Accessibility links

Батыс Қазақстан жұмысшылары ереуілді тоқтатты


Батыс Қазақстан облысының аумақтық картасы. (Көрнекі сурет).
Батыс Қазақстан облысының аумақтық картасы. (Көрнекі сурет).

Батыс Қазақстан облысындағы Чинарев кенішінде зауыт құрылысын салып жатқан «КазСтройСервис» компаниясының жұмысшылары ереуілді тоқтатып, жұмысқа шықты. Бұл туралы Азаттық тілшісіне бүгін жұмысшылардың бірі Нұрлыбек Өтешов хабарлады.

– Кеше орталық кеңседен келген бір шетелдік жиын өткізіп, бізге 15 қарашаға дейін іссапар шығынының тең жартысын төлеуге уәде етті. Қазір ондай шығын 27 мың теңгені құрайды, сонда олар шамамен 13-15 мың төлемек, - деді ол.

Өтешов 150 адам еңбек ететін құрылыста істегеніне үш ай болғанын, ай сайын 59 мың теңге (шамамен 320 АҚШ доллары) алатынын айтты.

«КазСтройСервистің» Орал қалалық филиалының басшылығынан бұл мәселеге байланысты түсініктеме алу мүмкін болмады. Бірақ жергілікті басылымдарға филиал директоры Рахматулла Алдамұратов жұмысшылармен арадағы даулы мәселе шешімін тапқаны туралы мәлімдеген.

Чинарев кенішінде жұмысшылар ереуілінің тоқтағаны туралы ақпаратты Азаттыққа Батыс Қазақстан облысы Зеленов ауданы прокуроры Закария Саралеев те растады. Ол еңбек дауы бойынша жұмысшылар мен әкімішліктің ауызша келісімге келгенін айтты.

Бұған дейін Орал қаласынан 60 шақырымдай жерде газ өңдейтін зауыт құрылысын вахталық әдіспен салып жатқан ондаған жұмысшы еңбекақы туралы талаптарын айтып, қарашаның 7-і күні жұмысқа шығудан бас тартқан еді. Олар компанияның шетелдік жұмыскерлерге қарағанда өздеріне еңбекақыны аз төлейтіндігіне наразылық білдірген.

XS
SM
MD
LG