Accessibility links

Мұсабаев: Ресейдің Байқоңырда қала бергені жөн


"Қазғарыш" агенттігінің басшысы Талғат Мұсабаев.
"Қазғарыш" агенттігінің басшысы Талғат Мұсабаев.

Ресейлік басылымға сұхбат берген Талғат Мұсабаев қазір Қазақстанның "ғарыштық держава" болуды мақсат етіп отырғанын және Ресейдің ғарыш айлағынан кеткенін қаламайтынын білдірген.

"Известия" газетіне сұхбат берген "Қазғарыш" агенттігінің басшысы Талғат Мұсабаев "Қазір біз Ресеймен бірлесіп ғарыштық зымыран ұшырамыз. Бұл істі алда да жалғастыра беруді қалаймыз. Қазақстанда жағдайды дұрыс түсінетін бірде-бір адам Ресейдің Байқоңырдан кеткенін жөн көрмейді" деген.

"ӨЗІМІЗДІҢ ҒАРЫШ АЙЛАҒЫНА КІРУГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗДІК"

"Қазғарыш" басшысының сұхбатында Байқоңырға қатысты Ресей мен Қазақстан арасындағы бірқатар даулы мәселелерге қатысты мәліметтер бар.

Байқоңыр қаласына кіре берістегі тексеру орындарының бірінде тұрған Ресей сарбазы. Қызылорда облысы, 14 шілде 2013 жыл.
Байқоңыр қаласына кіре берістегі тексеру орындарының бірінде тұрған Ресей сарбазы. Қызылорда облысы, 14 шілде 2013 жыл.
Ол "Біз елімізде орналасқан, өзіміздің ғарыш айлағымызға (Байқоңыр) кіруге қол жеткіздік. Бұған дейін сөз қысқа болатын. "Кіргізбейміз, бітті. Құпия нысан" дейтін. Онда қандай құпия қалды? Бәрі белгілі ғой" дейді.

Мұсабаев "Байқоңырда Қазақстан заңдары бойынша жұмыс істейтін қазақстандық билік органдарының көбейетінін, Қазақстан азаматтарының Қазақстан әкімшілік заңдарына бағынуы қажет екені туралы келісім жасалғанын" (Байқоңырда Қазақстанның қылмыстық заңдарын қолдану туралы келісім 2008 жылы жасалған) айтқан.

"Осы келісімдер негізінде Байқоңыр мектептері Қазақстан бағдарламасымен оқуға көшеді. Бұрын оқушыларды "Отанымыз - Ресей, астанамыз - Мәскеу" деп оқытқан кездер болған" дейді Мұсабаев. Оның айтуынша, қалаға енді Қазақстан үкіметі балабақшалар, мектептер, перзентханалар, т.б. инфрақұрылымдық нысандар сала алатын болады. Қазақстандық ұялы байланыс операторлары да Байқоңырға кіруге рұқсат алады.

"ПРОТОН" ҰША БЕРСІН"

Мұсабаев "Протон" мәселесі ушығып тұр. Қазақстанда тіпті "Антигептил" қауымдастығы пайда болды. Олар Ресей елшілігіне плакаттармен барады. Қашан Қазақстанда Ресей елшілігіне адамдар солай барып еді? Ресейдің жақын уақытта "Протоннан" бас тарта алмайтынын түсінеміз. Жақсы, ұша берсін. Бірақ құламасын" деген.

Оралдық белсенділер Байқоңыр ғарыш айлағынан Ресейдің "Протон-М" зымыран тасығышын ұшыруға қарсылық білдіріп тұр. Орал, 29 қыркүйек 2013 жыл.
Оралдық белсенділер Байқоңыр ғарыш айлағынан Ресейдің "Протон-М" зымыран тасығышын ұшыруға қарсылық білдіріп тұр. Орал, 29 қыркүйек 2013 жыл.
2013 жылы 2 шілдеде Байқоңырдан ұша бере апатқа ұшыраған ресейлік "Протон-М" зымыран тасығышынан бірнеше жүз тонна улы отын – гептилдің төгілуі Қазақстан қоғамында қарсылық акцияларын туғызған еді.

Апат болған күні Талғат Мұсабаев:
"Құқықтық жағынан келсек, зымыранның құлауы апат деп саналмайды. Себебі зымыран Ресейдің Қазақстаннан жалға алған территориясына құлап отыр. Зымыран бөлшектері Байқоңырдағы 81 және 200 алаңдардың арасына құлаған. Бұл - "Роскосмостың" ішкі шаруасы" деп мәлімдеді.

2013 жылы қарашаның 22-сі күні Қазақстанның қоршаған орта және су ресурстары министрлігі Байқоңырда шілдеде болған апаттан экологияға 89 миллион АҚШ доллары (13 миллиард 690 миллион 747 мың 305 теңге) көлемінде зардап келгені туралы Ресейге хабарлаған еді.

«Роскосмос» баспасөз қызметі «Ресей Қазақстан ұсынған есептің қаншалықты растығын анықтап, тек нақты дәлелденген экологиялық залал үшін ғана өтемақы төлейтінін» хабарлаған.

Ресей Қазақстанға тиесілі Байқоңырды 1994 жылдан бастап жалдап, жылына 115 миллион доллар төлеп, 2050 жылға дейін толық пайдалануға рұқсат алған.

Протон құлаған жер. Қызылорда облысы, Байқоңыр, 31 шілде 2013 жыл.
Протон құлаған жер. Қызылорда облысы, Байқоңыр, 31 шілде 2013 жыл.
Соңғы кездері екі ел Байқоңырға байланысты бірнеше рет келіспей қалып, қосымша келіссөздер өткізген.

2013 жылы қаңтар айында Қазақстан үкіметі «биыл Ресейдің пайда табу мақсатында ұшыратын «Протон-М» зымырандарын азайтамыз» деп мәлімдеген еді.

Ресей ғарышқа 17 зымыран ұшыруды жоспарласа, Қазақстан солардың 12-сіне ғана рұқсат беретінін айтқан.
XS
SM
MD
LG