Accessibility links

Балалы үй базар екенін «хозяйкамыз» түсінбейді


Арай Қасымбаева, Азаттықтың блог байқауына қатысушы
Арай Қасымбаева, Азаттықтың блог байқауына қатысушы

Тапқан айлығымның жартысынан көбін қожайыныңа ұстатқан кезде «қашан тапқанымызды өзімізге жұмсайды екенбіз?» деп күйінетін кездерім де жоқ емес.

Квартиранттың арманы – екі-үш қабатты коттедж емес екені айдан анық. Алматыда тұрып, қалалық атанып жүргенімізбен, біз де басында баспанасы жоқ көп тұрғынның біріміз.

Артымнан ерген бауырларым мені бір керемет үйде тұрады деп ойлайтын болуы керек. Мектепті бітіре салысымен, «Алматыда әпкем тұрады» деп асығып жетеді. Бірақ, қайтейін, елдің есігін сығалап күн кешкендіктен кейде тіпті, бауырларымды тұрып жатқан үйіме алып кірудің өзі мұң. Өйткені үй иесі шыбынның ызыңы естілмейтін тыныштықты сақтауымызды әу баста ескерткен-ді. Кейде өзімді «басымыз аман, бауырымыз бүтін, осыған да шүкір» деп жұбатып қоямын. Өз еліңде тұрсаң да, өзегіңді өртейтін баспана мәселесі көбіміздің басымызда бар екенін де білемін. Бірақ, тапқан айлығымның жартысынан көбін қожайыныңа ұстатқан кезде «қашан тапқанымызды өзімізге жұмсайды екенбіз?» деп күйінетін кездерім де жоқ емес. Қазір аяғым ауыр, Алла бұйыртса, аз уақытта сәбилі болмақпыз. Ол кезде тағы пәтер ауыстыратынымызға мен бек сенімдімін. Себебі балалы үйдің базарлы екенін біз түсінгенімізбен, «хозяйкамыз» түсінбейді.

«Жетім бұрышты» жағалап, әркімнің қолындағы жазып алған қағазына үңілгеннен шаршадық. «Кісідегінің кілті аспанда» деген рас екен, онда сен пәтерді емес, пәтер иесі сені таңдайды. Болашақ қожайындардың алдында өзіңнің соншама дәрменсіз екенімді көргенде, жаным ауырып, жүрегім жылайды. «Алақандай жерде қуықтай болса да, бөлмеңнің болғанына не жетсін!» дейсің де қоясың. Ал «қолжетімді баспананың» біз үшін емес екеніне талай мәрте көз жеткізгенмін. Ұзын-сонар кезекте сағаттап тұрып, банк менеджерінің алдына жеткенде (дәп бір сол үй беретіндей) қуанған сәттерім өз алдына. Қазір ойласам, «дәмемнің зор болғанына» еріксіз күлкім келеді. Бірақ, менің үмітім еш сөнбек емес. Алла қаласа, әлі де «өз үйім – өлең төсегім» деп шалқайып жатып газет оқитын, шүйіркелесіп отырып шай ішетін, жарқылдап жүріп қонақ күтетін күннің туатынына мен еш күмәнданбаймын! Өйткені менің жұбайым отбасын асырау үшін, баспаналы болу үшін жанын аямай еңбектеніп жүргенін көзім көріп жүр. Біз сол кезде «квартирант» деген аттан құтыламыз.

Қазақтың әр отбасына баспана бұйырсын!

Арай ҚАСЫМБАЕВА

Азаттықтан: Бұл блогқа дауыс беру үшін Блог байқау парақшасына кіріп, сауалнамадағы автордың атын таңдаңыз және Facebook, Google+, Twitter мен МойМир арқылы ұнатып, я бөлісіңіз.

XS
SM
MD
LG