Accessibility links

Өртенген «Барахолка» саудагерлері шығынның қайтарына сенбейді


Өртеніп кеткен барахолка базарынның саудагерлері полиция өкілдерімен сөйлесіп тұр. Алматы, 18 қараша 2013 жыл.
Өртеніп кеткен барахолка базарынның саудагерлері полиция өкілдерімен сөйлесіп тұр. Алматы, 18 қараша 2013 жыл.

Былтырғы күзден биылғы көктемге дейін «Барахолканың» он шақты базары өртенді. Базар басшылары жазаға тартылғанымен зардап шеккен саудагерлердің шығындары әлі өтелген жоқ.

Базардағы контейнері өртеніп, бірнеше миллион теңге шығынға батқанын айтқан Мәрзия есімді кәсіпкер болашақта соттың шығынды өтеп беруге шешім шығаратынына сенбейді.

Азаттық тілшісіне сұхбат берген 53 жастағы Мәрзия есімді саудагер аты-жөнін толық атамауды сұрады. Ол Алматы облысы Іле ауданы Байсерке ауылында тұрады.

2010 жылы Алматы облысы Панфилов ауданы Байсерке кентіне көшкен Мәрзия жұмыссыздықтан құтылу үшін саудамен айналыспақ болып банктен несие алған.

«2 миллион 800 мың теңге несие алып, соның 2 миллионына Қытайдан аяқ киім әкелдім. Қалғанына «Аяннан» (өртенген «Аян» базары – ред.) орын алып, саудаға шықтым. Шыққанымды қайтейін, бір апта болар болмастан базар өртенді» деп күрсінді ол. Өз сөзінше, қан қысымы жиі көтерілетіндіктен Мәрзия үйден шығудан қалған.

«Қазір банктен алған несиемді балаларым өтеп жатыр. Үйден ұзап шығуға денсаулығымнан қорқам» дейді ол.

«ҚАЗАҚСТАНДА ӘДІЛДІК ЖОҚ»

Суретке түсіруге ыңғайланған Азаттық тілшісіне ол «Біреулер көрсе, ұят болады» деп рұқсат етпеді.

«Денсаулығыма байланысты сотқа қатыса алмадым. Сот саудагерлердің шығынын өтеу туралы арызды қанағаттандырмапты. Басқа саудагер қыздар жоғарғы сотқа дейін арызданамыз деп жатыр» деді Мәрзия.

Сәуірдің 10-ы күні Жетісу аудандық соты «Барахолкадағы» алғашқы өртке (2013 жылғы қыркүйектің 13-і күні «Олжа» базарынан басталған өрт – ред.) қатысты үкім шығарды. Судья базар басшысы деген екі адамды 3 және 4 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарып, ал саудагерлердің шығындарын өтеу туралы талап-арыздарын азаматтық іске жатқызып, қарауды кейінге қалдырған.

ВИДЕО: «Барахолка өрті» туралы сот үкімі:
"Барахолка" өрті бойынша сот үкімі
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:10 0:00
Жүктеп алу

«Олжа» базарында шыққан өртке байланысты өткен сотқа Азаттық тілшісі де қатысты. Судья Гүлнәр Мүсірепова «өртенген тауардың есебін шығару мүмкін емес» деген уәж айтып, саудагерлерге «осыған байланысты шығын қайтарылмайды» деп мәлімдеген. Бірақ саудагерлердің шығын жайлы талап-арызды азаматтық іс ретінде бере алатындарын айтқан. Ашуланған кәсіпкерлер соттан «Қазақстанда әділдік жоқ» деп айғайлап шыққан. Алматы қалалық соты баспасөз қызметінің өкілі Қуандық Ешімет Азаттық тілшісіне «2013 жылдың қыркүйек айында болған өрттен зардап шеккен саудагерлердің саны 13 адам» екенін айтты.

«Алғашқы сот қылмыстық істі қарап, екі адамға үкім шығарды. Ал шығын жайы азаматтық іс бойынша қаралады. Бірақ зардап шеккендер азаматтық сотқа талап-арыздарын әлі түсірген жоқ. Сондықтан олардың шығындары да әлі есептелген жоқ» деді қалалық сот өкілі.

Ал Азаттықтың Алматы қаласы әкімдігі кәсіпкерлік басқармасының сауда бөліміне «Барахолкада» болған бірнеше өрттен шығын шеккен саудагерлердің жалпы саны мен шығын сомасы туралы сұрап жолдаған сауалына әлі жауап келмеді.

2013 жылдың қыркүйегінде «Барахолканың» «Олжа» базарынан басталған өрт жапсарлас «Аян», «Керемет» және «Аягөз» базарларын шарпыған еді.

«Олжа» базарынан кейін бірнеше ай ішінде «Құлагер», «Арал» және «Еуразия», «Алатау-2» базарлары да өртеніп кетті. Қазір «Олжа», «Керемет», «Аян»,
Барахолкадағы «Құлагер» базарындағы өрт. Алматы, 17 қараша 2013 жыл.
Барахолкадағы «Құлагер» базарындағы өрт. Алматы, 17 қараша 2013 жыл.
«Аягөз» базарларының орнында басқа мақсаттағы құрылыс жұмыстары басталды. Ал «Алатау», «Құлагер», «Болашақ», «Арал» т.б. өрт шалған базарлардың бірнеше қатары күреліп тасталған.

Қала билігі 2012 жылы «Барахолканың» «Солтүстік айналма жолды кеңейтуге бөгет болып тұрған 34 базар тұрғындардың қауіпсіздігі мен әлеуметтік ыңғайлылық үшін» жабылуы мүмкін екенін ескерткен еді. Содан бері әкімшілік пен базарда сауда қылатын кәсіпкерлер көшіруге қатысты мәмілеге келе алмаған. «Барахолканы» жаңа сауда аймағына көшіруге мүдделі қалалық әкімшілік «бұл базарларда құрылыс және санитарлық, өрт қауіпсіздігі ережелері мүлде сақталмаған» деп санайды.
XS
SM
MD
LG