" сыйлығын тапсыру шарасын өткізбеудің амалын жасап жатыр. Сол себепті тінту жүргізе бастаған.

– Маған айтқаны – Мұхтар Әблязовтың қылмыстық ісіне байланысты тінтіп жатыр. «Алға» партиясы ұйымдастыратын барлық шараны сол қаржыландырады-мыс. Бірақ менің Мұхтар Әблязовқа, сот жапқалы бері «Алға» партиясына да еш қатысым жоқ, – дейді Сизов.
"Балға" қоғамдық ұйымының жетекшісі Марат Жанұзақовты (ортада) қаржы полициясының қызметкерлері әкетіп барады. Алматы, 30 мамыр 2013 жыл
"Балға" қоғамдық ұйымының жетекшісі Марат Жанұзақовты (ортада) қаржы полициясының қызметкерлері әкетіп барады. Алматы, 30 мамыр 2013 жыл

Полиция Марат Жанұзақов басқаратын «Балға» оппозициялық ұйымын да тінтті. Жанұзақовтың өзін тінту шарасы біткен соң арнайы қызмет өкілдері алып кетті.

Оқиға орнында болған құқық қорғаушы Андрей Свиридовтың айтуынша, кеңсеге «қарапайым киінген адамдардан» соң полицейлер келіп, белсенділерді көлікке күштеп мінгізіп әкеткен.

Оппозиция белсенділерді қаржы полициясы департаментінде кешкі сағат 9-ға дейін кідірді. Белсенділер мамырдың 31-і күні таңертең қаржы полициясына келіп, түсініктеме беруге шақырту алған.

«АЗАТТЫҚ» СЫЙЛЫҒЫ ТӘРКІЛЕНДІ

Тінту көрген ұйымдардың басшылары Сизов пен Жанұзақов – 31 мамырда (саяси репрессия құрбандарын еске алу күні) өтуі тиіс шара – «Азаттық» сыйлығы иегерлерін анықтау мен тапсыру ісін ұйымдастыратын комитеттің мүшелері.

Ол шараны ұйымдастыру комитеті құрамындағы 16 адамның арасында оппозициялық Қазақстан коммунистік партиясының бұрынғы басшысы Серікболсын Әбділдин, «Азат» оппозициялық партиясының басшысы Болат Әбілов, Қазақстандағы адам құқы бюросының жетекшісі Евгений Жовтис, журналист әрі құқық қорғаушы Сергей Дуванов, Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның бұрынғы бас хатшысы Әміржан Қосанов, «Поколение» қозғалысының басшысы Ирина Савостина бар.
"Балға" қоғамдық ұйымының кеңсесін тінтіп, мүлкін тәркілеп жатқан қаржы полициясының қызметкерлері. Алматы, 30 мамыр 2013 жыл
"Балға" қоғамдық ұйымының кеңсесін тінтіп, мүлкін тәркілеп жатқан қаржы полициясының қызметкерлері. Алматы, 30 мамыр 2013 жыл

«Балға» қоғамдық ұйымының қызметкері Нұрлан Жолдасовтың айтуынша, қаржы полициясы өкілдері «Азаттық» сыйлығының тоғыз мүсінін, жеңімпаздарға берілуі тиіс дипломдарды, кеңседегі қызметкерлердің ұялы телефондарын тәркілеген.

«Мамырдың 31-іне жоспарланған «Азаттық» сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау шарасы өте ме?» деген сауалға Нұрлан Жолдасов «шараны ешкім өзгерткен жоқ» деп жауап берді.

Қазақстандағы адам құқы бюросы оппозициялық «Азаттық» сыйлығын тапсыртпауға байланысты әрекетті айыптады. Құқық қорғаушы Евгений Жовтис бұл оқиғаны «биліктің айыпсыздық презумпциясы қағидасын және заңға бағынатын азаматтың құқығын бұзуы» деп бағалады.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG