Accessibility links

Украина әскері Мариупольді алғаны хабарланды


Мариупольдегі украина әскері. 13 маусым 2014 жыл.
Мариупольдегі украина әскері. 13 маусым 2014 жыл.
Украина үкіметі әскері ресейшіл сепаратистер бақылауында болған Мариуполь қаласын қайтарып алғанын хабарлады.

Украина ішкі істер министрі Арсен Аваков Facebook-тегі парақшасында үкімет әскері 13 маусымда түске таман қалалық әкімдік үстіне украин туын тіккенін жазды. Министрдің айтуынша, ұрыста бес сепаратист қаза тауып, екі украин сарбазы жараланған.

Аваков украин сарбаздары таң ата Мариупольге шабуылдағанын хабарлаған еді.

Украинаның шығысындағы ахуал БҰҰ-да да талқыланды. Ресей БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне Украинадағы дағдарысқа қатысты қарарын ұсынды. Ресейдің БҰҰ-дағы елшісі Виталий Чуркиннің айтуынша, қарар Украинада зорлық-зомбылықты тоқтатып, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) ұсынған бейбітшілік орнатудың жол картасын іске асыруға шақырады.

Бұған дейін Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров "Мәскеудің Украинаның шығыс облыстарындағы қақтығыстарды тоқтату ісінде қандай да бір ілгерілеушіліктің жоғына алаңдаушылығы күшейіп бара жатқанын" мәлімдеген. Украинаның бұл аймақтарында үкімет әскері мен ресейшіл сепаратистер соғысып жатыр.

Украина президенті Петр Порошенко Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесіп, Ресей-Украина шекарасындағы оқиғаға қатысты наразылығын білдірген. Киевтің мәліметіне қарағанда, Ресей территориясынан Украинаның сепаратистермен қақтығыс болып жатқан аудандарына үш танкі мен бірнеше әскери көлік кірген. Украина ішкі істер министрлігі ол автоколонна ішінара жойылып, шекарада атыс болып жатқанын хабарлады.
XS
SM
MD
LG