Accessibility links

Денис Тен: Мұзға шыққанда жүлдені ойламадым


Олимпиада жүлдегері
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:00:33 0:00
Жүктеп алу

ВИДЕО: Қысқы олимпиаданың қола жүлдегері, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен жанкүйерлеріне алғыс айтты. Сочи, 15 ақпан 2014 жыл.

Сочи олимпиадасында Қазақстан командасынан алғашқы жүлде - мәнерлеп сырғанаудан қола медаль алған Денис Тен Азаттыққа сұхбат берді.

Азаттық: – Денис, қысқа бағдарламадағы өнеріңізді өзіңіз қалай бағаладыңыз?

Денис Тен: – Қысқа бағдарламадан аз ұпай алғанда, қарсыластарымның көбі құлап жатқанда мұзды «кінәладым». Мұз дұрыс емес деп ойладым. Бірақ, негізгі бағдарламадан кейін мұзда «кінә» жоқ екенін, қысқа бағдарламада өзім қателескенімді түсіндім. Маған бұл маусым өте ауыр болды. Аяғымды жарақаттап алып, үлкен жарыстарға қатыса алмадым. Аяқтағы жарақат асқынып кетіп бірнеше ай жаттыға алмадым. Коньки киюдің өзі ауыр болды. Олимпиадаға аз уақыт дайындалдым. Қысқа бағдарламадан кейін тоғызыншы орын алған соң түнімен ұйықтай алмай ұзақ жаттым. «Қай жерден қателік жібердім?», «Неге аз ұпай алдым?» деген сұрақтар көп мазалады.

Азаттық: – Қысқа бағдарламадан соң тоғызыншы орын алған сіздің жүлдеге қол жеткізетініңізге кейбір жанкүйерлердің көңілі күпті болғаны рас. Негізгі бағдарламадан кейін үштікке енемін деп ойладыңыз ба?

Денис Тен: – Негізгі бағдарламаға өзім үшін, көрермендер үшін шықтым.Шынымды айтайын, жүлде туралы ойламадым. Әр элементті таза орындап, ішкі
Мәнерлеп сырғанаудан ерлер арасында еркiн бағдарлама бойынша сынға түскен Денис Тен. Сочи, 14 ақпан 2014 жыл.
Мәнерлеп сырғанаудан ерлер арасында еркiн бағдарлама бойынша сынға түскен Денис Тен. Сочи, 14 ақпан 2014 жыл.
толқынысымды жеңуге тырыстым. Бәрі ойдағыдай аяқталып, жақсы баға алдым. Одан кейін жаттығу залына бардым да дене қыздырып, қарсыластарымның өнеріне де қарап жүрдім. Тек соңғы спортшы шығып, оның бағасын жариялағанда жүлде алғанымды түсіндім.

Жеңіске жеткеннен кейін де көпке дейін ұйықтай алмай жаттым. Бірақ бұл жолы қуаныш пен эмоция ұйықтатпады. Олимпиада – жүгі ауыр, қысымы көп жарыс. Жанкүйер де, баспасөз де сенен ерекше нәтиже күтеді. Сондықтан осы соңғы бір ай көлемінде өзімді барлық әлеуметтік желіден, интернеттен шектеп, телефон қоңырауларына жауап бермедім. Тек олимпиада туралы ойладым. Бұл маған көмектесті деген ойдамын.

Азаттық: – Жеңіске жеткен жапониялық Юдзуру Ханю мен канадалық Патрик Чан жайлы не айтасыз?

Денис Тен: – Мен барлық қарсыластарымды құрметтеймін. Ханю бұл жеңіске ұзақ жыл бойы еңбектеніп жетті. Оның жеңісін ұлы жетістік деп бағалауға болады. Патрик Чан – әлем чемпионатында үш алтын алған үздік спортшы. Жүлдеге таласқан барлық отыз спортшыға құрметім ерекше. Бәсеке әділ болды деп ойлаймын. Барлығының мәнерлеп сырғанауда өзіндік беделі бар.

Азаттық: – Олимпиада жүлдесі қолда, алда қандай жоспарлар бар? Наурызда өтетін әлем чемпионатына қатысасыз ба?

Денис Тен: – Әзірге жоспарлаған жоқпын. Жаттықтырушыммен әлі бұл жөнінде ақылдаспадым. Аяғымдағы жарақатты да емдету керек. Барлығы олимпиададан кейін анық болады.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рақмет.
XS
SM
MD
LG