Accessibility links

Құқық қорғаушылар «бірлі-жарым» заңсыздықты ғана айтты


Наразылық шарасына шыққан "Махаббат" тұрғын үй кешені тұрғындарын ұстап жатқан полицейлер. Астана, 16 шілде 2015 жыл.
Наразылық шарасына шыққан "Махаббат" тұрғын үй кешені тұрғындарын ұстап жатқан полицейлер. Астана, 16 шілде 2015 жыл.

Президент жанындағы коммуникация орталығындағы брифингте құқық қорғаушылар Қазақстанда адам құқығын бұзу «жүйелі құбылысқа айналмағанын» мәлімдеді. Алматыдағы өзге белсенділер пікірі басқа.

Астанада президент жанындағы орталық коммуникациялар қызметі брифингінде сөз сөйлеген «Еуразия құқық қорғау орталығы» қоғамдық қоры жетекшісі Еңлік Нұрғалиева «Қазақстанда үкіметтік емес ұйымдардың беделі мықты» деп мәлімдеді. Нұрғалиеваның сөзінше, қазақстандық ҮЕҰ-лар қоғамдық кеңестерге қатысып, өз ұсыныстарын енгізу, заңдарды орындауға қатысу арқылы заң шығару ісіне белсенді араласады. Нұрғалиеваның пікірінше, қоғамдық ұйымдардың белсенділігі Қазақстан тұрғындары еркіндігі мен құқығын қорғау саласында айрықша байқалады.

«БӘРІ ЖАМАН ДЕУГЕ БОЛМАЙДЫ»

Мұндай мәлімдеме соңғы күндері Алматыда өткен тәуелсіз құқық қорғаушылар конференциясында жасалған мәлімдемелермен үйлеспейді. Олар Қазақстанда қоғам «тәуелсіз сот сияқты институттарға сенбейтінін» айтады. Алматыдағы құқық қорғаушылар кездесуі аясында Евгений Жовтис қазіргі кезде құқық қорғау ұйымдарында жұмыс істеу өте қиын екенін әрі қоғамның мұндай күйге ұшырауы азаматтардың еркіндігі мен құқығына қатысты «заңдардың азғындауына» ұласқанын айтқан. Бірақ Астанадағы жиынның бұл сынға айтар уәжі өзгеше.

«Еуразия құқық қорғау орталығы» қоғамдық қоры жетекшісі Еңлік Нұрғалиева брифингте сөйлеп отыр. Астана, 4 тамыз 2015 жыл.
«Еуразия құқық қорғау орталығы» қоғамдық қоры жетекшісі Еңлік Нұрғалиева брифингте сөйлеп отыр. Астана, 4 тамыз 2015 жыл.

— Бәрі жаман деуге болмайды. Қазақстанда адам құқығы саласындағы кейбір заң бұзушылықтар бар, бірақ бұл әлдебір жүйелі құбылысқа айналды деген сөз емес. Әрине, адамдардың құқығы бұзылған жайттар бар.Бірақ біз оларға жол бермес үшін профилактикамен айналысуға тиіспіз. Бірлі-жарым фактілерге бола, оның үстіне, сот үкімдері әлі заңды күшіне енбесе, Қазақстанды жаппай жүгенсіздік жайлаған, анау-мынау деп байбалам салуға болмайды, - дейді Еңлік Нұрғалиева.

Нұрғалиеваның пікірінше, қазіргі жағдайда «конструктивті диалог» қажет және құқық бұзушылықтардың себептерін талқылаған дұрыс.

- Ондай құқық бұзушылықтардың объективті және субъективті себептерін талқылау керек. Мысалы, Жаңаөзен оқиғасы (2011 жылдың аяғында Жаңаөзенде полиция ереуілге шыққан мұнайшыларға қарсы қару қолданған) кезінде бәрі шулап еді, ал ақыры немен аяқталды? Ол кезде де объективті және субъективті факторлар болды ғой. Ақыры мемлекет басшысы өз бағасын берді. Сондықтан әркім, әсіресе ҮЕҰ қалай әрекет етем десе де еркі. Бірақ жала жапқаны үшін заң жүзінде жауапкершілік қарастырылғанын да естен шығармаған жөн, - дейді Еңлік Нұрғалиева.

ЛГБТ. ҚАЗАҚСТАНДА «ШЕКСІЗЕРКІНДІК»

ОКҚ брифингіне Еңлік Нұрғалиевамен бірге келген «Еуразия құқық қорғау орталығы» өкілі Ермек Әбрасулов «Қазақстанда адам құқығын қорғау саласындағы ахуал кейбір әріптестерінің көрсеткендей тым сорақы емес» деп мәлімдеді. Ермек Әбрасулов ЛГБТ өкілдері құқығы мәселесін қозғап, Қазақстанда лесби, гей, бисексуалдар мен трансгендерлерге «шексіз еркіндік берілген» дейді.

— Заң деңгейінде жыныстық азшылық өкілдерінің әлдебір құқығын шектеуді өз басым байқамадым. Керісінше, мен қатысып жүрген ғылыми орталарда «оларға шексіз еркіндік беріп қойды» деген сын көп айтылады. Бұл қырынан алғанда, жыныстық азшылық өкілдерінің құқығын бірлі-жарым бұзу фактілері болғаны рас. Бірақ олар жаппай сипат алған деп ойламаймын. Өйткені өзге елдерде көтеріліп жатқан үлкен проблемаларды біздің қоғамнан байқамадым, - дейді Ермек Әбрасулов.

Құқық қорғау ұйымдарының Алматыда өткен конференциясы. 3 тамыз 2015 жыл.
Құқық қорғау ұйымдарының Алматыда өткен конференциясы. 3 тамыз 2015 жыл.

Шілденің аяғында Human Right Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы жариялаған баяндамасында Қазақстанда лесбилер, гейлер бисексуал және трансгендерлер (ЛГБТ) зорлық-зомбылық пен кемсітушілікке ұшырайды деп көрсеткен. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, жыныстық азшылық өкілдері өшпенділік, озбырлыққа ұшырап, ал ондай әрекеттерге қарсы шара қолданып, тиісті қолдау көрсету механизмдері жоқболғандықтан, қорқыныш пен үрейге толы ортада өмір сүріп жатыр. Жуырда ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салу туралы заң қабылдау бастамасынан кейін бұл қорқыныштіпті күшейе түскен.

Баяндама авторы Кайл Найт Қазақстан билігіне гомофобияға қарсышұғыл шаралар қабылдап, ЛГБТ өкілдеріне қатысты адам құқығын қорғауды қолдауға шақырады. Ұйым сарапшылары Қазақстан билігіне ел заңдарына дискриминациялық нормалар енгізілмейтініне кепілдік беруді ұсынған.

«Еуразия құқық қорғау орталығы» қоғамдық қоры жетекшісі Еңлік Нұрғалиева журналистерге Human Rights Watch ұйымы өкілдерімен талай кездесіп, сөйлескенін, олар «Қазақстандағы кейбір жайттарды кейде дұрыс талдамайды» деп санайтынын айтты.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG