Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайында бүгін қазақстандық суретші Молдахмет Кенбаевтің туғанына 90 жыл толуына арналған суретшінің жеке көрмесі ашылды. Көрмеге суретшінің 40-қа тарта картинасы қойылған. Олардың жартысы - мұражайы қорында тұрған, жартысы - туыстарынан жиналған шығармалар.
Далалық көшпелі халық мәдениеті жанрын қамтыған Молдахмет Кенбаевтің еңбектерінде тұрмыстық көріністер, малшылар мен диқандардың еңбегі, туған жер табиғаты, портреттер бейнеленген. Көрмеге қойылған еңбектері арасында Кенбаевтың "Жылқы ұстау", "Әңгіме үстінде", "Сабан той" триптихы, "Әліби Жангелдиннің отряды" сияқты танымал картиналары бар.
1925 жылы туып, 1993 жылы қайтыс болған Молдахмет Кенбаев - тың игеру тақырыбында картиналар салған алғашқы суретшілердің бірі. 1985 жылы оған "Халық суретшісі" атғы берілген. Өнертанушылар суретшінің картиналарын ұлттық болмысқа өте жақын және заман лебімен үндеседі деп санайды.
Сурет көрмесі 10 қыркүйекке дейін жалғасады.