Accessibility links

«Жиһадшылар» туралы зерттеу стереотиптерді бұзды


Интернетке бір жыл бұрын шыққан «Сириядағы соғыста жүрген 150 қазақ жиһадшы» туралы видеодан алынған скриншот.
Интернетке бір жыл бұрын шыққан «Сириядағы соғыста жүрген 150 қазақ жиһадшы» туралы видеодан алынған скриншот.

Болгариялық профессор Татяна Дронзина «Сириядағы соғысқа діни үгітшілер ықпалына түскен қазақстандықтар аттанады» дейді. Содырларға қосылуға итермелейтін факторларды зерттеу нәтижелерімен әуелі Азаттық танысты.

Болгариялық профессор «Сириядағы соғысқа діни үгітшілер ықпалына түскен қазақстандықтар аттанады. Содырларға қосылуға итермелейтін факторларды зерттеу нәтижелерімен әуелі Азаттық танысты.

Татяна Дронзина.
Татяна Дронзина.

Астанадағы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқытушы әрі Ақмола облысы Көкшетау қаласындағы «Көкше» бейбітшілік, конфликт және медиация академиясының директоры болып жұмыс істейтін София университетінің саяси ғылымдар докторы Татяна Дронзина қазақстандық және халықаралық баспасөзде жарияланған ақпараттарға сүйеніп, «жиһадшылар» өмірін зерттеуге тырысып көрген.

Зерттелген 35 адамның 25-і Сирияда «Ислам мемлекеті» немесе «Ан-Нусра майданы» экстремистік ұйымдары жағында соғысқан немесе әлі соғысып жатқандар адамдар, ал қалған 10 адам - олардың әйелдері мен балалары.

Содырлардың өмір жолы демографиялық, діни, білімі, мамандығы сияқты барлығы 14 көрсеткіш бойынша зерттелген.

Зерттеу нәтижелеріне қарағанда, «қазақ жиһадшылары» көбінесе 26-36 жастағы ер адамдар болып келеді. Ең жасы - 20 жаста, ал ең үлкені - 43 жаста. Көбі үйленген, 2-3 баласы бар. Сириядағы соғысқа олар Қазақстанның Қарағанды, Астана, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарынан аттанған.

Оқи отырыңыз: «Иракқа кеткен баламды көріп келдім»

- Оларды ойланбай шешім қабылдай салған жас жігіттер деп айта алмаймыз. Көбі - ақыл тоқтатқан жастағы ер адамдар. Қазақстан қоғамында «террористік идеялар ықпалына елдің батысы мен оңтүстігі көбірек түседі» деген пікір қалыптасқан. Бірақ олай болмай шықты. Керісінше, кеткендердің біразы экстремистік идеялардың ықпалына түспейді деген, орыстанған аймақтар тұрғындары болып шыққан. Сирияға Қарағанды облысының Жезқазған (Кеңгір), Сәтпаев қалаларынан біраз адам кеткен, - дейді Татяна Дронзина.

Сирияға кеткенге дейін 25 «жихадшының» тоғызының орта білімі ғана болған, алтауы - университетте, үшеуі кәсіптік колледжде оқыған.

«Қазақстаннан барған» деп сипатталатын жас балалардың Сириядағы әскери жаттығуы деп жарияланған видеодан алынған скриншот.
«Қазақстаннан барған» деп сипатталатын жас балалардың Сириядағы әскери жаттығуы деп жарияланған видеодан алынған скриншот.

- Ол жаққа «сауатсыздығынан кетті» деген пікір де жоққа шықты. Мен оқыған деректерде Қазақстанда террористік әрекеттері үшін ұсталған 166 адамның 80 пайызы жұмыссыз екені айтылады. Бірақ әлгі 25 адамның ішінде үшеуінің жап-жақсы бизнесі болған, - дейді Татяна Дронзина.

Профессор 25 содырдың ішінен 15 адамның экономикалық ахуалы туралы ақпарат тапқан. Сирияға кеткендердің арасында мұражай директоры, ірі кәсіпорын инженері, шахтерлер, көлік жүргізушілері, аспаздар болғаны анықталған. Профессор «бұл адамдарды жұмыссыз немесе жағдайы нашар деп айта алмаймыз, бірақ бәрінің тұрмыс жағдайына көңілі толмаған» дейді.

«Олардың біреуінің ғана көп ақша қарызданып қалып, экономикалық мүшкіл халге тап болғаны туралы ақпарат таптым. Қиын жағдайға тап болған тағы екі «жиһадшының»бірі ауыр науқас әйелін емдетуге көп ақша төлеген, ал екіншісінің диабетке шалдығып, жұмыс істеуге қабілетсіз болып қалған ағасының бала-шағасын асырауына тура келген» дейді Татяна Дронзина.

