Accessibility links

«Кран-қарсылықты» мақұлдамаған адам өзі кранға шықты


Құрылыс краны. Көрнекі сурет
Құрылыс краны. Көрнекі сурет

Көкшетау тұрғыны Сұлушаш Жәкенова сот үкіміне наразылық білдіріп, кран басына шықты. Ол бұдан бұрын осындай тәсіл қолданған жерлестерінің ісін мақұл көрмейтінін айтқан еді.

Көкшетау қаласындағы кран басына жексенбі, қыркүйектің 29-ы күні шығып әлі отырған 55 жастағы Сұлушаш Жәкенова бұрынғы күйеуіне қатысты шыққан сот шешімімен келіспей, істі қайта қарауын талап етеді.

– Бұрынғы күйеуім екеуміз ажырасқаннан кейін үш бөлмелі пәтерімізді бөліспек болдық. Күйеуім әдейі сол үйдің құнын төмендетуге тырысып, дегеніне жетті. Үш бөлмелі үй өз құнынан екі жарым есе аз шықты. Кейін мен оның үстінен арыз жазып, сотқа бердім. Тамыз айында сот болып, Көкшетау қалалық соты оның ісін қылмыстық кодекстің «ірі көлемдегі алаяқтық» бабы бойынша қарады. Бірақ кейін шартты түрде ғана жаза кесті. Мен бұл шешіммен келіспеймін, – деді Сұлушаш Жәкенова Азаттық тілшісіне телефон арқылы берген сұхбатында.
Құтқарушылар кранға шығып наразылық танытқандарды жерге түсіріп жатыр. Астана, 4 маусым 2013 жыл.
Құтқарушылар кранға шығып наразылық танытқандарды жерге түсіріп жатыр. Астана, 4 маусым 2013 жыл.

Көкшетау қалалық ішкі істер басқармасы Сұлушаш Жәкенованың кран басында отырғанын Азатық тілшісіне растады. Бірақ басқарма қандай да бір комментарий беруден бас тартты.

Сұлушаш Жәкенова бұқаралық ақпарат құралдарына бұдан бұрын, биылғы мамыр айында көкшетаулық Бағжан Аязбекова мен Гүлім Бабақова туыстары Азамат Аязбековтің жазасын өзгертуді талап етіп кранға шыққан кезде танылған. Азамат Аязбековтен жәбір көрушілердің бірі ретінде сөйлеген Сұлушаш Жәкенова сот үкіміне әсер ету үшін кранға шығу амалын қолдамайтынын айтқан болатын. Бірақ арада бірнеше ай өткесін Жәкенова да өз түсінігіндегі әділдікті кранға шығу арқылы талап етуге мәжбүр болды.

«КРАНДАҒЫ ҚАРСЫЛЫҚТАР»

Қазақстанда кейбір жандар өз құқықтарын қорғау үшін кейде төтенше қадамға барып жатады. Осындай амалдардың бірі – құрылыс кранына шығу соңғы уақытта жиі кездесе бастады.

2013 жылы шілде айында Алматыда «А-Та Строй» құрылыс компаниясының краншысы Айдар Меңлібеков "компанияда еңбек заңдылығы мен еңбек қауіпсіздігі техникасы ережелері сақталмайды" деп наразылық танытып, кран басына шығып алған еді. Прокуратураның тексеру нәтижесінде Айдар Меңлібековтің еңбек демалысы кезінде жұмыс істегені және ол үшін жалақы алмағаны анықталып, оған компаниядан тиісті жалақысы төленіп, қауіпсіздік техникасы ережелеріне сай келмеді делінген бір кранның жұмысы тоқтатылған болатын.
Құрылыс кранының басына шығып алған Айдар Меңлібеков. Алматы, 15 шілде 2013 жыл.
Құрылыс кранының басына шығып алған Айдар Меңлібеков. Алматы, 15 шілде 2013 жыл.

Одан бұрын, 2013 жылдың мамырында көкшетаулық Бағжан Аязбекова мен Гүлім Бабақова Астана қаласында кран басына тағы да шығып, туыстары Азамат Аязбековтің («ақша бопсалады және билік өкілдеріне қарсылық көрсетіп, қызметіне кедергі келтірді» деген айыппен 2011 жылдың қаңтар айында тоғыз жылға сотталған азамат) үкімін өзгертуді талап еткен. Олар кран басынан тек маусымның 4-і күні ғана түсті. Бірақ бұл істі қайта қараған жоғарғы сот Азамат Аязбековтің үкімін өзгеріссіз қалдырған.

Бағжан Аязбекова мен Гүлім Бабақованың наразылық акциясына дейін кранға көбінесе ер адамдар шығып, наразылық білдіретін.

«Баспанасыз әскери қызметкерлер одағы» (СВ БОМЖ) ұйымының жетекшісі, запастағы подполковник Дәулет Жұмабеков әскери ведомствоны жайлаған жемқорлыққа наразылық білдіріп және әлеуметтік баспана талап етіп, 2008 жылдың қарашасында Алматыдағы қараусыз қалған құрылыс алаңындағы кранның ұшар басына шығып алды. Ол «мені түсірмек болсаңдар, секіремін» деп қорқытты. Алайда сол күні кешкісін өз еркімен жерге түсіп, бірнеше күннен кейін Астанаға кетті. Ақыры зейнеттегі әскерилердің талабы ескеріліп, Қазақстан үкіметі әскери зейнеткерлерге үй сатып алуға ақша бөлді. Подполковник те көптен күткен пәтерін алды.
Бағжан Аязбекова мен Гүлім Бабақованың наразылық акциясына дейін кранға көбінесе ер адамдар шығып, наразылық білдіретін.

Кранға шығып құқығын талап ету – Астанада жиі болатын оқиға. Бірақ бұрын мұндай қадамға әдетте құрылысшылар баратын. Астананың сол жағалауындағы элиталық нысандарды салу кезінде жұмысшылар биік крандарға бірнеше мәрте көтерілді. Олардың қойған талаптары да қарапайым болды – адал еңбекпен тапқан ақшаларын төлету.

2007 жылы құрылыс алаңындағы кранға шығып алған екі ер адам «жалақымызды төлеп бермесеңдер, секіріп өлеміз» деген талап қойды. Жұмысшылар компания басшылығынан «кешіктірілген жалақы толық төленеді» деген құжат алған соң ғана жерге түсті.

Елдегі «кран-қарсылықтар» жайлы толық мәліметтерді мына мақаладан оқи аласыз.
XS
SM
MD
LG