Талдықорғанда бүгін құрылыс басында қаза тапқан екі жұмысшы жігіттің отбасыларына бір миллион теңгеден ақша беріледі деп мәлімдеді Алматы облыстық әкімдігінде.
25 жастағы Жасұлан Жантабаев пен Серік Қонарбаев бүгін таңертең Талдықорғандағы «Арман» зауыты маңындағы ауданда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан ғимараттардың бірінде бес қабаттық биіктіктен жерге құлап кетіп мерт болған. Жарақат алған тағы үш адам облыстық ауруханаға жеткізілген. Оларға 300 мың теңгеден өтемақы төленеді деген уәде айтылды.
Қаза тапқандар мен зардап шеккендерге төленетін өтемақы шығындарын «Арман» зауыты ғимаратын шағын отбасылық көппәтерлі тұрғын үйге келтіріп қайта жөндеу жұмыстарын атқарып жатқан мердігер компания – «СНУКЕР» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өтеуге уәде берді деп хабарлайды Қазақпарат агенттігі.