Accessibility links

Пхеньянда әскери парад өтті


Солтүстік Корея астанасындағы әскери парад. 27 шілде 2013 жыл.
Солтүстік Корея астанасындағы әскери парад. 27 шілде 2013 жыл.
Сенбі күні Солтүстік Корея астанасында Корей түбегіндегі соғыс қимылдарының доғарылғанына 60 жыл толуына арналған әскери парад өтті.

Солтүстік Кореяның мемлекеттік телеарнасы Пхеньяндағы орталық алаңда жиналған жұрттың көпшілік алдына шыққан ел басшысы Ким Чен Ынның атына мадақтау айтып, сарбаздар мен әскери техниканың сап түзеп өткенін көрсетті.

Солтүстік Кореяда 27 шілде "Отанды азат ету соғысындағы жеңіс күні" ретінде аталып өтіледі. Бірақ, 1953 жылы осы күні Корей түбегінде Солтүстік және Оңтүстік Корея арасында үш жылға жалғасқан соғыс қимылдарын доғару туралы екіжақты келісімге қол қойылған еді. Содан бері екі мемлекет формальды түрде өзара соғыс жағдайында болып саналғанымен, кең көлемді соғыс қимылдары болған жоқ. Әйткенмен ресми Пхеньян ара-тұра оңтүстіктегі көршісіне қоқан-лоққы жасап, бұған дейін екеуінің арасында кішігірім қарулы қақтығыстар да болған.

Сонымен бірге халықаралық қауымдастық Солтүстік Кореяны ядролық бағдарламасынан бас тартқызуға көндіре алмаған соң, БҰҰ Солтүстік Кореяға санкциялар салған.

Ким Чен Ын - 1950-1953 жылдары болған соғыс кезінде Солтүстік Кореяны басқарған әрі осы мемлекеттің негізін қалаған Ким Ир Сеннің немересі. Ким Ир Сен 1994 жылы қайтыс болған соң мемлекет басшылығына оның ұлы Ким Чен Ир отырған еді.

Ал 2011 жылы желтоқсанда Ким Чен Ир өлген соң билікке оның баласы Ким Чен Ын келген.
XS
SM
MD
LG