Accessibility links

Қала үйінде тұратындар ауладан туалет қазуға көшті


Бауыржан Момышұлы көшесіндегі 76-үй ауласында тұрған дәретханалар. Қызылорда қаласы, 2013 жыл. (Сурет Нұрбай Шәкімнің блогынан алынды).
Бауыржан Момышұлы көшесіндегі 76-үй ауласында тұрған дәретханалар. Қызылорда қаласы, 2013 жыл. (Сурет Нұрбай Шәкімнің блогынан алынды).

Қызылорда қаласындағы көп пәтерлі тұрғын үй тұрғындары ауыз су мен канализацияның жоқтығына наразы. Қала әкімдігі биыл да жөндеуге ақша бөлінбегенін айтады.

Қызылорданың Бауыржан Момышұлы атындағы көшесінде орналасқан 76-нөмірлі үйге сырт адамның көзі бірден түседі. Қысты күні жылу ұстап тұру үшін жарым-жартылай кірпішпен бітелген терезелер мен тозығы жеткен подъездерден бөлек ең басты атрибут – үй ауласына қаз-қатар тізілген түрлі-түсті дәретханалар.

Темірден жасалған туалет кабиналардың бірінің есігі – жұқа фанера, екіншісі – тат басқан қаңылтыр. Төбелеріне қойылған әртүрлі формадағы бактар дәретхананың екінші функциясынан да хабар береді. Жергілікті тұрғындардың сөзінше, олар мұндай дәретхананы жаз айларында душ ретінде де пайдаланады.

«Душ-туалетке» таңырқап бола берген тілшіге осы үйдің бесінші қабатында тұратын Роза Нұрсұлтанова басқа да әлеуметтік мәселелерін әңгімелеп берді. Ол үй тұрғындарының орталық жылу жүйесінен күдер үзгесін автономды жылу жүйесін қостырып жатқанын айтты.

Жылу жүйесінің құбыры. Қызылорда, 2 қыркүйек 2013 жыл.
Жылу жүйесінің құбыры. Қызылорда, 2 қыркүйек 2013 жыл.
– Ауыз су – далада, кезекке тұрып су аламыз. Әсіресе қыста қиын. Су алатын құдықтың қасына жұрт қоқысын да төгеді. Ол тесіліп құдыққа ағып жатыр, – дейді Роза Азаттық тілшісіне.

Ақкенже Еспенбетова – 76-үй тұрғындарының әлеуметтік құқықтарын қорғау үшін жергілікті билік орындарына жиі баратын белсенді. Ол әкімдіктің соңғы рет өзіне канализация мен ауыз су тарту туралы қаңтар айында уәде беріп шығарып салғанын айтады.

– Өзім басшылық жасап осы 76-үй тұрғындары – 49 адам болып бірлесіп, әжетхана мен ауыз суды үйге кіргізу туралы арыз беріп, қол қойдық. Қала әкімі Мархабат Жайымбетовке модернизация бойынша үйімізді жөндеп беруін сұрағанбыз. Еш нәтиже болмады, – дейді Ақкенже Азаттыққа.

76-үйдің белсенді тұрғыны қаланың бұрынғы әкімінің тұсында жылу мен жарықты қостыруға қол жеткізгендерін, бірақ одан кейін қалған әлеуметтік мәселелері сол күйі қалғанын айтады.

– Есіктің алды толған қоқыс. Аулада кішкентай балалар, құдайға шүкір, көп. Бірақ балалар алаңы жоқ, – деп шағынады Аққкенже Еспенбетова.

Бауыржан Момышұлы көшесіндегі 76-көппәтерлі тұрғын үй. Қызылорда қаласы, 31 қазан, 2013 жыл.
Бауыржан Момышұлы көшесіндегі 76-көппәтерлі тұрғын үй. Қызылорда қаласы, 31 қазан, 2013 жыл.
Тұрғындардың сөзінше, 1985 жылы салынған 5 қабатты бұл үйде 52 пәтер бар. Оны тұрғын үй ауласында тұрған дәретхана санынан-ақ байқауға болады. Өйткені әр пәтер иесі көпқабатты үй ауласында жеке дәретхана қазып алған. Жағымсыз иіске үйреніп алған кішкентай балалар дәретханаларды айнала жүгіріп, тығылыспақ ойнап жүр.

Қызылорда қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бастығы Оразбай Абдуллаев «үй тұрғындарының жайынан хабардар болса да, қолы байлаулы» екенін айтты.

– Биыл ақша бөлінген жоқ. Біз көмек көрсете алмаймыз. Үкіметтен «қайтарымды қаражат есебінен істеңдер» деп хат келген. Ендігі жылы ақша бөлінсе, жасаймыз. Ақша бөлінсе, биыл 200 үйді жөндеуден өткізбек болғанбыз, – деді ол Азаттық тілшісіне.

Ресми мәлімет бойынша, 2012 жылы Қызылорда қаласына 35 көппәтерлі тұрғын үйді жөндеу жұмыстарына 812 миллион теңге қаржы бөлінген.
XS
SM
MD
LG