Accessibility links

Әке, көк есекке мінейінші...


Серікбол Тілепбергенұлы, Азаттықтың блог байқауына қатысушы
Серікбол Тілепбергенұлы, Азаттықтың блог байқауына қатысушы

Әрі кетсе, пәтерден қуып шығар. Бірақ маған Тәуелсіздік керек. Атамның, әкемнің, тіпті өзімнің көрген құқайым аз еді. Енді баламды ынжық қылар жайым жоқ...

Бұрын Алматының іргесіндегі үш бөлмелі жер үйде тұрғанбыз. Әйелім, балам, інім, қарындасым және мен. Күзде қарындасым тұрмысқа шықты, інім әскерге кетті. Сөйтіп, қайтадан үшеуміз қалдық.

– Өзімізбіз ғой, көпқабатты пәтерге көшсек, – деген ұсыныс тастадым.

Әйелім: – Иә, жақсы болар еді, ішінде туалеті, ваннасы бар, – деп қуана кетті.

Сөйтіп крыша.кз деген "әкеміз" бен Жетімбұрыш деген "шешеміздің" кеңесімен, қаланың қақ ортасындағы бес қабатты үйдің, тура 5-қабатындағы бір бөлмелі пәтерге көштік.

Басында бәрі керемет болған. Көп ұзамай көршілерім қылық шығара бастады. Оң жағымыздағы көрші:

– Балаң бұдан былай доп ойнамасын, қабырғамызды тесетін болды, – деп бір ұрсып кетті.

Сол жағымыздағы көрші: – Теледидар қарамаңдар, музыка тыңдамаңдар. Маған кері әсерін тигізеді, – деп бір ескертіп кетті.

Содан бері теледидардың дауысын 1-ден асырмаймыз. Жаңалық көргенде де құлағымызды түріңкіреп, теледидар алдына жатып алатын болдық. Ара-тұра Жарқын досымыз сыйлаған «Электронды қазақ үйді» қосып терме, күй, дәстүрлі ән тыңдаушы едік. Ол да сап тиылды. Күй қосылса болды, көршім жүгіріп келді.

Баламның ермегі ойыншық көк есек пен қызыл машина еді. Соларға мініп алып, бір жетісіп қалатын. Ол «көліктерін» де «арестоват» етіп тастадық.

Оқиға былай болды. Арада бір апта өтер өтпей жатып астымыздағы көршіміз келді.

– Балаң, жүгірмесін, секірмесін, жүрмесін, – деп кетті.

– Енді ол бала ғой, аяғы болғасын аздап жүріп кететіні бар...

– Онда аяғын кесіп таста! Квартирантсыңдар, әйтпесе учасковый шақырам! – деді зілді үнмен. Жүрегім зырқ ете қалды.

Содан бері балам не отыратын, не жататын болды. Қит етсе болды:

– Далаға шығайықшы, – дейді. Далаға шықса болды, торынан босаған тотықұс құсап қаша жөнеледі. Қайтарда «Үйге бармайықшы» деп жылайтынды шығарды. Неге барғысы келмейтіні түсінікті ғой.

Тыйымдар осымен біткен шығар деп ойлағанбыз. Өткенде 1-қабаттағы тағы бір көрші әйел жетіп келді:

– Анау астында тұрған, великтарыңды алып кетіңдер, – деді.

Бала отыратын велик болған соң, бесінші қабатқа арқалап қиналмайық деп астына қалдырып жүрген едік. Оның үстіне жанында өзі сияқты тағы бір велик тұрған. Оған құлақ аспады. Ал дегесін 2-қабатқа апарып қойғам. Ол жерде тұратын бір кісі велигімді далаға лақтырып тастапты.

– Көкем-ау, астында анау велик те тұр ғой, менікі тұрса не болады екен? – деп дүрсе қоя беріп едім.

– Ну и что, вы же квартиранты, – деп аузынан ақ ит кіріп, көк ит шықты.

Кеше жұмыстан шаршап келсем, балам жыламсырап тұр.

– Әке, көк есекке мінейінші,– дейді. Алып бердім, алдына добын да тастадым. Көршілерім сөйлейді екен деп, қашанғы өзімді басынта берем.

Әрі кетсе, пәтерден қуып шығар. Бірақ маған Тәуелсіздік керек. Атамның, әкемнің, тіпті өзімнің көрген құқайым аз еді. Енді баламды ынжық қылар жайым жоқ...

– Балам, қорықпа, допты қабырғаға теп, секір, жүгір, – дедім.

– Жүгіріп барып, допты тоқ еткізді...

Серікбол ТІЛЕПБЕРГЕНҰЛЫ

Азаттықтан: Бұл блогқа дауыс беру үшін Блог байқау парақшасына кіріп, сауалнамадағы автордың атын таңдаңыз және Facebook, Google+, Twitter мен МойМир арқылы ұнатып, я бөлісіңіз.

XS
SM
MD
LG