Accessibility links

Каримованың қаһарға ұшырау жолы


Гүлнара Каримова. Италия, 9 тамыз 2012 жыл.
Гүлнара Каримова. Италия, 9 тамыз 2012 жыл.

Бұрын Өзбекстан президентінің қызы Гүлнара Каримованың төрт құбыласы түгел еді. Бірақ ол енді түрмеге қамалуы мүмкін.

Гүлнара Каримова бір кезде шалқып өмір сүрді. Болашағынан үміт күттірген поп-әнші, әлемді шарлаған сәнгер атанды. Бұйрығы екі болмайтын әкесі, Өзбекстан басшысы Ислам Каримовтың арқасында мансабы тез өрлеп, аяқ астынан дипломат болып шыға келді.

Бірақ соңғы жылдары шетелде сән-салтанатты өмір сүретіні мәлім болған Каримованың жұлдызы сөне бастады. БҰҰ елшісі болса да, еліндегі адам құқығын бұзу шараларына қарсы тұра алмайтыны, сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар екені анықталды.

Қыркүйектің 9-ы күні Өзбекстанның бас прокуроры кеңсесі «Каримова Г.» есімді әйел адамның парақорлыққа қатысы бар деп мәлімдеген кезде оның жұлдызы ресми түрде сөнді деуге болар. Бұл Ташкентте үйқамақта отырған Гүлнара Каримова екеніне күмәнданатындар аз. Соңғы жылдары Каримованың өмірінде біраз келеңсіз жағдайлар болды.

2001, ҚЫРКҮЙЕК: СӘННЕН КЕТУ

Каримованың сәнді киімдер желісі «Гули» деп аталатын. Нью-Йорктегі сән апталығында ұйымдастырушы «Өзбекстандағы адам құқығын аяққа таптауды естіп, шошығанын» айтқан соң оның сән үлгілері көрсетілмеді.

Бұдан соң көрсетілім қала орталығындағы салтанатты Cipriani мейрамханасында өтті. Ол жерге жиырма шақты адам жиналып, Өзбекстандағы мақта жинауда бала еңбегін пайдалануға наразылық танытты. Шоуға 200 шақты адам келген, бірақ Каримованың өзі қатыспаған.

2012, МАУСЫМ: ӘНШІЛІК ӘУРЕСІ

Каримова бүкіл әлемдегі тыңдаушыларына арнап поп-альбом шығарды. Оның сайты (қазір істемейді) «Billboard» журналының «жұлдызды пікірі» мен «CNN телеарнасымен ғажап сұхбат өткенін» жарнамалайды. Бірақ сілтемелердің ешбірі жұмыс істемейді, сұхбат немесе шолу туралы еш дерек жоқ.

Гүлнара Каримова 2013 жылдың қаңтарында қазір Ресей азаматтығын алған француз актері Жерар Депардьемен бірге орыс тілінде ән жазды.

2013, СӘУІР: ДИПЛОМАТТАН КӨЗ ЖАЗУ

Өзбекстан сыртқы істер министрлігінің елшілер туралы ресми тізімінен Гүлнара Каримованың есімі кенеттен жоғалып кетті. 2008 жылдың қыркүйегінде БҰҰ-ғы Өзбекстан елшісі болған Каримова шілде айында ресми түрде қызметтен кеткен.

2013, МАМЫР: ПАРАҚОРЛЫҚ ДАУЫ

Швед журналистері мен Азаттық жариялаған құжаттар бойынша, Каримова мен швециялық телекоммуникация алыбы TeliaSonera арасында қаржылық байланыс болған.

2013, ҚАЗАН: БАҚ-ТАН АЙРЫЛУ

Каримоваға тәуелді бірнеше теле- және радио арналар аяқ астынан хабар таратуды тоқтатты. Шенеуніктер бұған «техникалық ахуал себеп болғанын» айтты.

2013, ҚАЗАН: ЕСЕПШОТТАРДЫ ҚҰЛЫПТАУ

Каримоваға қатысы бар делінген Terra Group медиахолдинг компаниясының банктегі есепшоттары құлыпталды. Оларды қаржылық алаяқтық жасаған деп айыптады.

2013, ҚАРАША: TWITTER ПАРАҚШАСЫ ЖАБЫЛДЫ

Twitter желісін белсенді пайдаланушы Каримова Өзбекстандағы адам құқығы бұзылғаны туралы алғаш рет пікір айтты. Ол елдің қауіпсіздік күштері оққағарларының бірін ұстап, кейін ұрғаны туралы бірнеше рет жазды. Сол айдың соңында оның Twitter аккаунты жоғалып кетті, бірақ желтоқсанда – сіңлісіне шабуылдаған кезде қайтадан қосылды. Каримова үнемі отыратын әлеуметтік желідегі парақшасы ақпанда мүлдем өшіп қалды.

2014, АҚПАН: СЕРІКТЕРІН ҚАМАУ

Каримованың Ташкенттегі пәтері тінтіліп, оның серігі Рустам Мадумаров пен басқа әріптестері тұтқындалды. Бұл үшеуін тергеушілер «салық төлеуден жалтарған және қаржыларын заңсыз түрде тұрақты валютада сақтаған» деп айыптады.

2014, НАУРЫЗ: ҮЙҚАМАҚ

Азаттықтың Өзбек қызметі мен ВВС Каримованың қолымен жазылды делінген хаттың көшірмесін алды. Онда өзбек басшысының қызы үйқамақта болғанын, «ауыр психологиялық қысым» көргенін айтады. Сол айда Каримова TeliaSonera компаниясына қатысты парақорлық ісі бойынша күдікті саналды.

2014, ТАМЫЗ: ТҰТҚЫН ШАҒЫМЫ

ВВС Каримованың аудиожазбаларын алғанын, онда үйқамақтағы тағдыры туралы айтылғанын хабарлады. Ол қызы екеуіне «иттен де жаман» қарайтынын айтып, сыртқы әлеммен байланыс жоқ деп шағымданған.

Азаттық тілшісі Люк Джонсонның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG