Қырғызстан билігі елде тыйым салынған исламшыл "Хизб ут-Тахрир" ұйымына мүше болды деген күдікпен бес адамды тұтқындады.
Нарын облысының құқық қорғау органдары наурыздың 2-сінде облыс орталығы мен ауылдарда жүргізілген тексеріс барысында аты-жөнін атамаған бес адамның үйінен экстремистік сипаттағы діни әдебиеттер табылып, өздері ұсталғанын хабарлады.
Соңғы апталарда Қырғызстанда "Хизб ут-Тахрир" мен басқа да исламшыл тыйым салынған топтарға мүше деген күдікпен ұсталған адамдар көбейген.
Ақпан айында билік орындары ел аумағында "Хизб ут-Тахрир" ұйымына мүше деген күдікпен тағы бірнеше адамды тұтқындаған. Қырғызстан билігі "Хизб ут-Тахрир" "Әл-Қаида" мен "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымдарының жастарды радикалдандырып, Сирия мен Иракқа соғысқа жөнелту стратегиясында маңызды рөл атқарады дейді.
Орталық Азия елдері мен Ресейде тыйым салынған "Хизб ут-Тахрир" өзін бейбіт ұйым деп санайды.