Бұл зерттеу терроризмге кедейлік итермелемейтінін, бәрі кедейлік деп адам нені түсінетініне байланысты екенін көрсетті.

Татяна Дронзинаның зерттеуіне сәйкес, «жиһадшыға» айналған адамдар әуелі күніне бес уақыт намаз оқып, кейін сақал жіберіп, бұрынғы жұмысын тастап, дос-жарандарымен араласудан қашқақтай бастаған. Көнсін-көнбесін әйелдерін хиджаб киюге мәжбүрлеген. «Жиһадшылар» туыстарына шариғат заңы бойынша өмір сүру керек екенін айтып отырған.

Интернетке бір жыл бұрын шыққан «Сириядағы соғыста жүрген 150 қазақ жихадшы» туралы видеодан алынған скриншот.
Интернетке бір жыл бұрын шыққан «Сириядағы соғыста жүрген 150 қазақ жихадшы» туралы видеодан алынған скриншот.

- Алматыдағы тәуір мектептердің бірінде оқыған жас жігітке қатысты жайтты анықтадым. Ол бұрын араласқан жандардың бәрімен қарым-қатынасын үзген. Мейлі христиан, мейлі мұсылман сектасы болсын, адамды үгіттеген кезде әдетте осылай әрекет етеді. Әлгі жігіттің біртіндеп өзгеруі ұзақ уақытқа созылған. Оның өзгеріп бара жатқанын отбасы, достары байқағанымен, мән бермеген. Мүмкін бұл соңғы жылдары ислам тек жақсылыққа үндейді, исламға қатысты дүниенің бәрі жақсы деген көзқарас қалыптасқаннан болар, - дейді Татяна Дронзина.

Бірақ зерттеуде көрсетілгендей, туыстарының айтуынша, «жиһадшылардың» ешқайсысының зорлық-зомбылық немесе агрессиялық әрекеттерге бейім екені байқалмаған. Туыстары оларды мойынсұнғыш, ізетті, мейірімді, жанашыр адамдар ретінде сипаттайды. Олардың ішінде тіпті армияға да бармағандықтан, өмірінде қолына қару ұстап көрмегендер бар. 27 жастағы бір содырдың әкесінің айтуынша, Сирияға аттанар алдында баласы көп уақытын мешітте өткізген, кедей жандарға көмектесіп, оларға азық-түлік сатып әперіп немесе түнету үшін үйіне ертіп әкеліп жүрген.

Профессор Татяна Дронзина «жиһадшылардың» Сирияға аттану себебін олардың радикалдық діни бірлестік өкілдерінің ықпалына түсіп қалуымен байланыстырады. Оның айтуынша, «жиһадшылардың» кейбірі Түркия, Египет сияқты шетелдерде, кейбірі Қазақстанның өзінде үгітке ерген.

Сирияда соғысып жүрген қазақстандық жиһадшылар деп «ВКонтакте» әлеуметтік желісіне жарияланған видеодан скриншот.
Сирияда соғысып жүрген қазақстандық жиһадшылар деп «ВКонтакте» әлеуметтік желісіне жарияланған видеодан скриншот.

- Содырлардың бірі үгітті араб елдерінің бірінде тыңдағанын, дінсіздерге, күнәһарларға әрі биліктегілерге қарсы күресу ниеті оянғанын айтады. Ол «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымын құру үшін күрестік әрі жиһадқа қатысқымыз келді» дейді. Бұл арада діни және саяси себептер араласып жатыр. Қазір түрмеде жазасын өтеп жатқандардың біреуі «көп ақша төлейміз» деген уәдеге сенгенін, ал Сирияға келген кезде жартылай қираған үйде тұрғанын, аш-жалаңаш болғандықтан, гуманитарлық миссиялар әкелген тамақпен күнелткендерін айтады, - дейді профессор Татяна Дронзина.

«Сириядағы соғыста жүрген 150 қазақ жиһадшы» туралы алғашқы видео интернетте бір жыл бұрын тарап, олардың кейбірін туыстары таныған болатын. Ол кезде Азаттық тілшілері видеодағы «жиһадшылардың» кейбірінің аты-жөнін анықтап, олардың отбасымен кездескен.

Өткен айда «Ислам мемлекеті» радикал діни ұйымы «Қазақстаннан барған» деп сипатталатын жас балалардың әскери жаттығуы түсірілген видео жариялады.

Биыл Қазақстан билігі экстремистік «Ислам мемлекеті» ұйымында қазақстандық 300 азамат бар екенін, оның жартысы әйелдер екенін мәлімдеді.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG