Сербия билігі Палестина басшысы Махмуд Аббастың саяси бәсекелесі Мұхаммед Дахланға азаматтық берген. Сербия премьер-министрі Ивица Дачичтің мәлімдеуінше, Мұхаммед Дахлан мен оның әйеліне, балалары мен отбасының тағы бір мүшесіне және бес серігіне төлқұжат 2013 жылы берілген.
53 жастағы Дахлан - бизнесмен және Махмуд Аббастың бұрынғы көмекшісі, қауіпсіздік қызметінің бұрынғы басшысы. 2011 жылы ол "пара алу және кісі өліміне қатысы бар" деген күдікпен ФАТХ партиясынан қуылып, дипломатиялық қол сұғылмаушылық құқығынан айырылған. Біраз уақыт ол Біріккен Араб Әмірліктерінде тұрды.
Өткен аптада Balkan Investigative Reporting Network ақпараттық желісі "Мұхаммед Дахланның қатысуымен Абу Даби билігі Сербияға миллиардтаған АҚШ доллары инвестиция беруге уәде еткен" деп хабарлаған.
Ресми Белград Дахланға азаматтық беру мен Абу Дабидің Сербия экономикасына инвестиция құюының арасында байланыс барына қатысты түсінік берген жоқ.