Accessibility links

Ресейдің «гуманитарлық көмегі» күдік туғызды


"Гуманитарлық жүк тиеді" деп хабарланған ресейлік көліктер. Ресей, 12 тамыз 2014 жыл.
"Гуманитарлық жүк тиеді" деп хабарланған ресейлік көліктер. Ресей, 12 тамыз 2014 жыл.

Кремль Шығыс Украинаға гуманитарлық көмек жібергенін мәлімдеген соң-ақ 280 көліктен құралған ол шеру көп талқылауға себеп болды.

Тамыздың 11-і күні Кремльдің Украинаға гуманитарлық көмек жібергенін естіген ықпалды тұлғалар бір-біріне телефон шалып, геосаяси мәселені анықтаумен болды.

Жүк тиеген 280 көлік Мәскеуден Украинамен шектесетін аумаққа қарай бет алғанда Украина, Ресей, Батыс жетекшілері мен Қызыл Крест халықаралық комитеті арасында қандай келісім орнағанын нақтылау қиынға түсті.

КӨМЕК ТУРАЛЫ КЕЛІСІМ

Ресей президенті Владимир Путиннің ресми сайтында жарияланған «Ресей Қызыл Крест ұйымымен бірлесіп, көмек жібереді» деген хабарландырудан соң Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров «Украинамен егжей-тегжейін талқылап, келістік» деп мәлімдеді.

Украина президенті Петр Порошенко АҚШ президенті Барак Обамамен телефон арқылы сөйлескен соң өз сайтында «расымен де халықаралық гуманитарлық миссияға келіскенін» жеткізді. Оның мәлімдеуінше, бұл бастаманы өзі көтерген, оған Қызыл Крест жетекшілік етеді, Еуропа Одағы (ЕО), Германия және Ресей қатысады. (Мәлімдеме сайтта тұр, бірақ елдердің тізімін кейін өшіріп тастады).

Қызыл Крест ұйымы «жұмыс ұстанымына сай бейтараптық, алалаудан тыс, тәуелсіздік қағидаларына сүйеніп, көмекті орнына жеткізетінін», ресейлік көмектің барлығы өздері арқылы өтуге тиіс екенін айтты.

КЕЛІСІЛГЕН ШАРА МА?

Ресейлік көліктер Украина шекарасына кетіп бара жатқанда 12 сағат бұрын жасалған мәлімдемеге қарамастан, келісімнің бұлдыр тұсы көп екені айқындалды.

"Гуманитарлық жүк" тиеген көліктер. Ресей, 12 тамыз 2014 жыл.
"Гуманитарлық жүк" тиеген көліктер. Ресей, 12 тамыз 2014 жыл.

Қызыл Крест гуманитарлық көмектің өздеріне қатысы жоқтығын, ол жүктің арасынан не барынан бейхабар екендерін айтты.

- Бұл көмекпен бірге алға жылжуымыз үшін әлі біраз нәрселерді анықтауымыз керек. Көліктегі заттарды көрген жоқпыз, ол туралы нақты ақпаратымыз жоқ, сондықтан дәл қазір бұл Қызыл Крест қарауыл болатын көмек деп саналмайды, - деді Қызыл Крест өкілі Эван Уотсон Азаттыққа.

Уотсонның айтуынша, ресейліктер көлік жүріп кеткенше оның шыққаны туралы бұл ұйымға хабарламаған.

РЕСЕЙДІҢ БАСҚЫНШЫЛЫҒЫНАН ҚАУІПТЕНУ

Ресей Украина аумағына тұтастай басып кіруі мүмкін деген қауіп күшейіп, 20 мың ресейлік әскер Украинамен шекаралас аумақта тұрған шақта Мәскеудің «гуманитарлық көмек жібердік» деген мәліметі одан әрі алаңдатты.

Кейбіреулер «Мәскеу Украинаға басып кіру үшін гуманитарлық көмекті сылтау етеді» деп болжайды. НАТО бас хатшысы Андерс Фог Расмуссен Ресейдің мәлімдемесінен бұрын, тамыздың 11-інде Мәскеудің «гуманитарлық операция жасаймыз деген желеумен бір жақты әскери әрекет жасауы мүмкін» екенін айтқан. Сондықтан Батыс кез келген көмек операциясын Ресей емес Қызыл Крест ұйымы басқарсын дейді.

АҚ ТҮСКЕ БОЯЛҒАН ЖҮК КӨЛІКТЕРІ

Ресейдің мемлекеттік ақпарат құралдарында тамыздың 12-сі күні таңертең жарияланған көліктер видеосы қауіпті сейілте алмады.

Ресейдің "гуманитарлық жүк тиеген" көліктері
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:58 0:00

Мәскеуден Луганскіге аттанған көліктерде, ресейлік шенеуніктердің айтуынша, 2000 тонна азық-түлік, дәрі-дәрмек, ұйықтауға арналған қаптар, электр генераторлары бар. Ресейлік ақпарат агенттіктері Шығыс Украинаға 13 тамызда жетуі тиіс жүк көліктерін Ресей төтенше жағдайлар министрлігі берді деп сендірсе де, ресейлік блогерлер жасыл түсті әскери жүк машиналарын бояған деп жориды.

Тамыздың 10-ы күні YouTube-те жарияланған бейне көріністе ресейлік солдаттар қоршаған осындай жүк машиналарының кейбірі жасыл, ал біразы ақ түске боялғаны көрсетілген. Kyiv Post басылымының жазуынша, кейбір ресейлік солдаттар әлеуметтік желілерге көліктерді қайта бояғаны туралы хабарлама жариялаған.

КӨЛІКТЕР ҚАЙДА БАРАДЫ? ОЛАРДЫ КІМ ҚАБЫЛДАЙДЫ?

Ресми дерек бойынша, көмек Украинаның сәуірден бері ресейлік сепаратистер басып алған Луганск облысына кетіп барады. Сепаратистер мен Украина әскері арасындағы қақтығыс кесірінен аймақтың оңтүстік-шығыс бөлігі (оның ішінде Луганск қаласы да бар) басқа әлемнен мүлдем оқшауланып қалған.

Қызыл Крестің дерегінше, ол аймақта мыңдаған адам су, электр жарығы, дәрі-дәрмекке жете алмай отыр. Бірақ Ресейдің сепаратистерге қару-жарақ беріп, қолдау жасағанына көзі жеткен Киев гуманитарлық көмек әкеле жатса да, ресейлік жүк көліктерін аймаққа келісімсіз енгізбейтінін айтады.

Кем деген үш украиналық жоғары лауазымды шенеунік көмек көліктері Украина шекарасынан өтпесін деп ескертті. Украина президенті штабының төрағасы Валерий Чалый «Украина жүк көліктерін өз аумағына енгізгелі отырған жоқ» десе, Украина әскери өкілі «Луганскіге қажет дүниелерді анықтау үшін Қызыл Крестке бір апта керек» дейді.

Ал Ресей сыртқы істер министрі Украина шенеуніктерінің күдігін «түсінбестік» деп атап, көмек көліктері Украинаға Белгород-Харьков жолы арқылы «Қызыл крестің қамқорлығымен енеді» деді. Бұрын Ресей сыртқы істер министрлігінің баспасөз-хатшысы гуманитарлық көмек тиеген көліктердің Украинаға кірмейтінін ВВС-ге айтқан еді.

Азаттық тілшісі Гленн Кейтстің мақаласын аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG