Апта бейнелері: 30 маусым - 5 шілде

30 маусым күні Алматының Алмалы аудандық соты Гитлер жайлы материал басып, дауға қалған "Жұлдыздар отбасы - Аңыз Адам" журналын шағым берген 13 адамның әрқайсысына 1 миллион теңгеден - жиыны 13 миллион теңге төлеуге және екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінен жария түрде кешірім сұрауға міндеттеді. Арызданушылар журнал Адольф Гитлерді "жақсы жағынан сипаттап, фашизмді насихаттады" деп санайды. Қазақ тілінде шығатын, 25 мың данамен тарайтын "Жұлдыздар отбасы - Аңыз адам" журналы сәуір айындағы санында нацистер көсемі Адольф Гитлер туралы даулы мақалалар жариялаған еді.

Алты апталық үзілістен кейін Оңтүстік Африка Республикасында (ОАР) сот Оскар Писториустің ісін қарауды жалғастырды. Оған жүретін қызын өлтірді деген айып тағылған. 1 шілде күні прокурор "Сарапшылар тобы Писториус құрбысы Рива Стинкампты атқан кезде психикалық тұрғыда сау болған. Ол заң алдында жауап беруі тиіс" деген қортындыға келді деп мәлімдеді. Айыбын мойындаған жағдайда Писториус 25 жылға сотталуы мүмкін. Атлет ванна бөлмесінің есігін жауып алған Стинкампты ұры деп ойлап қалғанын айтады. Писториус "бойындағы психикалық ауытқушылықтың да сондай әрекет жасауына әсет еткенін" мәлімдеді. Бірақ айыптаушы тарап, "кісі өлтіру оқиғасы екеуінің арасындағы жанжалдан кейін болды" дейді.



Адвокат Зинаида Мухортова 2 шілде күні Балқаштағы психиатрия диспансеріне күштеп жатқызылды. Диспансердің бас дәрігері орынбасары Рысбек Ысқақов Азаттыққа Зинаида Мухортованың осы емдеу мекемесіне түскенін растады. Оның сөзінше, Мухортованы диспансерге мәжбүрлеп емдеу туралы сот шешімінің негізінде әкелген. Адвокат Мухортованың басындағы шырғалаң 2009 жылы басталған еді. Ол Балқаштың тағы 5 тұрғынымен бірге президент Нұрсұлтан Назарбаев пен "Нұр Отан" партиясына парламент депутатының үстінен шағымданып хат жазған. Көп ұзамай Мухортованың үстінен "Әдейі жала жабу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Тергеу амалдары кезінде оған "психикалық ауытқуы бар" деген диагноз қойылған. Мухортова қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, мәжбүрлі түрде емделуі үшін психиатрия диспансеріне жөнелтілді.

1 шілде күні Еуропаның адам құқықтары жөніндегі соты Францияда мұсылман әйелдердің жүзін жасырып тұратын ниқаб киюіне салынған тыйымды күшінде қалдырды. 2011 жылы салынған бұл тыйымға қарсы Страсбург сотына 24 жастағы француз әйел шағым түсірген еді. Ол "Қажет болған жағдайда, әсіресе қауіпсіздік қызметі өкілдері тексерген кезде жүзін ашып көрсетуге дайын екенін" айтқан. Ниқабқа тыйым саларда билік "мұсылман әйелдер қауіпсіздік қызметкерлерінің тексерістері кезінде беттерін ашуға қарсы болады" деген уәж айтқан болатын. Бұл тыйымды бұзғандарға 150 еуро көлемінде айыппұл белгіленген. Франциядан кейін ондай тыйымды Бельгия мен Швейцария да енгізген. Қазір бұл ережені қабылдау мәселесі Италия мен Нидерландта талқыланып жатыр.




4 шілде күні Ирактың Күрдістан автономиялық ауданының президенті Масуд Барзани аймақ парламентіне тәуелсіздік алу туралы референдум өткізуге дайындықты бастау жөнінде өтініш жолдады. Күрдістан билігі тәуелсіздік мәселесін АҚШ-тың Ирактан бөлініп шықпау туралы ұсынысына қарамастан қозғап отыр. Вашингтон Күрдістан автономиясын Иракта "Ирак және Шам ислам мемлекеті" (ИШИМ) ұйымы бүлік шығарып жатқан тұста бөлінбеуге шақырған. ИШИМ елдің солтүстігі мен батыс бөлігін басып алған еді. Ирак әскері ИШИМ содырларымен соғысып жатыр. Иракта бес миллиондай күрд тұрады. Олар өткен апталардағы қақтығыстар кезінде территорияларын 40 пайызға ұлғайтып алған.

4 шілде Қазақстан президентінің баспасөз қызметі "Нұрсұлтан Назарбаев қылмыстық кодекс жобасына қол қойды" деп хабарлады. Кодексте коррупциялық қылмыстарға қолданылатын жаза, сонымен қатар, экстремизм мен терроризм, радикалдық идеологияларды таратқандарға тағайындалатын қылмыстық жауапкершілік күшейтілген. Қазақстандағы бірқатар үкіметтік емес ұйымдар "жаңа кодекс азаматтардың конституциялық құқықтарын, соның ішінде шеру өткізу, ар-ождан және сөз бостандығы, жеке бас еркіндігін бұзады" деп, Назарбаевтан "репрессиялық кодекстер жобасына" қол қоймауды сұраған еді.



Осы аптаның соңында Украина армиясы Донецк облысындағы төрт қаланы сепаратистерден босатты. Украина премьер-министрі Арсений Яценюк шенеуніктерге бұл қалалардағы полиция, сот, медициналық және санитарлық мекемелер жұмысын қалпына келтіруді тапсырды. Елді мекендер тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсетіліп жатыр. Өзін өзі жариялаған "Луганск халық республикасының" хабарлауынша, аймақтағы қарулы қақтығыстардан бір тәулікте 80 адам (ресейшіл сепаратистерді айтады - ред.) жараланған. Ал Киев "Славянск және Краматорск қалаларын азат ету операциясынан үкіметтің 12 сарбазы жараланғанын" хабарлады. Қарулы сепаратистер өздерінің Славянск қаласын тастап кеткенін "Күш сақтау керек әрі қаланы ұстап тұра алмаймыз" деп түсіндіреді.